Бақтыбек Таубаев: «Бұл науқан саясат сахнасына мүлде жаңа адамдардың келуіне ықпал етуі мүмкін»

007 14 Жаңалықтар

Atr.kz/ 12 сәуір, 2019 жыл. Соңғы кезде Қазақстанның саяси аренасы үлкен өзгерістерді бастан өткеріп жатыр. Соның ішінде, Қазақстанда биліктің ауысуы әлем назарын аударған оқиға болды.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаевтың айтуынша, Конституциялық заңнамалар тұрғысынан қарағанда,  іс басындағы Мемлекет басшысы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындай алады. «Және бұл науқан саясат сахнасына мүлде жаңа адамдардың келуіне де ықпал етуі мүмкін. Жаңа адамдардың келу, келмеуі – саяси партиялардың лайықты кандидаттарды ұсына білуіне байланысты. Тағы бір ерекше айта кетерлігі, Қазақстанда биліктің ауысуы бейбіт жағдайда, заңға сәйкес орын алып жатыр. Тарихи жағдайда мұны біз белес деп бағалай аламыз. Себебі, әлем тарихында, сырт мемлекеттер тәжірибесінде билікке таластың соңы қандай жағдайлармен аяқталып жатқанын да білеміз. Демек, Қазақ елінде биліктің бейбіт, қоғамдық келісім жағдайында ауысып жатқандығын халқымызға ортақ жетістік ретінде бағалауы қажет.

04a8ef71e0a3923cd460fc461888b281 Generic

Рас, Тәуелсіздік жылдарында еліміз әлеуметтік, экономикалық тұрғыда толағай табыстарға қол жеткізді. Қазақстан ТМД кеңістігінде алғашқылардың бірі болып нарықтық экономикаға көшті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының нәтижесінде, Қазақстан экономикасына шет мемлекеттерден инвесторлар келе бастады. Қазақ жеріне алғашқы болып келген инвесторлардың қатарында әйгілі Шеврон компаниясы да бар. Тәуелсіздік елең-алаңында Қазақстанды өзге мемлекеттердің шикізат секторы ретінде қабылдағаны белгілі. Қазір жағдай 180 градусқа өзгерді.

Біріншіден, Қазақ мемлекетінің әлемдік экономика нарығына беруші емес, алушы мемлекет ретінде баруына толықтай әлеуеті жетеді. Алысқа бармай-ақ, бастауын Кеден Одағынан алатын Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін кедергісіз экспорттап отыр. Аталмыш одаққа мүше елдерден Қазақстанға инвестициялар ағымы 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 864 миллион долларды құрады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда, 38 пайызға жоғары көрсеткіш.

Қазақстан үшін бүгінде Дүниежүзілік сауда ұйымына да жол ашылып отыр. Біздіңше, Қазақстан билігіне келетін жаңа басшылық экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарып, экспорттау мәселесін басты назарда ұстауы тиіс.

Екіншіден, әлемдік геосаяси картадағы ахуал сәт санап өзгеріп жатыр. Батыс пен Шығыстың арасындағы ахуал өз алдына бөлек тақырып. Десе де, соңғы отыз жылға жуық уақыт ішінде Қазақстан әлемге Орта Азия көшбасшысы ретінде танылды. Және ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан Қазақстан дүниежүзі үшін бейбітшілік жаршысы ұғымымен астасып жатыр. Кезектен тыс Президент сайлауы арқылы ел билігіне келетін жаңа басшы Қазақстанның әлемдік аренадағы осы қырын дамытуға күш салуы тиіс.

Үшіншіден, тәуелсіздік жылдарында елімізде ортақ мақсатқа, ортақ мүддеге тоғысқан қазақстандықтар қалыптасты. Ендігі жерде, кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы шешім – халықтың ел билігіндегі өзгерістерге саналы түрде араласа отырып, таңдау жасауына мүмкіндік беріп отыр. Біздің міндетіміз – еліміздің даму болашағын саналы түрде тапсыратын басшыны таңдау. Осы ретте, әр азамат саяси процестен тыс қалмауы қажет.

Қазіргі өтпелі кезеңде қоғамға керегі – елдегі тұрақтылық пен тыныштық. Іс басындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы шешім шығаруының мәні де осында жатыр. Себебі, әлемдік оқиғалар сәт санап өзгеруде. Дүниежүзінде жалғасып жатқан экономикалық дағдарыс, азық-түлік тапшылығы, мұның сыртында халықаралық терроризмнен келетін қауіп-қатер бар. Осындай сындарлы кезеңде қоғамды алып-қашпа әңгімелермен іштен немесе сырттан ірітушілер де табылуы мүмкін. Ал, біз үшін халықтың бірлігінен асқан  құндылық жоқ» деді спикер.

P.S. Қазақта «Біріккен жүз бытыраған мыңды алады» деген керемет тәмсіл бар. Айталық, сонау Қасым ханның тұсында үш жүз жұдырықтай жұмылды. Хан Абылайдың ақ жалауының маңайына топтасқан халқымыз анталаған жауды жеңді. Мұның барлығы елдің бірлігі арқасында келген жеңіс еді. Демек, қазіргідей өтпелі кезеңде ел Президентін уақыт созбай таңдап, билікті нығайтып алу – ең алдымен еліміздің, ұлтымыздың болашағы үшін қажет қадам.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз