АУЫЗ СУДЫҢ БАҒАСЫ

Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап құбыр бойымен келетін су мен кәріз жүйесі қызметінің бағасы айтарлықтай қымбаттайтын болды. Бұл туралы кеше «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің Атырау коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндалды. Бірден айта кетуіміз керек, басқосуға келген спикерлер мәселенің мәнісін түсіндіріп, мейлінше дәйекті ақпарат таратуға тырысты. Осындай шара алудағы басты мақсат – жұртшылықты суды үнемдей білуге шақыру, орынсыз шашпалыққа жол бермеу. 

Брифингте алғашқы сөз кезегін Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының орынбасары Әлсейіт Сабыров алды. Оныңайтуынша, 2015 жылғы қаңтар айының 28-інде департаментке «Атырау су арнасы» КМК-нан осы кәсіпорын арқылы көрсетілетін сумен жабдықтау және лас суды айдау қызметтері тарифінің (2015-2020 жылдар аралығын қамтиды) шекті деңгейін бекіту және оның үстіміздегі жылдың 1 тамызынан бастап күшіне енуін қамтамасыз ету жөнінде өтінім түскен. Нақтылай кетсек, өтінімде шекті тариф мөлшерін сумен жабдықтау қызметі бойынша бір текше метріне 652,28 және кәріз қызметіне 148,30 теңге көлемінде бекіту сұралатындығы атап көрсетілген.    

Бұдан былай тұрғындар (жеке тұлғалар)  үшін бір текше метр судың бағасы бұрынғы 68 теңге 28 тиыннан 101 теңге 33 тиынға немесе 48,4 пайызға, заңды тұлғаларға 189,7 теңгеден 316,72 теңгеге немесе 67 пайызға  көтерілмек. Сол сияқты, кәріз жүйесінің қызметінің де нарқы жоғарылап, 31,39-дан 35 теңгеге (жеке тұрғындар мен тұлғалар үшін), 122,12-ден 151,98 теңгеге (заңды тұлғаларға) өспек. Су бағасының бұлайынша қымбаттауына материалдар мен химиялық  реагенттер бәсінің көтерілуі; қызмет көрсетуші «Атырау су арнасы» КМК шығындар көлемінің шамадан тыс артуы; тарифтерді қалыптастырудың жаңа механизмдерінің қолданысқа енгізілуі, инвестициялық бағдарламаның (су құбыры желілері мен негізгі активтерді жетілдіру және жөндеу; қуат көзін үнемдейтін жабдықтарды сатып алуға қомақты қаражаттың жұмсалуы, т.б.) жайттар себепші болып отыр.

– Жаңа тарифтер бекітіліп, қолданысқа енгізілгеннің өзінде де біздің қазірде қалыптасқан қаржылық  жағдайымыз әнебір жақсарып кетеді деп айта алмаймын. Өтінім беріп, бес жыл мерзімге дейін сақталатын бірыңғай тұтыну тарифтерін бекіту туралы департаментке ұсыныс жасадық, – деді екінші болып сөз кезегін еншілеген «Атырау су арнасы» КМК-ның директоры Андрей Ташлыков. – Бұл қадамымыз бір қарағанда, тұтынушы тараптарға біраз қиындықтар әкелетінін ескерсек те, одан көп пайда табуымыз немесе белгілі бір тиімділікке қол жеткізе қоймасымыз да анық. Десек те, тарифті көтере отырып, кәсіпорын инвестициялық бағдарламада айқындалған міндеттемелерін орындауға, сөйтіп активтерін жаңартуға, жоспарланған жұмыстарды толыққанды атқару үшін аз да болса қаражат тартуға мүмкіндік алады деп есептеймін.

Кәсіпорын басшысының түсіндіруінше, қолданыстағы тарифтер өзгертіліп, өсірілгенімен, осыған дейін орын алып келген басты проблема-тұтынушылардың төлем қабілеттілігінің төмендігі, яғни бәрінің бірдей пайдаланылған қызмет ақысын төлеу белсенділігінің бірдей еместігі болып қалуда. Олардың бір тобы қызмет көрсетуші кәсіпорынмен уақытында есептесіп отырса, енді біреулері айлап, жылдап тиісті төлемдерін төлемейді. Өзінің тиімділігі мен үнемділігін тәжірибе жүзінде дәлелдей бастаған жалпыүйлік есептегіш құрылғыларын орнату мәселесінде тұрғындар енжарлық танытады. Соған қарамастан, «Атырау су арнасы» КМК басшылығы бұған дейін қолға алынған шаруаны әрмен қарай жалғастыруға мүдделі екенін білдік.

Ауыз су мен канализация жүйесі қызметі  бағаларының  көтерілуі тұрғын үй көмегін белгілеу мәселесіне де әсер етіп, ықпалын тигізетіндігі сөзсіз. Атап айтқанда, осы санатқа кіретіндердің құжаттарын жинақтап, рәсімдеуге келгенде кейбір кедергілер туындауы да ықтимал. Бұл жайында Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы  Мереке Жаңбырбаев хабардар қылды.

Соңынан спикерлер брифингке қатысушы журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар қайтарды. 

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз