Бүгін Қараойда Махамбет поэзиясы күні өтеді

141894958171e3t page Жаңалықтар

Ғасырлар бойы қазақ поэзиясының алтын арқауына айналған қозғаушы күш – ұлт-азаттық идеясы.  Ел тәуелсіздігі – Махамбет өлеңдерінің де басты тақырыбы. Отарлау саясатына қарсы күресте ақын жырлары алмас қылыштай жарқылдады.

141894958171e3t-page

Ғасырдан-ғасырға жалғасқан ұлы көште Махамбет өлеңдері ұрпақ рухын асқақтата берері кәміл. Индер ауданындағы ұлы ақын мазары басында бүгін өтетін республикалық Махамбет поэ-зиясы күнінің де мән-мақсаты осыны көздейді.

Зейнолла ҚАБДОЛОВ

Қазақ жырының қайталанбас құдіреті

Махамбет!

Бұл есім — өмірдегі қасіреттің синониміне, өнердегі қасиеттің символына айналған аса аяулы, әрі ардақты ат. Көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың бірде-бірі бұл есімге бейтарап қарай алмайды:

«Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай…» немесе,

«Мұнар да мұнар, мұнар күн,

Бұлттан шыққан шұбар күн,

Буыршын мұзға тайған күн,

Бура атанға шөккен күн…» – бастасаңыз-ақ болғаны, алдымен, мейірімін төгеді, содан соң мерейленіп кетеді.

Мұның себебі – «Атандым Ғазиз ақын бала жастан, әнші жоқ Қараөткелде менен асқан» дегендей, Абайдан кейінгі өлеңшілерді өз алдына қойғанда, Абайға дейінгі қазақ поэзиясында бұдан асқан ақын жоқ. Бұл шындықты әр қазақ та, бар қазақ та түгел мойындап болған.

…Махамбет өлеңі – қазақ сөзінің қайталанбас құдіреті. Әрбір буыны мен бунағы, тармағы мен шумағы мұншалық тап-таза қорғасыннан құйылған ап-ауыр асыл сөз қазақтан басқа жер бетіндегі ешбір елдің өлең-жырында жоқ. Оның өзге тілге оңай аударылмайтыны да сондықтан.

… Махамбет — өмірдегі қасіреттің синонимі, өнердегі қасиеттің символы дейтін себебіміз: оның өзінде жеке бастың өмірі болмаған, өмірі өнеріне көшіп кеткен де қасиетке айналған, жеке тіршілігінде тек қасірет қана қалған. Өзін ойламаған, өзге жайын — ел қамын  ғана ойлаған. Отбасынан баз кешіп, өз рахатынан өзі безіп, ылғи ғана «ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып» жүргендегі мақсат-мүддесі — елінің ертеңі, дәлірек айт-қанда, біздің бүгінгі күніміз — азат Қазақ мемлекетінің егемендігі.

Қазақ әдебиетінің ұлы материгіндегі өзгеше бір сырлы арал болып тұрған Махамбет поэзиясының тақырыбы біреу — майдан. Не үшін болып жат-қан майдан? Әлгі айтқанымыз – қазақ елінің елдігі, еркіндігі мен егемендігі үшін болып жатқан ерлік майданы. Махамбет тек осы тақырыпты ғана толғады. Оның барлық өлеңін бір жерге топтағанда «Жорық жыры» болып шығатыны да сондықтан. Бұл тақырыпты ол және қаламын тістеп отырып, ойдан-қырдан іздеп келіп, саусақ арасынан сауып алған жоқ, Исатай екеуі өз қолдарынан жасап алды. Сөйтті де, тек соны ғана жырлады. Адам басында болатын күллі сезім мен сыр, іс пен әрекет, қимыл мен қарекет, сайып келгенде өмір мен өлім, адамзатқа тән тағдыр мен талай… – бәрі-бәрі осы тақырып арнасында тасқындап ақты, толғамын тапты.

Әдебиеттің бір үзілмес арқауы — махаббат деген мәңгілік тақырып бар, оны жырлауға Махамбеттің мұршасы болмады. Бұған келгенде қолына ұстағаны қалам емес, найза, қалай жырласын! Махаббаттың қызығы — сүйген жар, оның қайда қалғаны белгісіз, «қосылған жаста арудың көре алмай кеттім құшағын» деп өкіне бере ізінше: «қатын қалса, бай табар, қарындас қалса, жай табар, артымда қалған ақсақал, алқалай кеңес құрған күн, ақыл менен ой табар»; жалғыз-ақ «кейін қалған жас бала күдер үзіп біздерден, көңілі қашан жай табар?» деп тебірене толқып барып, жә:

«Алты малта ас болмай,

Өзіңнен туған жас бала

Сақалы шығып жат болмай,

Ат үстінде күн көрмей,

Ашаршылық шөл көрмей,

Өзегі талып ет жемей,

Ер төсектен безінбей,

Ұлы түске ұрынбай,

Түн қатып жүріп, түс қашпай,

Тебінгі теріс тағынбай,

Темірқазық жастанбай,

Қу толағай бастанбай,

Ерлердің ісі бітер ме!!!» деп барып тоқтайды да өзіне және өзімен бірге жорықта жүрген жауынгерлерге, жорық жетекшісі Исатайға тоқтам салады.

Сонда мазмұны мен пішіні бір ғана уақытта — Жәңгір хан тұсында, бір ғана кеңістікте — Бөкей Ордасында, бір ғана тақырыпта — Исатай бастаған қан майданда, бір ғана идеяда — Қазақ халқының азаттығы мен бостандығы жолында туған, қалыптасқан, дамыған Махамбет шығармашылығы тұтастай алғанда автордың «сегіз қырлы, бір сырлы» автопортретін жасап, мұның өзі тек біздің ғана ұлттық менталитетімізге тән ерлік пен елдіктің өшпес рухына айналып отыр.

zhiembet_

Әбіш КЕКІЛБАЕВ

Арыстан  жүрек,  арлан  ой

Бір кезде мен де мен едім,

Қырда оны бүгін кім білсін,

Бәйтеректей ел едің,

Қураған бүгін жыңғылсың.

Құлазып қалды жан-жағым,

Күйреді таудай арманым.

Махамбет те алданып,

Тасқа шапты қанжарын.

Күні құрсын оның да,

Қалың қол жоқ соңында,

Найзасы жоқ қолында,

Айы тумай оңынан,

Жұлдызы тумай солынан,

Айғыр дәме жарғақ боп,

Жылан өтті жолынан.

Әр сөзін көмір шоқ қылған,

Нарынды қызыл от қылған,

Ойын құмар найзаға,

Дұшпанның басын доп қылған.

Кешегі анау күндерде

Бас иген еді ол кімдерге?

Кімдердің күшін таныды ол,

Қылышын кекке жаныды ол.

Уа, менің, жұртым-ау,

Тайтаңдаған серіңе,

Талтаңдаған еріңе,

Аруды да табарсың,

Зәруді де табарсың,

Бірақ, байтақ еліңе

Етек-жеңі кеңдікті,

Бостандықты, теңдікті

Қашан ғана аларсың?!

Сайранды да қиып ем,

Тайраңды да тыйып ем,

Арманның зеңгір көгінде,

Шарықтап, самғап, шүйіген

Азаттықтың ақ құсын

Қондырам деп қолыма.

Жеткізбеді оныма,

Жуа бітті жолыма.

Үмітім көктей үзілді,

Бұғанам содан мүжілді.

Нұрлы күн менен безініп,

Бұлдыр күн шөгіп, езіліп,

Көлеңке қапты жүзімді.

Асылыңды таппаған,

Алқабыңа қаптаған

Мынау зымиян түнекті

Қуармысың, халқым-ау!

Ежелден бергі зәруің,

Ауруыңа дәруің,

Азаттық деген аруды,

Ертіп шығар төріңе,

Арыстан жүрек, арлан ой.

Ерлерді тағы бізден соң,

Туармысың, халқым-ау!

 

Берқайыр Аманшин

замана  дауылпазы

Махамбеттің жырлары – қазақтың мол өлең қазынасында тек сұлулығымен ғана емес, қызулылығымен, қиып түсер өткірлігімен ерекше тұрған дүние. Ол жаудың басына қара бұлттай қатер төндіре, дауыл алдында саңқылдаған дауылпаздай, дауылды жарқ-жұрқ етіп тілгілеген найзағайдай әсер етеді.

Халықтың азаттығы, теңдігі жолында ақ найзасымен де, азаткер асқақ жырымен де нағыз азаматша орасан үлкен қызмет еткен, осы жолда қасық қанын қиған Махамбет Өтемісұлы осындай адам еді.

Махамбет халық көңілінің тұнығындағы ең асылын – еркіндікті, теңдікті аңсаған арманын, ата жауына деген қаны қатқан өшпенділігін, антқа берік, атқа мықты азаматтың арыстандай ерлігін көкке көтере жырлады. Қаһарман ақынның қызыл оттай қызулы,  қылыштай өткір, селдей серпінді сөздері қараңғыны қармаған қалың қазақтың ақ жүрегіне асау толқу салды, көңіліне жел берді. Махамбет жырларын оқыған адам күні бүгін де осылай тебіреніп, ақынмен бірге айқасқа кіргендей, жеңіс қуанышы мен жеңіліс күйінішін бірге кешкендей болады. Ақынның құдіретті сөзінің күні бүгінге дейін сыры кеткен жоқ, сыны түскен жоқ. Махамбет жырлары халқымыздың рухани қазынасының ең асылынан саналады.

Махамбет өлеңдерінен ақынның өзінен бұрынғы көне қазақ поэзиясымен жақсы таныс, содан тағылым алғандығы байқалады. Сонымен бірге, оның кейбір өлеңдеріне қарап, ақын башқұр, татар поэзиясын, атап айтқанда, Салават Юлаевтың жырларын да білмеді ме екен деген ой келеді.

 

Меңдекеш Сатыбалдиев

МАХАМБЕТТІҢ  МОНОЛОГЫ

Қара табан қазақтың

Қазанын сақ-сақ қайнатқан

Қып-қызыл шоқтай қызулы ем,

Қылышпен көксеп азат күн,

Қылпып бір шығып қайрақтан,

Құсамды бастым, халқым-ау,

Қиқулап орда бұзумен…

Қара суды кері ағызар шағымда.

Қозыкөш жерге ұзатып,

Қараңғы сәби халқымды

Қалқаладым мен

Қақап тұрғанда –

Қаңғыбас оқтар көкірегімнен жүз атып.

Қайран ел, сонда көз ілем

Қасіретіңді мәңгі тыныштығыма батырып.

Қақпаймын кірпік…

Қамауда жатып, талауда қалған елді ойлап,

Қаптайды теңіз кеудемде менің аһ ұрып,

Қоңыраулатып шығармын қашан атойлап,

Қара дауылымды азан да қазан сапырып?

Қиялдың көзін талдырсам да,

Қара ормансыз қаңғырсам да,

Қиқарланып қияс мүйізді құлжадай,

Қасарысқан жауымнан сұрадым теңдік ақырып.

Қалықпан құстай қанаттастарым, қайдасың?

Құнанша мұзға таймасын,

Қималы найза қайралсын,

Құсалы жүрек майлансын,

Қаз мойын тұлпар бәйге алсын!

Қос жанардан от өріп,

Қамалды басқа көтеріп,

Қанды көбік қақырып,

Қолымды создым жас қуатым жас буын.

Құлатуға қас туын.

Нұрлан Оразалин

Мәңгілік  жырдың  иесі

Махамбетті тану арқылы әлемнің Батысы мен Шығысы қазақ халқының бейнелі тіл мен бедерлі сөзге бай көркем ауыз әдебиетінің інжу-маржандарын тануға бет алары даусыз. Қазақ халқының көркемдік әлемінің ұлан-ғайыр кеңістігін тануы шүбәсіз. Қайнар бастауы сырлы да нәрлі көне түркі тілінде жазылып, алтыншы ғасырда сыналанып, тасқа түскен, бабалардың кестелі сөзімен өрілген, кейінгі тарихында басынан алмағайып дәуірлерді өткерген Асан қайғы мен Абай арасында жатқан Алаш Жырын тану – ұлтты тануға, ұлт рухын сезінуге жетелейді.

Махамбет-Жырдың бойынан дүние-лік құбылыстарды танып-бағалаудың далалық үлгісі мен қазақы дүниетанымның өрісті сипаттары әркез «мен мұндалап» тұрады.

Алаш жұртының арғы-бергі жыр-аламанынан шоқтығы оқшау көрінер, ұлт өлеңінің қайсар бітімді, қайралған семсердей елестейтін өзгеше үлгісіне, өз дәуірінің ақиқатын айнадай жайып салар, айғақтап суреттер ұлы Жырға қалай ғана бас имеуге болады?!

Ұлы Жырға бас ию – ұлт тағылымының ұлы қайнарларына бас ию! Ұлы қайнарларға бас ию – ұлттың өлмес Рухына бас ию!

Ұлтқа бас ию деген сөз!..

Ұлттық ой мен танымның тамырын тереңдетіп, Рухымыздың абырой, беделін аспандатар тағы бір ұлы Жыр иесінің аруағы адамдар жүрегін кезіп жүр. Елі мен жерінің Азаттығы үшін алысып, қаһарлы сөзімен, қайсар мінезімен туған халқын ардақтап өткен ұлы перзентінің есімін ұлы жұрты да алақанына салып аялауда.

«Өлі риза болмай, тірі байымас» де-меуші ме еді дана халқымыз. Жүрегіміз жүдеу тартып, рухымыз сүрінген тұстарда талай дем берген, өзінен кейін-гілердің сөзіне қуат бітіріп, күш қосқан, ойымыздың ортаймауына, санамыздың сарқылмауына, намысымыздың тапталмауына, жігеріміздің жаншылмауына Жырымен – жаратылыс-болмысымен өлшеусіз қызмет еткен ақынның ұлы аруағы азат елінің жүрегін, жанын жебесін деп тілейік тағы да!..

Ерлік өлмек емес. Ерліктің ерен мінезді ұлы жыры да елімен бірге жасайды!

Мәңгілік дегеніміз осы…

Бұл – алмастай өткір Сөздің мәңгілігі.

Бұл – жебедей ұшқыр Жырдың мәңгілігі.

Бұл – сәуледей жүйрік Ойдың мәңгілігі.

Бұл – айдыны кең, айбыны мықты ұлттық Рухтың мәңгілігі.

Бұл – халық жүрегіне тамырын терең жайған Махамбет-Жыр мен Махамбет әлемінің мәңгілігі.

Әнес САРАЙ

«Ақсұңқар  құстың  сойы  едім…»

Махамбет жас кезінен терең сауатты болды. Махамбеттің ақын бала атанып, өз жанынан сөз шығарып, ауызға іліге бастағаны да осы шама. «Түйеші шалға жауабы» деген өлеңін Махамбет 10 жасында шығарды» деген әңгіме бар. Әйтеуір, Махамбеттің ақындық қабілеті осы кезден бастап ұшқындай бастағаны даусыз. Сол тұстың үрдісі бойынша, домбыра үйренуге де балалар ерте баулынып, 12-13 жасында күйшілік өнерге әжептәуір машыққан.

Халқымыздың өлең-жырында, философиясында, тарихында із қалдырған көне жыраулар деп Асан қайғыны, Шалкиізді, Доспамбетті, Қазтуғанды айтамыз. Бір ғажабы – осынау жырау-лардың барлығы дерлік Еділ-Жайық арасында туып өскен.

Міне, Махамбет тағдыр жазып, осы құнарлы топыраққа дер кезінде бусан-ған дән болып түсті. Ол қаршадайынан-ақ жыраулық өнердің қыр-сырына қанығып, тұнығынан жүзіп ішті. Бәлкім, солардай болсам деп армандаған да шығар, ал, заманына дөп келген тарихи оқиғалар оны өзінің иіріміне алды да, аспанға көтеріп шығандатып жіберді. Тағдыр оған сорды да, дабыралы дақпыртты да өзге жыраулардан артық сыйламаса, кем сыйлаған жоқ. Махамбет өзінің шығармашылық қуаты, поэтикалық өресі бұрынғы жыраулардан кем соғып жатпағанымен,  өзі кие бола тұрып, асқақтамай өзінен бұрынғы киелерді пір тұтып, солардың көктеген бұтағымын деп есептеді.

Жыраулар мектебіне ұқсастық тән, бірақ, ол әсте еліктеу-солықтау емес, көзжұмба қарабайыр тақпа-тақ қайталау да емес. Олар бір-бірін дамыта жырлаған, референдік қайталауларға біле тұрып барған, өзінен бұрынғының сөзін тірілту – оны мойындап, ұстау, тұтумен барабар көргенділік белгісі саналған.  Мұндай жайлар Махамбетте де кездесіп отырады. Ол бірде:

Балдырғаны білектей,

Баттауығы жүректей, –

деп Қазтуғаншыласа, екіншіде:

Күлдір-күлдір кісінетіп,

Күреңді мінер күн қайда…

Немесе:

Мен ақсұңқар құстың сойы едім,

Шамырқансам, тақсыр, кетермін…

Мен кеткенмен, тек кетпен,

Сізден артық табармын…

Ашуыма көп тиме –

Өзекті жанға бір өлім –

Ордаңды талқан қылып шабармын, –

деп арқалы Шалкиіз жырау сорабына салады. Бірде сөзбе-сөз қайталанса, екіншіде мотив қайталанады. Бірақ, қай-қайсысы да ерсі емес, мектеп ауқымына сыйымды.

Міне, Махамбет осындай поэтикалық-музыкалық үрдістерде тәрбиеленіп, буыны бекіп, ержетіп, есейді…

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз