БӘРЕКЕЛДІ! Жылойлық жастар жалғызбасты анаға жаңа баспана сыйлады! (+ФОТО)

img 20200614 wa0034 Жаңалықтар

Аtr.kz/15 маусым, 2020 жыл. Биылғы наурыздан бастап жылойлық жастардың ұйымдастыруымен мұқтаж жандардың ескі үйін жаңа баспанамен ауыстыру үрдісі қалыптасқан еді. Сол игі дәстүр жуырда тағы да жарасымды жалғасын тапты.    

Нақтырақ айтқанда, Құлсары қаласында ескі ғимаратта тұратын жалғызбасты анаға тура кеше ғана жаңа баспананың кілті табыс етілді.  «Көп түкірсе, көл» демей ме, қайырымды шараға аудан тұрғындары қаржылай қолдау көрсетті. Сондай-ақ, көптеген жас кәсіпкерлер мен іскер азаматтар үй құрылысына тікелей өздері атсалысты.

Осылайша, Құлсары қаласындағы сегізінші ауыл тұрғындары Диас пен Абылай  бастаған жақсылықты аудан жігіттері жалғады. Олар жұмысшы жалдамай, өз қолдарымен үйдің іргетасын құйып, құрылыс жұмыстарымен де өздері айналысты.  

Құрылысқа қажетті цемент, ПГС, қайыршақтас, топырақ және басқа да заттарды аудандағы алыстан ауыр жүк таситын «Камаз» жүргізушілері жеткізіп берді. Міне, «біздің кермет жігіттер» деп осыны айтыңыз, сірә!

Сонымен, бүгінгінің батыр­лары кімдер? Олар – Жылыой ауданындағы сегізінші ауылдың Диас Ибатаев пен Абылай Төлепов бастаған қырық тұрғыны. Бәрі де Тәуелсіздіктің түйдей құрдастары екен. Олардың айтуларынша, ешқайсысы ерікті боламыз деп ойламаған. Өйткені, әркімнің өз жұмысы мен отбасылық шаруалары бар.

– Өзім «Теңізшевройл» мекемесінде ауысыммен еңбек етемін. Яғни, ауылда көп бола бермеймін. Ал, жақсылық жасау жөніндегі ой аяқ асты­нан келді. Өзіміздің туған ауылымызға бір жақсылық жасайық деген ниетпен өткен жылдың соңында құрдастар бо­лып бас қостық. Мақсатымыз – өте ескі, адам төзгісіз жағдайда тұрып жатқан көп балалы анаға көмектесу еді. Осы оймен шағын лашықты арнайы барып көрдік. Содан менің есепшотым арқылы халықтан қаражат жинауға кірістік. Міне, жарқын бастама осылай басталды, – дейді Диас бізбен әңгімесінде.

img 20200614 wa0031

Осындай жігіт ағаларының үлгі боларлық үлкен ісіне сүйсінуші ауыл жастары да қарап қалмады. Олардың бірі үйдің төбесін жапса, енді бірі ішін майлап, сыртын сайлады. Тағы бірі көздің жауын алар көркем тастармен аула ішін жайнатып жіберді. Басқалары жарық пен жылу, газ бен су желілерін жүргізді. Ал, қыз-келіншектер жағы терезеге арналған әдемі жапқыштар тігіп, шеберліктерін танытты.

Иә, мұның бәрі бір адамның қолынан келер ме? Тек «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» жұмыс жасағанда ғана осындай нәтижеге қол жеткізуге болады. Демек, біріккен істің берекесі бар деген сөз. «А» деп аузын ашса, жүрегі көрінетін жомарт жандар үй ішін жиһаздармен толтырып тастады.  

Иә , жақсылық жа с ау адамның жасына, қызметтік дәрежесіне байланысты емес. Бұл әр адамның қолынан келеді. Бір қызығы, әуел баста жастар жалғызбасты анаға жаңа пәтер алып беруді ұсыныпты. Бірақ, отбасылық құндылықтарды қатты құрметтейтін Бақтыгүл бұдан бас тартып, қара шаңырағын сақтап қалғысы келетінін айтқан. Осының өзінен, жастардың мақсаты жай ғана баспана салу емес, мұқтаж жанның көңілі қалаған үйді тұрғызып беру екенін айқын аңғаруға болады.

Бүгінде жаңа қонысқа қолы жеткен Бақтыгүл Сейітқалиеваның қуанышында шек жоқ. Ол өзінің бұған дейін орталық базардың қасындағы құлағалы тұрған ескі лашықта тұрғанын айтады.

«Менің үйімді көрген кез­де жастар қатты таңданды, әрі қапаланды. Өйткені, олар мұнайлы шаһардың қақ ортасында мұндай тұрғын жайлар болады деп ойлама­са керек. Жұбайым осыдан тоғыз жыл бұрын дүниеден өткен. Ал, өзім қант диабетіне шалдыққандықтан, жұмыс жасай алмаймын. Мені бүгінгі жастардың жомарттығы м е н е ң б е к қ о р л ы ғ ы қуантады. Қиындықта жалғыз қалдырмай, қол ұ ш ы н б е р г е н б а р ш а жылыойлық тұрғындарға аналық алғысымды айтамын» деді қуаныштан көз жасына ерік берген ана.

Салтанатты рәсімде осынау қуаныш иесіне кілтпен қоса үй құжаттары да тапсырылды. Ендеше, жақсылық жасауға жаны құмар жастар қатары қалыңдай берсін деп тілек білдірейік!

Нұрғиса САРСЕНҒАЛИ

img 20200614 wa0033
ЖАЙЛЫ БӨЛМЕЛЕР
img 20200614 wa0032
ЖАҢА ҚОНЫС

Ал, баспанаға мұқтаж ананың ескі үйінің көрінісі мынадай:

img 20200614 wa0035
img 20200614 wa0036
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз