Азалы жылдардың ащы ақиқаты

sovetskie zhenwiny tolkajut telegu s telami rasstreljannyh nemcami muzhchin Жаңалықтар

Atr.kz/4 маусым, 2019 жыл. Ғасырлар бойы азаттықты аңсаған қазақ халқының бұл «тар жол, тайғақ кешудегі» (Сәкен Сейфуллин) қайғысы шаш-етектен.

Ұжымдастыру саясаты жүргізіліп, дәулетті адамдардың мал-мүлкі тәркіленіп, өздері қуғындалып жапа шексе, алдындағы малынан айырылған кедей қазақ 1931-32 жылдары ақсирақ аштыққа тап болып қырылды. Тәуелсіздік жылдары жарияланған деректерде 1920-1930-жылдарда қазақтар 4 млн. адамынан айырылған. 1921-1922-жылдардағы аштық кезiнде 1 млн. 700 мың адам, 1932-1933-жылдары 2 млн. 300 мыңға жуық адам құрбан болған.

Соңғы мәліметтерде «1920 жылдардағы ашаршылықтан өлгендердің саны 2,3 млн. адамға жеткені», қазақ демографы Мақаш Тәтiмовтің деректерінде «ХХ ғасырда болған азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргiн кездерiнде, екiншi дүниежүзiлiк соғыста бас-аяғы 3 миллион 850 мыңға жуық қазақ қырғынға ұшырағаны» айтылады.

Та р и х ш ы Т а л а с Омарбековтың айтуынша, 1930 жылдың маусымынан 1933 жылдың маусымына дейінгі аралықтағы ашаршылық құрбандарының жалпы саны 3 миллион 379 500 адамнан асып жығылады. Мұның 1 миллионнан астамы босқын есебінде көршілес елдерге кеткен. Сонда үш жыл ішіндегі нақты құрбандардың саны 2 миллион 200 мыңды құрап, халықтың 49 пайыздық өлшемін көрсетеді.

Ашаршылықтың қандай сұмдық зардап әкелгенін білу үшін есепке жүгінелік: 1897 жылы өткен Ресей империясындағы халық санағының ресми статистикасы бойынша, өзбектің саны 1 млн. 690 мың, ал, тәжіктер 350 мың болыпты. Ал, сол кезде қазақтың саны 4 млн. 84 мың адам болған.

Бұдан тура 100 жыл өткенде өзбектің саны 25 миллионға жуықтаса, қазақтың саны 9 миллионға әзер жеткен. Аштықтың қазақ үшін қаншалықты нәубет болғанына бұдан артық қандай дәлел-дерек керек? Соның салдарынан 1 030 мың адам республикадан тыс аймақтарға көшіп кетті. Оның 616 мыңы оралмады, ал, 414 мыңы кейін Қазақстанға қайтып келді.

Мамандардың айтуынша, оралмай кеткен 200 мыңға жуық адам шет елге – Қытайға, Моңғолияға, Ауғанстанға, Иранға және Түркияға жол тартты. Соның ішінде Қазақстанмен көршілес өлкелерге көшіп барғандар санын келтірсек, шамамен алынған соңғы деректер бойынша, қазір Орта Волгада – 40 мың, Қарақалпақстанда – 20 мың, Батыс Сібірде – 50 мың, Қырғызстанда – 10 мың, Орта Азияда 30 мың қазақ бар екен.

Мұстафа Шоқайдың сөзімен айтқанда, «большевиктердің «аштық» саясаты» («голодная» политика большевиков») ХХ ғасырда миллиондаған адамдарды орны толмас қайғы-қасіретке ұшыратты.

Сол жылдардағы аштан өлудің мынадай үш түрі: 1) үйінен шыға алмай «жүріп кету». Оны ыстық мезгіл уақытында бұзылған мәйіттің иісінен сезіп, көму немесе әл-ауқаты бар адамдардың «пәленше көрінбейді» деп үйіне іздеп барып, үстінен түсуі; 2) ауыл ішінде үйлерден қайыр сұрап жүріп, көшеде жығылып қалуы; 3) аштықтан әбден жүдеген, әлі ептеп күш-қуаты бар адамның жандалбасамен «бір жердегі жекжатыма барсам аман қалармын» деген үмітпен үйден шығып, жолда жан тапсыруы» көрсетіледі.

Украинаның «Наше слово» газетіне 2010 жылы жариялаған зерттеу мақаласында саясаттанушы Данила Бектұрғанов 20-сыншы жылдардағы аштықтың себептері туралы жаңа дерек келтірді. «Кеңес үкіметі 1919 жылдың қаңтар айынан бастап «азықтүлікті тәркілеу» саясатын бастады.

Бұл саясат Кеңес Үкіметінің 1918 жылдың 13 мамырынан бастап жүргізе бастаған азық-түлік диктатурасына сайма-сай дәл келген еді. Қазақстанда егіншілікпен айналысушылардың көп болмауына орай, большевиктер қазақтың малын кәмпескелеп алуды басты мақсат етіп қойды.

1919-1922 жылдардағы аштық, негізінен алғанда, Қазақстанның оңтүстік облыстарын шарпыды. Қазақ жерінде тұратын басқа ұлттар егіншілікпен де айналысатын. Бірақ, азық-түлік саясаты «қазақтың жалғыз күнкөріс көзі – малын жинап алу арқылы жүргізілсін» деген жасырын тапсырмамен жүргізілген.

Қазақтан «мал жинаудың» түрі мен әдістерін айуандық, тағылық деген сөздермен ғана теңеуге болады. Мысалы, бір ауылға келіп малын түгел сыпырып алып кету жағдайлары жиі орын алды. Әрине, мұндайдан кейін бұл ауылдың халқының тірі қалуы мүмкін емес еді. Әртүрлі деректер бойынша осы аштық жылдарында бір миллионнан астам халық аштан қырылған…»

деп жазады Д.Бектұрғанов. Яғни, бұл сол кездегі қазақ санының шамамен 20-22 пайызын құрайды екен. А л, ВЦИК-тің Түркістан істері жөніндегі арнаулы комиссиясының мүшесі А.Сафаровтың жазбаларындағы («Правда», № 133, 20-маусым, 1920 жыл) аштан қырылғандар туралы дерек одан да бетер, төбе шашты тік тұрғызғандай. Оның келтірген нақты мәліметіне қарағанда, бір ғана Сырдария облысының өзінде 1920 жылы миллион (!) қазақ аштан өлген.

Бұл дегеніңіз – бес жылға созылған екінші дүниежүзілік соғыста опат болған қазақтардан екі есе артық, тіпті, дүниені дүр сілкіндірген 1945-жылғы Жапония қасіреті – Хиросима мен Нагасаки қалаларына әуеден тасталған атом бомбасынан зардап шеккендердің санын да екі орап алады. Демек, тек қана Сырдариядағы ашаршылықтан бір-ақ жылда қаза тапқандар саны осындай болса, сол тұстағы қалған аймақтардағы қазақтың шығынын көзге елестетудің өзі қорқынышты!

Ашаршылық құрбандарының аруағына бас иіп, тағзым ету, сондай-ақ, тарихтың осынау қасіретті бетін болашақ ұрпақ білу үшін оны ағартушылық және ғылыми-зерттеушілік бағдарламаларға енгізу мен солар арқылы ашаршылық жайындағы ақпаратты кең тарату бүгінгі ұрпақтың басты парыздарының бірі болуы тиіс.

Ендеше, еліміздің тарихында өшпес қара дақ қалдырған осынау қасіретті кезең – 20-30-шы жылдардағы ашаршылыққа душар еткен ұлттық апатты бүкіл халық болып еске алып тұратын арнайы күн белгілеудің маңыздылығы күмән туғызбайды.

Қазіргі таңда ашаршылыққа саяси-құқықтық баға беру мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Ашаршылық құрбандарын еске алу күнін белгілеуге қатысты тарихшылар пікірі мынаған саяды: 19201930 жылдардағы ашаршылық және 1937-1938 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін зардаптарын сталиндік тоталитаризм деп біріктіргенімізбен, бұл екеуі – сипаты мен мағынасы жағынан, мазмұны мен ауқымы тұрғысынан мүлдем екі бөлек оқиға. Алайда, осы күнге дейін жалпылай «Саяси қуғынсүргін құрбандарын еске алу күні» деп аталып жүр.

Ал, әлем елдерінде қайғылы оқиға салдарынан құрбан болғандарға арналған еске алу күндері өтеді. Ресейде 27 қаңтар – Холокост құрбандарын еске алу күні, 24 сәуір – Армян халықтарының геноцид құрбандарын еске алу күні. Ал, Әзербайжан мен Түрікменстанда «Ұлттық Аза күні» болып жарияланған. Рас, Алаш жұртын қырып өткен ашаршылық туралы айтылып та, жазылып та келеді.

Әйтсе де, біз енді не істесек те, 4 млн. 100 мың қазақтың орнын ешқашан толтыра алмаймыз. Өсерміз, өнерміз, бірақ, орны үңірейіп тұра бермек. Алайда, өз Отанында аштықтан көз жұмған Алаш баласын жоқтау – біз үшін өмірлік парыз. Алдағы уақыттарда, әзербайжан немесе түрікмендердей, біз де, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» датасынан бөлек, міндетті түрде «Ұлттық Аза күнін» белгілеуіміз керек!

P.S.

Қалай айтқанда да, қазақ тарихындағы ашаршылық жылдары – ұлт тағдырындағы бөлек те, өте ауыр трагедия. Азалы жылдардың ащы ақиқаты ел жадында жатталуы тиіс. Бұл орайда еврейлер мен украиндардан сабақ алған да жөн. Еврейлер өздерін ойсыратып кеткен зұлматты есте сақтау үшін «Ядва Шем» атты үлкен кешен тұрғызды. Украиндар да өз астаналарының қақ ортасынан ойып тұрып, аштық құрбандарына арнап іргелі ескерткіш қойды.

Поляктар 1940 жылы НКВД-ның қолымен атылып кеткен 21 мың поляк жауынгерін еске алу үшін Ресейдің Смоленск шаhарының түбіндегі Катынь елді мекенінде еңселі ескерткіш орнатып, жыл сайын азалы күнді еске алу үшін алыстан ат арытып келіп, мінәжат етіп жатады…

Көптен әртүрлі деңгейде айтылып жүрген бұл ұсыныстың мәні мынада: Өткен тарихқа терең баға беріп, оны кейінгі ұрпақ жадына мықтап сіңіру бүгінімізді байыпты пайымдауға, одан әрі болашағымызды жан-жақты бағдарлауға негіз қалайды. Жас буын қазіргідей өз қолымыз өз аузымызға жеткен мамыражай заман қаншалықты құрбандықтармен келгендігін біліп өспейінше, олардың бойында ұлтжандылық, Отанға, халқына деген оттай ыстық сүйіспеншілік маздап тұрады деп айту да қиын. Сондықтан да, біздің жиі ауызға алып, тынбай қайталайтын «тәуелсіздік тағылымдары» дегеніміздің түп-төркіні осында жатқандығын ұмытпайық!..

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

ҚР Мәдениет қайраткері,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылымдар докторы:

–«Тарих ертелі-кеш бәрін орнына қояды» деп ертеңге үміт артумен қатар, бүгінгіні де ойлауға тура келеді. Аштық құрбандарына ескерткiш-пантеон орнату мәселесi сонау 1988 жылдан берi көтерiлгенмен, нақты нәтиже болмай келді. Бұл орайда 2004 жылғы тайфуннан қайтыс болған 5 мың адамға мемориал тұрғызған тайландтықтардан, Катынь қасіретіне бір ел емес, бүтін әлемнің назарын аудартқан поляктықтардан үйренеріміз көп»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз