«Барыс» атанған студент

519659b288b69 Жаңалықтар

            №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде  қазақ күресінен тұңғыш рет өңіріміздегі  жоғары  және арнаулы  оқу орны студенттерінің арасында «Студент барысы»  атты облыстық турнир болып өтті.

519659b288b69

            Спорт ғимаратының үлкен залы қазақ күресінің бекітілген стандартына сай безендіріліп, ортасына   боз кілем төселіп, екі қапталына бір-бір ақ шаңқан киіз орнатылды. Сайыстың шарты бойынша бұл турнирге салмағы 60 келіден 80 келіге дейінгі және жас мөлшері 15-22 жас аралығындағы студенттердің қатысуларына мүмкіндік беріліп, аталмыш дода тізіміне 38 балуан тіркелді.  Сайыстың салтанатты ашылуында қос киіз үйден қазақы шапанмен  шыққан осы өрендердің тізбегі сайыстың көркін одан сайын әрлендіріп, көрер көзді сүйсіндірді. Жарысты тамашалауға келген қалың көпшілікті еш жалықтырмаған 40-қа жуық белдесу қызықты әрі тартысты өтті. Белдесулер барысында балуандар саны азайған сайын бәсекелестік арта түсіп, боз кілемдегі әр жұптың күресі көрермендердің делебесін қоздырып отырды.

Жарыстың нәтижесінде Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Фархад Серіков ақтық сында Атырау агро-техникалық колледжінің студенті Нұрсұлтан Абуовтен басым болып «Студент барысы-2018» атанды. Ал, Атырау мұнай және газ институтының студенті Мухамедали Самиғоллаев  үшінші  орын үшін болған кездесуде  аталған университет студенті Парасат Жұмабайды ұтты. Сонымен қатар, осы сайыс барысында Бекет Жүнісов, Қайрат Баданов, Аманжан Аралұлы, Ақжол Дәулен, Сұлтан Өтешев сынды балуан-студенттер жақсы ойын өрнегін көрсетті.Өздерінің оңай шағылар жаңғақ емес екендіктерін көпшілікке танытты.

Сондай-ақ, алғаш өткізіліп отырған осы турнирге ережесіз жекпе-жектен әлемнің екі дүркін чемпионы және әлем кубогының иегері Ардақ Назаровтың арнайы қонақ болып келуі жарыстың мәні мен сәнін  одан сайын арттырды. Жеңімпаздарды марапаттау кезінде белгілі спортшы қатысушыларға өзінің ыстық лебізін білдіріп, бірінші орын иемденген Фархадқа 150 мың теңгелік сертификат тапсырып, балуанның беліне  «Студент барысы» арнайы белдігін тақты. Тиесінше, екінші орын алған балуан 100 мың теңгелік, үшінші орын иегері 50 мың теңгелік сертификатқа қол жетізді.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз