БАС РЕДАКТОР ТУРАЛЫ

Бас редактор дегеніміз – погонсыз генерал, атақ-дәрежесі рәсімделмеген ғылым докторы, патентсіз өнертапқыш, лицензия алмаған конструктор, халықтық дипломатияны бойына терең сіңірген мәмілегер.

 

Погонсыз генерал болатының – газет бетінде  стратегияны белгілеп, түрлі тактика қолданасың. Билік пен оқырманның арасында елшілікке жүресің. Түн ортасында, басылымның соңғы бетін баспаханаға жіберер алдында: «Осы материал қалай өзі?» дейтін қиын жағдайлар туындайды. Ол кезде саған ешкім көмекке келмейді. Мұндайда тек білім мен білігіңе, ішкі интуицияңа сүйенесің. Сөйтесің де ұстараның жүзінде отырып, ең соңғы шешімді қабылдайсың. «Тәуекел!» дейсің. Сөйтіп, генерал секілді мылтықсыз майданды басқаруыңа тура келеді.

Патентсіз өнертапқыш дейтінім, газетті оқыту үшін үнемі тың идея ойлап табуға тиіссің. Жаңа тақырып, жаңа кейіпкер, жаңа айдар, жаңа коллаж, жаңа штрих… Соның бәрімен газетті күн сайын қамтамасыз етуің керек. Ендеше, өнертапқыш емей, кімсің?

Лицензиясыз конструктор дегеніміздің мәнісі мынау: Басылым бетінде жарияланатын материалдардың бәрін де қолмен құрастырасың. Бұзып, қиратып, газетке лайықтап, қайта жасап шығасың. Автор ойына ой қосасың. Жөндейсің, қырнайсың, аударасың, біріктіріп, кірік-тіресің… Сонда конструктордан нең кем?

Ал, атақ-дәрежесі рәсімделмеген ғылым докторына теңейтінім, үнемі форма іздейсің, терминге балама табуға әрекеттенесің, «академикпін» деп жүргендердің өзінің ойын кеңейтіп, материалдарын олар білмейтін фактілермен жұтындырып, байытасың. Намыстанбай-ақ қойсын, грамматиканың үтір, нүкте, сызықша, қысқарған сөз сияқты сан алуан иірімдеріне келгенде кей ғалымдарымыздың өзі, қайраткерлеріміздің көбі шатқаяқтап қалады. Міне, соның бәрін сен тіл білімі ережесіне сәйкес орын-орнына дұрыс қойып бересің. Кейде сондай сәттерден жаңалық та ашылып қалуы ғажап емес. Мысалы, Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің атақты «Абай жолының» жанрын анықтап берген ешқандай әдебиет теоретиктері емес, сол кітапты шығаратын баспаның редакторы Сергей Дароян еді ғой. Ол: «Бұл шығармаға «сериялы роман» деу жараспайды. Кең тынысты, ауқымды ойды бейнелейтін «роман эпопея» деу керек»,-деп атақты туындының болмыс-бітімін дәл тапқан ғой. Олай болса, энциклопедиялық білімге ие эрудит редактордың да өзін ғылым докторы секілді сезінуге құқы бар.

Енді «Бас редактор – халықтық дипломатияны бойына терең сіңірген мәмілегер» дегенге келетін болсақ, ол ел мен елді бітістіріп, байланыс орнататындай рөлде жүрмесе де, редакцияға алуан-алуан мүдде көздеп,  сан қилы мақсат, неше түрлі мінезбен келетін адамдардың аптығын басып, көңілін жайландыратын, мәселесін шешіп беріп, тілін табатын немесе логикасының күштілігімен дәлелді уәж қайтаратын дипломат, мәмілегер емей, кім? Мен бас редактор деген ұғымды осылайша түсінемін.

 

Жанболат АУПБАЕВ,

«Егемен Қазақстан» газетінің

бас редакторы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз