БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ

Атыраудағы  Нәдіров  оқуларының  арқауы  болды

Атырау мұнай және газ институтында ХІ халықаралық ғылыми Нәдіров оқулары өтті. «Мұнай-газ кешеніндегі балама энергетика және энергия үнемдеу» тақырыбында өткен алқалы жиынға еліміздің, Ресей мен Әзірбайжан, Өзбекстанның белді ғалымдары,  мұнай-газ ғылымының, техника және өндіріс саласының  мамандары,   академиктер, жоғары оқу орындарының профессорлары, магистранттар, ірі өндіріс орындарының жетекшілері мен студенттер қатысты. Халықаралық Н.Нәдіров оқулары ғылыми жұмыстар мен инженерлік саланы және оқу үдерістерін заманауи тұрғыда жетілдіру мақсатында  2001 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

 

Халықаралық Нәдіров оқуларын аталмыш оқу орнының ректоры, профессор Дүйсенбек Құлжанов құттықтау сөзімен ашты.

– Бүгінгі кездесу тақырыбы өте өзекті. Өйткені, энергетикалық қауіпсіздік – планета болашағының  шешуші факторы. Жаңа энергетикалық технологияларды өмірге әкелу – экономикалық өсім мен тұрақты дамудың кепілі. Сол себепті, энергия үнемдеу және баламалы қуат көздерін дамыту-қазіргі кезең тұрғысынан алғанда маңызды мәселе. Және осы мәселенің шешу жолдарын іздеу мен ұсыныстар шығару ХІ халықаралық Нәдіров оқуларының негізгі мақсаты болып табылады.

Біз ертеңгі күні ұрпағымыз энергия тапшылығына ұрынбауы үшін бүгіннен бастап болашақ энергияны дамытуымыз керек, – деді ректор.

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Нәдір Нәдіров – мұнай химиясы және мұнай өндіру жұмыстарының қазақстандық ғылыми мектебін қалыптастырған әлемдік деңгейдегі ғалым, 800-ден аса жарияланымның,  27 монографияның, 300-дей ғылыми еңбектің, бес ғылыми жаңалықтың авторы. Қазақ КСР-нің ғылым мен техникаға еңбек сіңірген қайраткері және мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО Құрметті мұнайшысы, КСРО-ның үздік  өнертапқышы, И.М.Губкин атындағы сыйлықтың иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет», «Достық», «Парасат» ордендерінің кавалері  және тағы басқа көптеген атақтармен марапатталған. «Мұнай және газ» ғылыми-техникалық журналының бас редакторы.

Жиын барысында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан алқалы жиынның ашылуымен құттықтаған  облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев мұндай ғылыми жиындар жас және тәжірибелі ғалымдардың ғылым жолындағы өз көзқарастарын ортаға салып, пікір алмасатын қоғамдық  мінберге айналып отырғанына тоқталды.

– Бүгінде ғылым мен техниканың жетістігі адамзат өркениетін инновациялық дамудың даңғыл жолына жетелеуде. Бүкіл әлем болып қазіргі кезде энергия көздерін үнемдеу үшін ғылымды жаңа өркениетке бұрды. Қазақстан үкіметі 2012 жылы «Энергияны үнемдеу және қуат көздерін арттыру туралы» Заң қабылдады. Тұрақты даму тұжырымдамасын дайындады. Ол тұжырымдама аясында қоршаған ортаны сауықтыру тәсілі ретінде баламалы қуат көздерін дамытудың міндеттері алға шықты. Елбасы өзінің «Қазақстан – 2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты стратегиясында «көмірсутегі шикізаты нарығында ірі ойыншы болып отырып, біз энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытуға, күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізуге тиіспіз», – деп атап көрсетті, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Исламұлы, осы орайда, облыста жаңа екі мектеп күн мен желдің баламалы қуатын пайдалануға арналған жобаларды қарастырып жатырғанын жеткізді. Тиімді, әрі нәтиже беретін жобалар 2017 жылы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне жолдама алады.

Жиын барысында ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Бақытжан Жұмағұловтың атынан сөз алған экономика ғылымдарының докторы Мағауия Шырдабаев ғалымның еңбектеріне тоқталды.  

Ал, пленарлық отырыста академик Нәдір Нәдіровтің мұнай-газ өнеркәсібінің мәселелері мен болашақ энергетикасын талдаған баяндамасы өзектілігімен ерекшеленді. 

– Алдымен, облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлына алғысымды білдіремін, – деп бастады сөзін ғалым. – Бүгінде адамзат мұнай-газ өнімдерін пайдалануды азайтып, баламалы қуат көздерін өндіруге бет бұрып келеді. Еуропа «2020» деген бағдарлама қабылдады. Бұл – 2020 жылы энергия тұтынуды төмендету деген сөз. Біздің елімізде де осы бағытта іргелі ізденістер жүргізілуде. Мемлекет басшысы 2050 жылы энергияны екі есе үнемдеуді ұсынды. Бұл энергия үнемдеудің аспектілерінің бірден бірі. Қазақстан аумағындағы  күн энергиясы  бүкіл әлем қолданып отырған энергиядан 25 есе көп. Ендеше, бұл энергияны қалай пайдалануға болады? Ғалымдарымыз бұл бағытта зерттеулер жүргізуде. Бүгінгі конференцияда да  мұнай-газ кешеніндегі балама энергетика және энергия үнемдеудің жолдарын қарастырмақпыз, – деп атап өтті отандық мұнай ғылымының атасы Нәдір Кәрімұлы.

Шара аясында ТМД  елдерінен  жиналған ғалымдар жаңартылған энергия көздерін пайдалану жағдайы мен келешегі, энергия үнемдеу технологиялары, қолданбалы көмірсутек отындарының энергоэкологиялық тиімділігі, балама энергия және энергия үнемдеу көздерін пайдаланудың әлеуметтік-экономикалық мәселелері мен инновациялық технологиялар төңірегінде баяндамалар оқып, талқылады. Қорытынды мәжілісте үздік баяндама авторлары медальдармен, сыйлықтар және мақтау қағаздарымен марапатталды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз