Аймақ басшысы «ҚазТрансОйл» компаниясын 20 жылдық мерейтойларымен құттықтады (ФОТО)

EAC3435 Жаңалықтар

Қазақстанның «қара алтынын» тасымалдаушы ең ірі мұнай тасымалдау операторы – «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының құрылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Осынау мерейтойға орай аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев сала ардагерлері мен компания қызметкерлерін құттықтады.

_EAC3435

Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен салтанатты шараға акционерлік қоғамның бас директоры Димаш Досанов, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі, Қазақстанның еңбек ері Ұзақбай Қарабалин және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты.

_EAC3471

Алдымен, «Жасампаздық пен жетістіктің жиырма жылдық белесі» фильмінен үзінді көрсетілді. Онда Қазақстан Республикасы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мереке иелерін бейнежазба арқылы құттықтап, табыс тіледі. Ал, «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Димаш Досанов 20 жылда мұнай тасымалының екі есеге артқанын, биылдан бастап Ресей мұнайын Қытайға тасымалдауда транзиттік өсімге қол жеткізілгенін айтты.

_EAC3524

Осыдан кейін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ел экономикасының дамуына қосқан мекеме қызметкерлерінің сүбелі үлестерін ерекше атап өтті. Олардың бірқатарына және компания жұмысын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттаған журналистерге Алғыс хаттар табыстады. Олардың ішінде әріптестеріміз – облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов пен «Прикаспийская коммуна» басылымының редакторы Нәсіп Шалабаева да бар.

_EAC3586

– Мекеме қызметкерлері күннің ыстығы мен суығына қарамастан, өндірістік тапсырмаларды жоғары деңгейде орындап жүр. Осы ретте, мұнайды іздеп, барлап, тапқаннан бастап, оны бұрғылап, дайындап, тазалап, тасымалдауға, кейін өңдеуге дейінгі үрдістерге қатысатын әр маманның өз айшықты орны бар. Солардың бірегейі – дайын мұнайды қажет жерге тасымалдап, жеткізушілер. «ҚазТрансОйл» ұжымында еңбек дауы болмайды. Осының өзі ұжымның бірлігі бекем екендігін, Елбасы тапсырмалары сапалы орындалып жатқанын көрсетеді.

_EAC3595

Өзім осы лауазымға дейін мұнай саласында еңбек еттім. Маған компания қызметкерлерімен бірге жұмыс істеу бақыты бұйырды. Сондықтан мұның қаншалықты жауапты жұмыс екенін жақсы білемін. Бүгінде Жылыой, Исатай ауданының және басқа да ауыл тұрғындары Қиғаш-Жаңаөзен құбыры арқылы келетін суды тұтынады. Бүгінгі жетістіктер – сала ардагерлерінің кешегі атқарған еселі еңбегінің жалғасы. Тұрақтылық пен келісім бар жерде, алауыздық болмаған жағдайда ғана табыс бар. Мұнда қызметкерлердің үлкен династиялары қалыптасқан, бұл – мекемеге деген сенімділік пен тұрақтылықтың белгісі. Бәрімізге де компанияның одан әрі 30, 40, 50 жылдық мерейтойларында кездесуге бұйырсын, – деді өңір басшысы.

_EAC3515

Содан соң, бір топ белсенді қызметкерлерге ҚР Энергетика министрлігінің алғыс хаты, «Магистралдық құбыр көлігінің құрметті қызметкері» медалі табысталды. Солардың бірі Амантай Құлбарақов табан аудармастан бір мекемеде еткен ерен еңбегінің арқасында ғана осынау құрметке ие болып жатқанын айтады.

_EAC3606

Бүгінде мекеменің батыс филиалында төрт мыңнан астам адам еңбек етеді. Жиырма жылдың ішінде барлығы 594,2 миллион тонна мұнай тасымалданған. Шара соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына жалғасты.

_EAC3729

_EAC3758

_EAC3764

_EAC3414

_EAC3425

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз