БАЛЫҚ ӨЛІМІНЕ ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІСІ НЕДЕ?

54361681 649365705498099 4728314390766419968 o Жаңалықтар

Atr.kz/ 29 наурыз, 2019 жыл. Биыл балық шаруашылығы айналасындағы проблемаларға жергілікті және орталық билік шындап назар аудара бастағандай. Өкінішке орай, бұған балық жаппай қырылғаннан кейін ғана көңіл бөлінуде.

Әйтпесе, айтылып та, сан мәрте жазылып жүрген көкейтесті мәселелердің көтерілгеніне біраз уақыт болды.  Әйтеуір, кезекті науқаншылдық басып кетпесе екен деп тілейміз әзірге. Сонымен, мәселенің мәнісі…

Балық шаруашылығы проблемасына қатысты жиын Атырау облысы кәсіпкерлер палатасында да өтті. «Атамекен» Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Ыдырысов жиынды ашып, салаға қатысты өзекті проблемалардың негізгі түйіндеріне тоқтала кетті.

Ресейде балық аулауға лимитті 15 жылға дейін берсе, бізде 1 жылға беріледі және 1 келі балыққа төлем 28 теңге. Ал, көрші мемлекет лимит балығына Қазақстандағыдан 47,5 есе көп төлейді. Әрі балық шаруашылығы да дамып келеді, әрі қазірдің өзінде балықшылары пайдаға кенеліп қоймай, балық қорының молаюына өздері мүдделі.

Мәселен, Қазақстанда балық шаруашылығын реттеп отыратын «Балық шаруашылығы туралы» заң жоқ. Тиісті министрлік те КСРО-мен бірге құрдымға кетті. Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті толыққанды балық проблемасын шеше алады дегенге сену қиындау. Әйтпесе, осы саланың түйіткілді проблемалары тап бүгінгідей қордаланып қалар ма еді?

Осы саланың өзінен қыруар пайда табуға болатын еді деп есептейді балықшылар. Мысалы, кәсіпкерлер палатасы директорының ауылшаруашылығы жөніндегі орынбасары Серік Сарсекеновтың айтуынша, ауланған балықтың 80%  эскпортқа шығарылады екен. Осы мөлшерді көбейтуге де болар еді, өкінішке орай, мәселені жіті зерделемеу көптеген қиындықтарды тудырып  отырған көрінеді.

Айталық, өткен жылы қараша айында кәсіпкерлер палатасы арқылы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы атына облыс өңірінде қанша балық өсіруге ыңғайлы немесе өр суынан соң қалатын көлдердің санын анықтау үшін сауалнама жолданыпты. Жауапта бар болғаны Жайық өзенінен бөлінген Старица тауарлы көлі туралы ақпарат берілді. 

Ен Жайықтың тасуынан тек қана бір көл қалады дегенге кім сенеді?  ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Қазақстан бойынша 1000 көлде балық өсіруге арналған бағдарламасында Атырау облысынан бірде- бір көл қамтылмапты. Неге? Әлде, Атыраудың мұнайы ғана керек те, басқасы, оның ішінде балық шаруашылығы, өшіп тынса да бәрібір ме?

Тағы бір мәселе лимитті бөлуге қатысты. 2014 жылдан бері қарай лимитті бөлу 19 мыңнан 10 мыңға дейін түсті. Тиісінше оны  орындау да оңып тұрғаны шамалы. Соңғы екі жылда ғана 80%-дан сәл ғана асқан, басқа жылдары 70%-ға әзер жетіп-жығылыпты. Тағы бір мәлімет: 2014 жылдан бері ауланған балықтың көлемі 12-13 мың тонна, 2017-2018 жылдары 10 мың тоннаның көлемінде болған.

Айта берсе, тізбектеліп, таусылмайтын себеп көп. Нақтысында сол лимитті бөлу мәселесінде шырғалаң да аз емес. Мысалы, Қазақстанда балық аулау лимиті шектеулі және балық аулауға  рұқсат беру бюджетке алдын ала төлемдердің жоғарылығы шектеу болып отырған көрінеді Серік Сарсекеновтың пікірінше.

Екіншіден, көптен бері айтылып жүрген тағы бір мәселе – шекарашыларға қатысты. Атырау облысындағы балық шаруашылығы кәсіпорындары өз қызметін шекара аймақтарындағы айдындарда, соған таяу маңда орналасқан жерлерде жүзеге асырады. Әрине, осыдан шығатын болсақ, шекарашылармен тығыз қарым- қатынас жасауға тура келеді. Өкінішке орай, көптеген жағдайда балықшылар шекарашыларға өкпелі. 

Балық аулауға рұқсат беру, ауланған балықты тиісті жеріне тапсыру үшін шекара бекеттерінен өтуге келгенде, шекарашылар өз талаптарын кейде асырыңқырап жіберетін сыңайлы. Балықшылар бұған амалсыздан көніп отыр, дегенменен, «Ресейдегідей шекарашылар мен балықшылар арасындағы қарым- қатынасты реттеуге болатын еді ғой?» деп, балықшы шаруашылықтарының өкілдері өкпесін алға тартып отыр.

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев рұқсат беру мәселесіне қатысты проблемалар зерделеніп жатқанын атап өтіп, тиісті құжаттарды арнайы халыққа қызмет көрсету орталығынан да реттеу жөнінде ұсыныс дайындалғанын тілге тиек етті.  

Таяуда ғана Сенат спикері Дариға Назарбаева: «Жайық кеуіп барады. Көріп тұрғаныңыздай, қаншама балық қырылып жатыр. Бұл сұмдық жағдай. Алдағы он жыл нақты әрекеттерге кірісуге емес, бұл мәселені шешу жолдарын қабылдауға кетеді ма деп қорқамын», – деді.

Енді  биік мінберден айтылған мәселенің айтылуы ғана емес, шешілуі де жақын болғаны абзал. Өйткені, «Балық шаруашылығы туралы» заң қабылданбайынша,  өзен- көлдердің, жалпы балық шаруашылығындағы көптеген мәселелер тек қана науқаншылдық сипатта шешілуі ықтимал. Бұл мамандардың пікірі. Келіспеске лаж жоқ.

Қаршыға КӨШЕКОВ    

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз