Қазақтың тойы қанша тұрады?..

Қазақтың тойы қанша тұрады Жаңалықтар

Сонымен, сіздің шаңырақта той. Қазір бұл қуаныштың неше түрлі себебі бар. Көптен күткен келін түсіру, қыз ұзату, мерей той, тілашар, сүндет той немесе бесікке салуды да дүбірлі той етіп өткізетін дәрежеге жеттік. Бір жағынан, бұл дәулетті өмірдің белгісі десек, екінші жағынан, көпке ілесіп, көштен қалмаудың амалы ма дерсің. Расында да, қашан да жиғанын тойға шашуға ниетті халқымыздың бұл қуанышының құны қанша тұрады? Қазақы той бизнестің көзіне, босқа қаражат шашудың амалына айналып бара жатқан жоқ па? Саралап көрелік…

Қазақтың тойы қанша тұрады

Ең әуелі қай қуаныш болмасын, той қамын тойхана таңдаудан бастарыңыз анық. Шақырылған адам санына байланысты қазір лайықтысын кезіктіруге мүмкіндік мол. Себебі, бүгінде кез келген мейрамхана екі залдан тұрады. Бірі – 100-150, екіншісі 150-500 адамға арналған. Ал, жалдау құны – 500 мыңнан 1 миллион жарым теңгеге дейін. Біз тілдескен қала орталығындағы мейрамханалар  әкімшілерінің бірі Луизадан білгеніміздей, ресторан бағалары әртүрлі.

«Мәселен, сіз азық-түлік арқалап жүргіңіз келмесе, адам басына ақша төлеуіңіз керек. Біз барлығын өзіміз жасаймыз немесе керісінше, сіз әкелгенді дайындап береміз. Қаражатыңызға байланысты өзіңіз таңдаңыз. Бір адамға 5000 немесе 7000, 9000 теңге тұратын ас мәзірлері бар» дейді ол.

«Жалпы, қазақ той десе, барын шашуға әзір тұрады. Осы салада жұмыс жасағандықтан, адамдарды танып-біліп алдық. Қалтасындағы бар ақшасын «аренда» үшін төлеп кетіп, «ертең кредит аламын» дегендерді де көріп жүрміз. Негізі, үлкен той жасауға аса құмар болған жақсы емес. Біздің ресторанның 150 адамдық кіші залынан гөрі, бірінші қабаттағы 300 адамдық зал көп сұраныста. Бір қызығы, үлкен залды тек қазақтар ғана жалға алады» дейді әңгімелесушіміз.

Сіз той қамына ерте кіріскен болсаңыз, өзіңіз үшін тиімдісін таңдап алуыңызға әбден болады. Мәселен, кейбір мейрамханаларда шәй тегін беріледі немесе шағын залды таңдасаңыз, безендіру жұмыстарын сый ретінде жасап береміз деген секілді жеңілдіктерге жолыға аласыз.

Тойға шақыру билеттеріне кезек келген сәтте де көрпеңізге қарай көсілуге мүмкіндік мол. Себебі, 100 теңге тұратын кәдуілгі шақыру қағаздарымен қатар, қазіргі саудада алтын түстес әріптермен жазылған, табиғи маржанмен безендірілген, әр адамға жеке жазылатын билеттер де бар. Олардың құны өзіңіз бағамдап отырғандай 1000 теңгеден жоғары болады.

Егер сіздің қуанышыңыз үйлену тойы болса, күйеу жігіт пен қалыңдықтың киімі де сіздің той шығыныңыздың есебінен жүзеге асатыны анық. Қазіргі күні көйлекті бір күнге жалға алу құны 80 мыңнан жоғары болса, сатып алу бағасы 200 мың теңгеден жоғары. Бұл бағаға туфли, макияж, шаш үлгісін жасату үшін 50-100 мың теңгенің қосылатынын да естен шығармаңыз. Ал, күйеу жігіттің костюмімен қоса, өзге де керек киім-кешектеріне 100 мың теңгеден кем қаражат кетпейді.

Соңғы кезде сәнге айналған тойға дейінгі фотосессия, шағын видео түсірілім секілді заманауи нюанстар да қалтаңызды едәуір қағып-ақ кетеді. 200 мың теңгеден жоғары бағаланған бұл жұмыстар аяқталғанда сіздің қолыңызда романтикалық шағын фильм, арнайы жасақталған альбом және той үстінде түсірілген фотосуреттер қалады. Осыған қоса, көлікпен қыдырып, залды безендіремін, әнші-биші топтың көмегімен той мәнін арттыра түсемін десеңіз, мархаббат! Қосымша 150 мың теңгеге жуық ақшаны осы бағытқа жұмсауға дайын болыңыз.

Қуанышты күніңіздің мәнін арттырып, сәнін кіргізетін бірден-бір фактор – той тізгінін ұстар асаба. Қонақтардың жеке басына қатысты жайттарды жалпақ жұртқа жария қылып, арзан әзілмен күлкі сыйлауға тырысатындардан аулақ болатыныңыз анық. Бұл ретте атыраулық «тамадалардың» 150 мың теңгеден кем ақшаға той басқаруға келіспейтінін ескерерсіз. Ал, азулы асабаға тізгін беруді жөн санасаңыз, келісілген соманың бірнеше есе артып шыға келетінін де есте ұстағаныңыз жөн.

Той қонақтарына сый-сияпат беру, келген құдаларға киіт кигізу сияқты жұмыстар – жеке сіздің шешіміңіз. Келгендерге жаппай бағалы сыйлық беремін, естелік ретінде символикалық сыйлықтар ұсынамын немесе тұрмысқа қажетті бұйымдар беремін десеңіз де, патша көңіліңіздің еншісінде. Киітке қатысты да кесіп пікір айту, нақты көрсеткіштер жайлы сөз қозғау мүмкін емес. Барлығын қалтаңыздағы қаражат шешеді.

Жалпы, осы есеп-қисаптың аясында айтарымыз, көптен озып, көштен  қалмау үшін 3,5-5 миллион теңге көлемінде шығындануыңызға тура келеді.

Көрпеге қарай көсілу керектігін, әсіресе, той жасар сәтте ұмытып кететініміз қандай өкінішті. Жұрттан қалмаудың амалымен қарызданып жүріп, қуанышты сәтті дүркіретіп атап өту – қажеттілік пе, әлде құр дарақылық па? Жиғаны бар, жағдайы жақсы адам болса, бір сәрі. Бәлкім, бос ысырапшылдықты жоюдың да бір жөні бар шығар.

Ал, сіздің тойыңызға қанша қаражат кетті? Есіңізде ме?..

 

Сіз не дейсіз?

Серік  ТҰРЫШЕВ,

Қызылқоға  ауданы,

Сағыз селолық округінің бас маманы:

Бір жүйеге келтіру керек

– Қазіргі тойлардың өту тәртібін бір жүйеге келтіру керек тәрізді. Себебі, бірінен-бірі озамын деп, ұлттық болмысымызға мүлдем жат тәртіптер еніп келе жатыр. Біресе еуропаға, біресе орыстарға еліктеп, тойды түрлендіріп жатырмыз. Бұл бізге керек пе?

Қарапайым қалыбымызға сай, қазақы нақышта той тойлағанға не жетсін? Беташарды дүңкілдеген эстрада әуенімен айту, келіннің қолынан торт жеу, гүл лақтыру секілді салттардың бізге қажеті бар ма? Біреуге қарап, еліктегенше, қазақы салтымызды дәріптейтін жоралғыларды енгізген жөн.

 

Сәбила  ЖҰМАНИЯЗОВА,

«Алтын  алқалы»  ана:

Жұрттан ұят болады деп, жұтап қалмайық!

– Той қуаныштың белгісі болғанымен, кейінгі күні бәсекеге айналып бара жатқаны қынжылтады. Шүкір, аста-төк той жасамасақ та, балаларымыздың бәрін аяқтандырдық. Ал, өткен жылы ата-анасына қыруар несие алғызып, той жасатқан көршінің баласы арада алты ай өтпей жатып, ажырасып кетті. Пәтерлерін де кепілдікке қойып еді, енді үш жыл бойы банкке берешегін төлейтін болды. «Ұят болады», «Жұрттан қалмайық» деп, шашылудың қажеті жоқ екенін қашан түсінер екенбіз? Керісінше, игілігі мол, ата салтымызға жақын істерді өзімізге үлгі тұтпай, өзге ұлттың, мүлдем санамызға жат нәрселерін тойымызға тықпалауымызға не себеп? Бас-аяғы үш-төрт сағатта аяқталатын бір сәттік шара үшін бар жиғанын шашып, ертеңгі күні жейтін тамақ таппай қиналатын отбасыларын да көріп жүрміз.

Қазіргі күні ұзатылатын қыздың жасауына қатысты да біраз мәселені айтуға болады. Бұрынғыдай емес, қазір апаратын заттың көлемі едәуір артқан. Ал, мұның бәрі ата-ананың қалтасына салмақ түсірері  анық.

 

Бибігүл, 33 жаста:

Текке шашылмай, жастарға жағдай жасасақ…

– Осыдан он жыл бұрын отбасын құрып, шаңырақ көтердік. Сол сәтте «тойыңа шақырмадың» деп өкпелеп, менімен байланыстарын үзген құрбыларым да болды. Екі жақтың ең жақын адамдарының басын қосқан шағын тойға аса көп шығындалған жоқпыз. Келісім бойынша киіт те кигізбеді. Есесіне, ата-аналдарымыз бізге «Авангардтан» екі бөлмелі пәтер сыйлады. Қазір екі баламыз, жеке көлігіміз бар. Шыны керек, бізге сол сәтте таңданғандар көп болды. Бірақ, біз ешкімнің сөзіне мән берместен, өз жоспарымызды жүзеге асырдық.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Айсұлу

    Расымен де той өткізу қазір бәсекеге айналып кетті ғой. Мен білетін таныстарымның барлығы қазір несиеге той жасап, кейін қарызға белшеден батып отырады. Осыдан кейін жас отбасында кикілжің басталады.Әшейінде, бар бәлені Батыстан көріп жатамыз ғой. Сол Еуропа елдерінде үйлену деп аталатын керемет құбылыс бар. Бірақ, оларда ысырап дейтін дарақылық жоқ. Некелесу рәсімі 6-7 адамның да қатысуымен өте беруі мүмкін. Есесіне, олар тойдың ақшасын бал айына, яғни әлем аралап, саяхаттауға, тіпті кейде қайырымдылыққа жұмсайды. Сәйкесінше, ел аралаған адамның таным көкжиегі де кеңейеді. Қайырымдылық жүректегі жылулықты арттырады. Ал, біз бар тапқанымызды банкке беріп, кредиттен кредитке дейін ғана өмір сүріп жүрміз…

  2. Нұржан Рахов

    Сіздер 500 адамдық мейрамхана туралы айтасыздар, үйлену тойын шет елдерде жасап, ысырапшылдықтың көкесін танытып жатқандар да өзіміздің қазекең ғой. Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді деген осы….

  3. Жәнібек

    Өзім Қызылқоғаның жігітімін. Шаруам түспесе, қалаға көп шыға бермеймін. Өйткені, мал шаруашылығымен айналысамын. Жем-шөп, одан қалды егу, төлдету деген сияқты, жұмысы көп ақ. Айтайын дегенім, жақында Атырауға келіп ауруханаға жатып шықтым. Ем-дом біткен соң, қайынжұрттың ауылына қарай такси ұстап бара жатқам. Көктем базарына қарсы жарнама тақталарына көзім түсті. Лимузинді мейрамханаға кіргіземіз. Тек қана Империал мейрамханасында деген сөздер жазып, тіпті, суретін де көрсетіп қойыпты. Сол суретті қазір осы мақаладағы коллаждан да көріп отырмын. Көлікпен ас-су тұрған жерге кіру деген даңғазалық емей немене? Осындай шектен шыққандарды көргенде, ұялып кетеді екенсің. Дәулетің тасып бара жатса, сол жастарға баспана әперсе де болады ғой…

  4. Сабина

    Меніңше біреудің тойын сынайтындар қызғаншақ келетін кісілер. Өйткені, тойды Африкаға барып жасасам да, өз еркім! Себебі, ол қуаныш менікі! Демек, той да ерекше, әрі өмір бойы есте қаларлықтай болып өтуі керек. Оған қанша ақша жұмсаймын, қанша қарыз аламын, бұл мәселеге біреудің араласқанын қаламаймын. Себебі, ол бір отбасының жеке өмірі!