Айтыскер ақын Шалқарбай: «Менің жүлдем күллі Атырау халқының жеңісі»

maxresdefault 1 Жаңалықтар

Жастайынан  аудандық, облыстық, республикалық айтыстарда жүлде алып, аудан намысын абыроймен қорғап жүрген Шалқарбай Ізбасаровтың есімі айтыссүйер қауымға жақсы таныс. Соңғы екі жылда Жүрсін Ерман жүргізетін республикалық дәрежедегі аламандарға қатысып жүрген Шалқарбай шайыр жақында тағы бір сүйінші жаңалықпен қуантып отыр.

maxresdefault

Ол Атырау қаласында өткен «Қайта жаңғырған – Қазақстан» атты Халықаралық айтыстың бас жүлдесін иеленіп, өнер жолындағы ең үлкен табысына қол жеткізді. Сондай-ақ, сол айтыстан соң Құлсары қаласында өткен ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтің 80 жылдығына арналған аймақтық айтыста бірінші орын алып, аудан мерейін тасыта түсті. Осы орайда, жерлесімізді алған жүлделерімен құттықтап, ұлттық өнер һәм ұрпақ тәрбиесі жайлы аз-кем сұхбаттасқан едік…

– Шалқарбай, соңғы бір аптада алған қос жүлдеңіз құтты болсын. Әсіресе, халықаралық айтыста алған бас бәйгеңіздің орны бөлек. Ендеше осы айтыс жайлы айтып берсеңіз…

–Рахмет көп-көп. Бұл жүлде жалғыз менің емес күллі Атырау халқының жеңісі деп білемін. Кешегі өткен айтыс дәрежесі де, тақырыбы да салмақты аламан айтыcқа айналды. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын ел ішінде кеңінен насихаттай отырып, қайта жаңғырған еліміздің жетістіктерін тізбелеп, ұлттық өнерді ұлықтауға арналған айтыс десе қателеспеймін. Себебі, бұл Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және еліміздің ең мықты деген таңдаулы ақындары бас қосқан халықаралық дода болды. Қазылар алқасында да елімізге танымал мүйізі қарағайдай академиктер мен ғалымдар отырды. Екі күнге созылған аламан Атырау халқына ерекше рухани кеш сыйлады деп білемін. Ал, айтыстың жоғары дәрежеде өтуі – байрақты бәсекені ұйымдастырып, ұлттық өнерді ұшпаққа шығаруға тырысып жүрген айтыстың «атасы» Жүрсін Ерман мен облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың тікелей еңбегі дер едім.  Бұл айтыстағы қарсыластарым да ерекше ақындар болды. Біріншісі азуын айға білеген, адуынды ақын Ринат Зайтов болса, екіншісі «Базар жоқ» театрының әртісі, шоу айтыстың негізін қалаған әзілқой ақын Бақытжан Қасымов. Міне, осындай дүбірі де, думаны да келіскен доданың бас жүлдесі бізге бұйырды. Әрине, қуаныштымын.

– Сіз айтыстың алғашқы айналымында Ринат Зайтовтан ұпай бойынша басым түстіңіз. Қалай қиын болған жоқ па?

–Айтыстың алдында бір күн бұрын жеребе тарту рәсімі өтті. Жеребе ақындар үшін  кәдімгідей сынақ. Оның алдында «Кіммен айтысамын, қалай болады?» деген уайым болғаны рас. Әрі өз жерлестерінің алдында айтысқалы тұрған атыраулық ақындарға екі есе жауапкершілік артылды. Жеребе тарту рәсімінде қарсыласым «Айтыстың оқтаулы мылтығы» атанған Ринат Зайтов болды. Енді Ринатты бәрі біледі. Дауылпаз, ақиқаттың алдаспаны, халықтың сүйікті ақыны. Міне, осындай азулы ақынмен жұп болғаныма қуанбасам ренжіген жоқпын. Өйткені, айтысыңның жақсы шығуы тікелей қарсыласыңа байланысты. Спортта қарсыласың осал болуын қаласаң, айтыста мықты қарсылас тап болғанын қалайсың. Мықты ақынмен тартысып, тістесіп айтыса отырып, ел алдында өзіңнің де осал еместігіңді дәлелдеуге мүмкіндік туады. Ринатпен шыққанда дәл осындай болды. Әдетте ақындар 20-25 минут айтысса, біздің айтыс халықтың сұрауымен 40 минутқа дейін созылды. Жасыратыны жоқ, Ринатпен алғаш сахнада кездескенде екінші қайырымға келгенше жүрегімді аздап қорқыныш, қобалжу биледі. Басты мақсатым – оның құрған қақпанына түсіп қалмай, өз «шабуылдарымды» сәтті өткізіп, абыройлы айтыс жасау болды. Дегенмен қыза келе халықтың қошеметімен айтысты ойдағыдай аяқтадық. Екеуміздің айтысымыз әзіл-қалжыңмен қоса елдің жайы мен мұңы сияқты тақырыптармен өріліп отырды. Айтыс нәтижесінде мен жеті қазының барлығынан бірыңғай 10 ұпай алсам, Ринат Зайтов екі 9, бес 10 алды. Сөйтіп екеуміз де финалға өттік. Ринатпен айтысым – сахнадағы екінші тынысымды ашып, финалда көсіле шабуыма себеп болды десем де болады. Финалда Бақытжан Қасымовпен айтыстым. Ол екеуміздің айтысымыз әзіл-қалжыңға толы болып, онда да бірыңғай 10 ұпай алған болатынмын. Қосымша айта кетейін, мен аламан айтысқа араға бір жыл салып шығып отырмын. Жеке шаруаларға байланысты бір жылдай демалып, жыр додасын осы халықаралық айтыстан бастаған едім. Аллаға шүкір, ел-халықтың сенімін ақтап, бас бәйгені иелендім.

– Айтыстағы Сіздің негізгі әдісіңіз әзіл-қалжың бағытында екенін білеміз. Сізді «Атыраудың Балғынбегі» деп  те жатады. Жалпы айтыста әзілдей отырып елдің жайы мен шындықты қалай жеткізуге болады?

–Алматыдағы бір айтыста Жүрсін ағамыз мені сахнаға шақырғанда «Балғынбек Имаш айтыстан кетті. Бірақ орнын басатын екінші Балғынбек келіп отыр» деп хабарлаған болатын. Шамасы түріміз де, айтыстағы бағытымыз да ұқсайтын болғасын айтқан болар. Бұл мен үшін жақсы баға болғанымен, үлкен жауапкершілік артады. Соған сай айтыста хал қадірімізше айтысып келеміз.  Мен мектеп кезінен аудандық, облыстық айтыстарда жүргенде үнемі әзілдеп, қалжыңдап айтыса отырып, билеп, жер теуіп  өзімнің бағытымды қалыптастырдым. Айтысқа осы сынды қызықты элементтер қосу өз көрерменіңді қалыптастырады, әрі айтысты ерекшелендіре түседі. Жалпы әзілдеп, астарлап айтқан халыққа өтімді келеді. Сондай-ақ, қазақ «Әзіл арты – зіл» деп жатады. Мәселен, менің айтыста жер теуіп, билеп отырғаныма қарап қарсыластарым «Бишісің, жерді неге тебесің?» деп тиісіп жатады. Оған мен аудандағы жол мәселесімен байланыстырып, жауап берген едім.

«Күдіктенем қарсыластан күдіктенсем,

Қайтейін ту сыртымнан күліп келсең.

Жер тебесің, билейсің деп қоясың,

Болмай ма мықтысың деп үміт берсең.

Билеудің басқаша себебі бар.

Айтайын құлағыңды түріп келсең.

Сен де биші болар ең біздің жақтың

Жолымен 6 сағат жүріп келсең,

25 жыл бойына Атырауға

«Уаздарды» тақымдап мініп келсең»,-дедім. Бұл бір жағынан әзіл, бір жағынан шындық. Яғни мен әзіл мен қалжыңды айтыстағы шындықтың көпірі деп білемін.

– Жақында ұлды болып, оның атын ырымдап Жүрсін деп қойыпсыз. Бауы берік болсын. Өзіңіз айтыста «Бір Жүрсінге баламын, бір Жүрсінге әкемін» деген едіңіз… Енді бала тәрбиесіне көп көңіл бөлетін шығарсыз…

–Қазақ әуелден ырымшыл халық қой. Өмірге сәби келіп жатса, танымал адамдардың, көрнекті тұлғалардың есімін қойып, аузына түкіртіп жатады. Тамыз айының аяғында Алланың қалауымен ұлды болып, есімін үлкендермен ақылдаса отырып Жүрсін деп қойған болатынбыз.  Менің айтыс сахнасында Шалқарбай деген есімім қалыптасып, көгілдір экраннан көрінуіме де тікелей Жүрсін Ерман ағамыздың еңбегі бар. Былтыр үйлену тойыма бас құда болып еріп келген еді. Әрі күллі қазақ сыйлайтын, құрметтейтін тұлға. Сол себепті өнердегі әкемнің есімін балама бердім.

Баламның дүниеге келуі биылғы жылдағы – басты жүлдем десе де болады.  «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» деген халық даналығы рас екен. Бүгінде әке болып сол қадірді түсініп жатырмыз. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген сөз бар. Сондықтан бала тәрбиесіне қазірден кірісіп кетпесек те, алғы шарттарын орындап жатырмыз.

– Ұлыңыз жолыңызды жалғап айтыскер боламын десе қолдайсыз ба?

–Ұлымыз ер жетіп, кішкене есейген соң қабілеті қай бағытта соны қараймыз. Әрине, әке жолын қуып, айтыскер боламын десе еркіне тапсырамын. Алайда, өнер жолы ауыр да қиын жол екенін тәптіштеп түсіндіру керек. Өйткені соқтықпалы, соқпақты жолдың шет жағасын көрген соң ұлым таңдау жасамастан бұрын түсіндіріп бағыт беремін деп ойлаймын. Ақын болсын, әкім болсын – ең бастысы халқына жақын болсын деген тілектемін.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…

– Алдағы жоспарым енді осы айтыстың төңірегінде болмақ. Бүгін міне, халықаралық айтыстың бас жүлдесін иеленіп отырмын. Бұл қарап тұрсақ Атырау облысы тарихында айтыс ақындарының тұңғыш жүлдесі екен. Спортшыларда сөз бар ғой «Чемпион болу оңай емес, оны ұстап тұру тіптен қиын» деген. Сол сияқты бас бәйгелі болдық, енді осы абыройды ұстап тұру үшін жатпай-тұрмай алдағы айтыстарға дайындаламын. Әрине, одан кейін ағайынның, ел-жұрттың той-томалағы, отбасы, бала тәрбиесі сынды мәселелер жасала береді ғой. Ең бастысы баршамызға Алла абырой берсін.

– Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыстар тілейміз.

Сұхбаттасқан: Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз