Бүгін «Хабар» арнасында президенттікке кандидаттардың теледебаты өтеді

20190524162107 Жаңалықтар

Аtr.kz/29 мамыр, 2019 жыл. Бүгін кешкі сағат 18.00-де Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлер арасында тікелей эфир арқылы телевизиялық пікірталас өтеді.

Бұған дейін ҚР Орталық сайлау комиссиясы сайлау алдындағы телевизиялық пікірталас пен пікірсайысты жүргізу тәртібін көздейтін регламент әзірлеген болатын. Ол регламент бойынша, телепікірталас 3 раундқа бөлінген.

Бірінші раундтың тақырыбы – «Қазақстанның экономикалық даму басымдықтары». Оның өзі 2 турды қамтиды. Бірінші турда әрбір қатысушы өзінің сайлау алдындағы бағдарламасын таныстырса, екінші турда кандидаттар «сұрақ-жауап» түрінде пікірсайысқа түседі. Мұнда олар оппоненттеріне екі сұрақтан қойып, өзі де екі сұраққа жауап беруі тиіс.

Екінші раундтың тақырыбы – «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы». Раундтың бірінші турында қатысушылар берілген тақырып бойынша сөз сөйлеп, екінші турда жүргізушілердің сұрағына жауап беруі тиіс.

Үшінші раундтың тақырыбы – «Сайлаушыларға арнау». Бұл қорытынды раундта қатысушылар экран арқылы сайлаушыларға арнап сөз сөйлейді.

Еске салсақ, Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президенттігіне 7 кандидатты тіркеген болатын. Олар: «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігінен Сәдібек Түгел, «Nur Otan» партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «ҚР Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінен Амангелді Таспихов, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан Дания Еспаева, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Төлеутай Рақымбеков, Қазақстанның коммунистік халық партиясынан Жамбыл Ахметбеков және «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігінен Әміржан Қосанов.

Дереккөз: «ҚазАқпарат»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз