«…Балаларды құтқаруды ойладық»

roraparp Жаңалықтар

Atr.kz/15 мамыр, 2020 жыл. Мемлекет басшысының Жарлығымен Атырау қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары, полиция капитаны Қуандық Сүйіндіков пен полиция аға лейтенанты Тимур Балмағамбетов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Бейбіт күннің батырларына мемлекеттік награданы ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев табыс етті.

Еске сала кетсек, полиция қызметкерлері биылғы қаңтарда Жайық өзенінде мұз астына түсіп кеткен екі баланы құтқарған еді. Қауіп-қатерге бас тіксе де, олар өздерін батыр санамайды.

«Біз тек балаларды құтқаруды ғана ойладық. Біздің орнымызда өзгелер болса, олар да дәл солай әрекет етер еді» дейді олар.

Бейбіт күннің батыры атанған полицейдің бірі Қуандық Сүйіндіков сол күнгі оқиғаның қалай өрбігенін былайша еске түсіреді:

–Биылғы 4 қаңтарда полиция аға лейтенанты Тимур Балмағанбетовпен бірге кезекшілікте едім. Кешкі сағат 19.40-та кезекші бөлімінен Жайық өзеніне төрт баланың суға батқаны жөнінде шұғыл хабар түсті. Дереу қызметтік көлігімізбен Жайық өзенінің жағасына жеттік. Кешкі мезгіл болғандықтан, айнала қараңғы еді. Оның үстіне қалың тұман түсті. Өзен үстінен ештеңе көрінбейді. Тек балалардың «Құтқарыңдар!» деген дауысы үзіліп естіледі.

Дауыс шыққан жаққа бағыт алдық. Тез жеткіміз-ақ келеді. Бірақ, мұздың үстімен жүгіруге болмайды. Өйткені, жұқа мұз ойылып кетуі мүмкін. Мұз үстімен еңбектеп жүруге тура келді. Бұл жерде балаларды кінәлауға болмайтын шығар. Кезінде өзіміз де балалық жасадық қой. Бұлар да ойынның қызығымен қараңғының түскенін байқамаған. Мектеп жасындағы төрт бала мұз үстінде ойнап жүріп, жағадан 15 метрге дейін алыстаған. Жұқа мұз ойылып, төртеуі де суға түсіп кеткен. Біреуі 102 нөміріне телефон шалып үлгеріпті. Екіншісі өз бетімен мұз үстіне шығып үлгерген. Ал, біреуі суға батып, оны құтқарып қалу мүмкін болмады.

Біз балалардың дауысы шыққан тұсқа жақындағанда, мұздан екі баланың басы көрініп тұрды. Тимур екеумізге бірдей жақындауға болмайды. Себебі, біздің салмағымызбен мұз одан сайын ойылып кетуі мүмкін. Сондықтан, әріптесім менің аяғымнан ұстап, мен балаларға қолымды создым. Әуелі біреуін, кейін екіншісін судан шығарып алдық, – деді ол.

Сұхбаттасушымыздың айтуынша, шұғыл хабарды алғаннан кейін «жедел жәрдемге», төтенше жағдай қызметіне хабар берілген. Құтқарылған сәтте балалар әбден жаурап, тоңған. Киімдері де суға малшыныпты. Қол-аяқтары құрысып, сөйлеуге шамалары келмеген. Осы себепті құтқарушылары олардың үстіндегі су киімдерді шешіп, өздерінің киімдеріне орап алыпты. Сөйтіп, жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырған.

Ғазиз МҰСТАФА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз