*Әзіл-шыны аралас: Жұмаш айтқан…

di9rajbbt Жаңалықтар

Atr.kz/29 қазан, 2020 жыл. Әр өңірдің өз айтқышы болған. Табан астында сөз тауып, істің ұтырын үйлестіру де аса шеберлікті қажет ететін қасиет. Айтқаны ел есінде қалған сондай айтқыштардың бірі – Жұмаш Қаденов Қызылқоға ауданының Қарабау ауылында ғұмыр кешті. Кезіндегі Энгельс атындағы кеңшарда ферма басқарушысы, мал дәрігері болып жұмыс жасаған. Ел ортасын­да сыйлы, құрметті азаматтардың бірі еді. Бұл күндері ол кісі туралы естелік әңгімелер, ұрпаққа өнеге болар қызметі туралы айтылып жүр.

Сонау бір жылдары дүкендерде арақ сатылмай­тын, оны ішуге болмайтын кездерде Жұмекең үйіне бір жәшік арақ алып келіпті. Ол кісінің Доссор, Мақат кенттеріндегі жабдықтау бөлімдерінде таныстары көп болатын. Үйге арақ келгенін көрген бір баласы өзінің достарына хабарласып, кеште сағатын айтып, «тере­зе алдына келіңдер, форточкадан сендерге беремін» депті. Оны естіп қалған Жұмекең айтылған уақытта терезе алдына шығады. Отағасын көрген балалар жан- жаққа қашады. Көп уақыт өтпей, форточка ашылып, шөлмектерді бере бастайды. Екі-үшеуін алғаннан кейін Жұмекең:

– Жарар, қарағым, осы да жетеді, – деген екен баласына.

* * *

Аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде Энгельс атындағы кеңшардың мал шаруашылығы мамандарының мәселесі қаралады. Бюроның қаулысымен бірқатар мал мамандары жұмыстан босатылып, кеңшар басшыларына «сөгіс» жарияла­нады. Ал, «Қаденов Жұмашты малдың айналасына келтіруге болмайды» деп, ет қызуымен ауызекі әңгіме айтылып қалады.

Сол жылы жазда ауданнан келген бір топ адам Жұмекеңнің үйіне қонақ болып түсе қалады. Кешке қарай келген қонақтар сыртқа шығып, дамылдап отырған кезде өрістен мал келе бастайды. Сиыр сауатын уақыт. Жұбайы Талшын жалғыз өзі бұзауға әлі келмей, сиырды сауа алмай жатса керек. Оны көрген қонақтар:

– Жұмеке, бұзауды ұстап көмектеспейсің бе? – десе:

– Жоқ, маған райком «малға жолауға болмайды» деген болатын, – деп жауап беріпті.

* * *

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан шаруашылықты аралауға өкіл келіпті. Кеңшар басшы­лары оның қасына Жұмекеңді қосып, шаруашылықты аралауға шығады. Жер жағдайымен тереңірек таныспақ болған өкіл жолшыбай кездескен қауымдарды «бұлар қалай аталады?» деп сұрап оты­рады. Жұмекең білгенін өз атауымен, білмегенін құрдастарының атауымен атай береді. Сонда өкіл:

– Жұмеке, жер тарихын жақсы біледі екенсіз, – деген екен.

* * *

Жоғары жақтан келген өкіл шаруашылық жөнінде «ананы былай жасау керек, мынаны былай жасау ке­рек» деп ұсыныс, ескертпе айтып жатады. Қасындағы Жұмекең өкіл не айтса да: «һа, һа» деп жауап қата берсе керек.

Біраздан соң оның қиқарлығын байқаған өкілдің төзімі таусылып:

– Жұмеке, һа-ны қойып жұмыс жасау керек, – деген екен.

* * *

Шаруашылықтағы мамандарды ауыстырып жатқан кез. Сондай бір бас маманның үйіне келіп, ерулікке қонаққа шақырыпты. Үйде үлкен кісі бол­са керек, «қарағым-ай, атыңды ұмытып қалмасам, балаларға айтамын ғой» депті. Сонда Жұмекең:

– Апа, ұмытатын ештеңесі жоқ. Алақаныңызды ашыңыз, сосын қайта жұмыңыз. Жұмыңыз да қайта ашыңыз. Сонда «Жұмаш» шықпай ма? – деген екен.

Шафиғолла ҚОНЫСБАЕВ,

Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, зейнеткер

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз