БАС АЛАҢДАҒЫ ОТ-ШАШУ

Жылқы жылын шығарып салу мен Жаңа қой жылын қарсылау Атырау қаласында айтарлықтай дәрежеде өтті. Бұл күні қала қонақтары мен тұрғындары облыс орталығындағы Исатай-Махамбет алаңына қарай ағылды. Жетектеген немере, көтерген жас баламен жүрген жұртта тіпті есеп жоқ.

Осы жерден кішкентайлардың асыға күтетін Аяз атасы мен Ақшақары да табылды. Көпшілік арасында Атырау қаласында тұратын бала-келіндері мен қыз-күйеулеріне қыдырып келген ата-аналар да, құрбылар мен құрдастар да, шетелдік компанияларда жұмыс жасайтын өзге ұлт өкілдері де болды. Олар алаң сахнасынан жергілікті әншілер – Әсет Әлиев, Бақтыгүл Ізбасарова, Мерей мен Мейіржан Қабдоловтар мен «Жаңа толқын» ән байқауының жеңімпаздары – Елдар Қойшыбаев, Айдана Ижапқұлова, Нұрайым Әзидолла, Зарина Қабдолова, Ринат Ақбаевтардың орындауындағы жаңажылдық әндерді тыңдап, көңілдерін көтерді.

– Біз көрші Ақтөбе мен Ақтау қалаларынан келдік. Осында сексеннен асқан ата-аналарымыз тұрады. Жыл сайын осы айтулы мерекеде оларға келіп, бала-шағамызбен құттықтап кетеміз. Екеуі осы жерден кеткілері келмейді. Қолдарында кіші ұлы мен келіні, төрт немересі бар. Ал, біз келген сайын гүлденіп, жайнап тұрған Атырауға таңғаламыз. Бүгінгі жаңажылдық концерт ұсынған Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының ұжымына дән риза болдық. Шіркін, туған жер, оның әні де, сазы да, халқы да ерек-ау! – дейді он бес-жиырма адам болып жүрген Жұмағалиевтар отбасы.  

Бес сағатқа созылған жаңажылдық шара барысында түрлі ойындар ойналып, тамаша шоу-бағдарлама көрсетілді. Соңынан от-шашу шашылды. Алаңда өткен концерт түн жарымында аяқталса да, екі-үшеуден, топпен серуендеп жүргендер таң атқанша сейілмеді. Қош келдің, қой жылы!

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз