Балық шаруашылығы бизнес көзіне айналса…

54255953 649365638831439 8721276160790495232 o Жаңалықтар

Atr.kz/4 сәуір, 2019 жыл. Бүгінде еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі мың көлде балық өсіру бағдарламасын іске асырып отыр. Бірақ, бұған Атыраудан бірде-бір көл енгізілмеген. Неге?

Жалпы, өңірде балық аулаумен айналысатын барлығы 18 жеке шаруашылық бар. Оның сыртында, екі ғылыми-зерттеу орталығы мен екі мемлекеттік бекіре балықтарының шабақтарын өсіретін кәсіпорын жұмыс жасайды. Биылғы балық аулау маусымына орай министрліктен батыс өңірлерге 18 мың тоннаға жуық квота бөлінген. Соның 15 мың тоннасын атыраулық балықшылар аулайды. Әйтсе де, балықшылардың айтуынша, осы шектеулі мерзім ішінде жоспарды толық орындауға кейбір заңнамалар кедергі келтіреді екен.    

– Бұл маусымдық жұмыс болғандықтан ерен еңбекті талап етеді. Екіншіден, бір маусымды толықтай пайдалана білу керек. Ал, заңнама бойынша тек күндізгі уақытта ғана балық аулауға рұқсат беріледі. Қалған уақытта тыйым салынады. Шындығына келгенде, бұрын ондай заң болмаған еді. Соны қайта қарап, түзетулер енгізу керек деп есептеймін. Енді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, құзырлы мекемелерге хат жазатын боламыз, – дейді балық шаруашылығы қауымдастығының Атыраудағы өкілі Санат Тілепбергенов.  

Ал, өңірдегі шағын көлдерде балық өсіру ісі неге қолға алынбайды? Бұл бағытта аудандық әкімдіктер мен мәслихат депутаттары жұмыстанып жүргені айтылады, бірақ нәтиже жоқ. Осы орайда, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Серік Сәрсекенов мәселенің тек заң арқылы ғана шешілетіндігін алға тартады. 

– Су тасыған шақта көптеген көлдер теңізге жетпей кесіліп қалады, – дейді ол. – Соларды су маржанын сүзетін жеке шаруашылықтарға неге бекітіп бермеске? Бұл үшін арнайы заң да қарастырылған. «Жануарлар дүниесін қорғау» заңының 10-шы бабында бәрі егжей-тегжейлі жазулы тұр. Сондай-ақ, жергілікті мәслихат, аудан, селолық округ әкімдерінің есептерін тыңдау керек.

Сайып келгенде, елімізде балық аулауға рұқсат алу үшін алдын ала бюджетке төлем жасалады. Сонымен бірге, балық аулау лимиті бір жылға ғана беріледі. Бұл да инвестор тартуға көп кедергі келтіреді. Ал, көршілес Ресейде мұндай мүмкіндік 15 жылға дейін беріледі екен. Олай болса, сол тәжірибені біздің елде де негізге алуға болмас па?!   

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз