Ауылда жанған алау

ИСАТАЙ. Ұлы Отан соғысы басталғанда Нарын даласынан екі мыңнан астам азамат қолдарына қару алып, майданға аттанған еді. Ауылдағы бар қиыншылықтарды қыз-келіншектер мен буыны бекімеген өрімдей балалар, егде тартқан қариялар көтерді. Осы кезеңде мал басын көбейту, өнімін молайтудағы қажырлы еңбектері үшін новобогаттықтар КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл туын екі рет жеңіп алды.

Аққыстау кентінде Облысқа танымал мүсінші Серік Мәтениязовтың жобасы бойынша өткен жылғы желтоқсанда «Мәңгілік алау» кешені пайдаланылуға берілген болатын. Бұл күнгі мерекелік шараға майдангерлердің ұрпақтары, аудан жұртшылығының өкілдері көптеп жиналды. Исатайлықтар 1625 боздақтың есімі мәрмәр тасқа қашалып жазылған ескерткіш жанында боздақтар рухына тағзым етті.

«Жалын» мәдениет үйінде өткен мерекелік шарада аудан әкімі Т.Сұлтанбеков сөз сөйлеп, Қазақстанның әскери саласына мол үлес қосқан ауған соғысының ардагері Мереке Мұхамбетовке «Исатай ауданының Құрметті азаматы» атағын табыстады.

МАХАМБЕТ. Осы топырақтың төлтумасы, Кеңес Одағының Батыры Георгий Федорович Канцевтің ескерткіші басында ардагерлер өздерінен кейінгі орта және кіші буын өкілдерімен жүздесіп, ер рухына тағзым етті.

Аудан әкімі Әлібек Нәутиев бүгінде көзі тірі соғысқа қатынасушы алты ардагердің шаңырағында болып, майдангер қарттарды мерекемен құттықтады.

Жеңіс күнін жақындатуға ерлікке пара-пар жанқиярлық еңбектерімен елеулі үлестерін қосқан тыл ардагерлері де ұлықталды. Өз кезегінде аудан мен ауыл әкімдері тарапынан бұларға да лайықты сый-сияпат ұсынылды.

 Махамбет селосындағы «Боздақтар ескерткіші» мемориалдық кешеніндегі «Мәңгілік алауға» аудандық әкімдік пен мәслихат, ардагерлер кеңесі мен қорғаныс істері бөлімі, басқа да салалық бөлімдер мен кәсіпорын-мекеме, үкіметтік емес ұйымдар атынан гүлдестелері қойылды.

Кешкісін махамбеттіктер аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйі жанындағы «Сайран» вокалды-аспапты ансамблі ұжымының мерекелік-сазды бағдарламасын тамашалап, тарқасты.

МАҚАТ. Жеңіс күнгі мерекелік шаралар легі «Ерлікке тағзым» монументіне, Кеңес Одағының Батыры Мұса Баймұхановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Бұдан соң тұрғындар «Жеңіс саябағындағы» шеруде сап түзеп, майдан даласында өшпес ерлік пен жанқиярлық көрсеткен жерлестерін бір минут үнсіздікпен еске алды. Аудан әкімі Берікқали Сәрсенғалиев көпшілікті Жеңіс мейрамымен құттықтады.

Аудан басшылары 98 жастағы қарт майдангер Есбол Оңайбаевтың шаңырағында болып, ақсақалға аудан әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы атынан естелік сыйлықтарын тарту етті. Қазір ауданда алты жүздей тыл ардагері тұрады. Олар жастарды отаншылдыққа, бауырмалдыққа, адал еңбекке, патриоттыққа тәрбиелеуде өзіндік үлестерін қосып жүр.

 Майдангерлердің бүгінгі ұрпақтары ата-бабаларының қанымен келген Ұлы Жеңісті әнге қосты.

ҚЫЗЫЛҚОҒА. Қызылқоғадан майданға аттанған 4,5 мыңдай азаматтың арасынан Ұлы Жеңістің 71-ші салтанатын елмен бірге тойлау тек екі майдангерге ғана бұйырып отыр. Олардың екеуі де Сағыз ауылдық округінде тұрады, бақытты ғұмыр кешуде. Майдангерлерге аудандық бюджеттен екі жүз мың теңге бөлініп, материалдық көмек көрсетілді.

Миялы селосының орталық алаңындағы «Мәңгілік алау» ескерткіші жанында бүгінгі ұрпақ үшін қан төгіп, майдан даласында шейіт болған ауылдастар рухына тағзым етіліп, гүлдестелері қойылды. Салтанатқа жиналған жұртшылық өкілдерін аудан әкімі Мақсот Мұқанов құттықтады.

Бұдан әрі мерекелік шаралар ауыл сыртындағы «Бәйгетөбеде» жалғасты. Бұл жолы мұқырлық Еркін Қабиевтың тұлпары озып келді.

ЖЫЛЫОЙ. Ұлы Отан соғысы жылдары бұл өңірден бес мыңға жуық жауынгер аттанып, 3163 боздақ елге оралмай, майдан даласында мәңгілікке қалды. Былтыр Ұлы Жеңістің торқалы тойы қарсаңында «Мәңгілік алау» кешені қайта жаңғыртылып, көпшіліктің демалып, тынығатын орнына айналды. Шараға келген соғыс және тыл ардагерлері, ауған соғысына қатысушылар, өмірден өткен майдангерлердің ұрпақтары саябақтағы «Мәңгілік алау» жанын алқызыл гүл дестелерімен көмкеріп тастады.

Жиналған көпшілікке аудан әкімі Мақсым Ізбасов құттықтау тілегін жеткізген соң, ауданда әлі сапта жүрген тоғыз майдангердің бірі Әбдірахман Елеубаев тебірене толқи сөйледі.

– Бұл Жеңіс біздің ұрпақ өкілдеріне оңайлықпен келген жоқ. Неміс басқыншылары Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасағанда қолға қару алып, Отанымызды қорғауға аттанғандардың бірі мен едім. Енді мұндай соғысты кейінгі ұрпағымыз көрмей-ақ қойсын. Жер жүзінде бейбітшілік заман болғай!

Саябақта соғыс кезінде жауынгерлер шырқаған әскери әндер орындалып, мерекені әрлендіре түсті.  

ҚҰРМАНҒАЗЫ. Отан қорғауға аттанған алты мыңға жуық құрманғазылықтың арасынан тек үштен біріне ғана туған топырағына оралу бақыты бұйырды. Сол бір қанқұйлы шайқастардан аман келіп, бүгін ауданда жалғыз өзі қалған тірі майдангер Борис Козловты аудан әкімі Бибоз Шаяхметов құттықтап, сый-сияпат көрсетті.

Тылда Жеңісті жақындатуға үлес қосқан тыл ардагерлері де назардан тыс қалмады. Солардың қатарында ері майданға аттанып, хабар-ошарсыз кеткен, бүгінде жасы жүзге таянған кейуана Уағиса Мұхтарова да бар.

Қастерлі мереке қарсаңында аудандық мұражайда Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері Муса Досжанов пен Зейнолла Хамзаевтың туғанына жүз жыл толуына арналған көрме ашылды.

Мереке күні Ломоносов атындағы орта мектеп ғимараты алдындағы Кеңес Одағының Батыры Александр Афанасьевтің ескерткішіне гүл шоқтар қойылды. Болашақ ұрпақтың бақыты үшін бақилық болған боздақтардың есімдері жазылған ескерткішке аудандық мекеме-ұйымдар ұжымдары гүлдестелерін қойып, өшпес ерлік мен батылдыққа тағы бір тағзым жасады.

ИНДЕР. Қазыналы Дендер жерінен Отан қорғауға аттанып, неміс-фашист басқыншыларымен болған шайқастарда қаһармандықтың үлгісін көрсеткен Боран Нысанбаев, Иван Березин, Иван Махориндер Кеңес Одағының Батыры, ал, Гаврилл Шамин «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Қазір аман-есен елге оралып, бақытты ғұмыр кешіп жатқан алты майдангер мемлекет тарапынан тиісті қамқорлықтарды көруде.

Аудан орталығындағы «Борат» мәдениет үйінің алдына жиналған көпшілік соғыстан оралмаған боздақтарын үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым жасады. Мекеме, кәсіпорын ұжымдары атынан ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Аудан әкімі Серік Арыстан жұртшылықты мерекемен құттықтады.

Көптоғай ауылында тұратын майдангер Жұмабай Жұмашевтың, тыл ардагері Әлима Дәулетқалиеваның шаңырағына бас сұққан аудан басшысы оларға мерекелік құттықтау хат пен ескерткіш сыйлықтарын ұсынып, ұзақ та бақытты ғұмыр тіледі.

Бұл күні ауданда аламан бәйге мен ұлттық спорт сайыстары ұйымдастырылып, жұртшылыққа мерекелік көтеріңкі көңіл сыйлады.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз