АУКЦИОНДА – ЖЕР УЧАСКЕЛЕРІ

Кеше бесінші шақырылған Атырау қалалық мәслихатының кезектен тыс ХХХІІІ сессиясы өтті.

Сессияның күн тәртібінде «Атырау қаласында аукционға шығарылатын жер учаскелерінің тізбесін бекіту туралы» мәселе қаралды. Бұл жайында Атырау қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Серік Нысанбаев хабарлама жасады.

Атырау қаласы бойынша аукционға шығарылатын жер учаскелерінің тізбесіне барлығы 46 учаске енгізілген. Алдын ала дайындалып, мәслихат депутаттарының талқылауына ұсынылған бұл тізбе жобасында әрбір жер учаскесінің нысаналы мақсаты, орналасқан орны, өлшемі мен жалпы көлемі көрсетілген. Қарастырылып отырған учаскелер негізінен қаланың Азаттық даңғылы, Қ.Смағұлов алаңы, Авангард 3-мөлтекауданындағы саябақ, Тұрғын үй қалашығы аумағындағы саябақ, Вокзал маңы 5-мөлтекауданы, Саламат Мұқашев атындағы алаң, Алмагүл мөлтекауданындағы саябақ, Атырау-Дамбы тас жолының бойындағы Зарослый елді мекені аумағы мекен-жайларында орналасқандығы мәлімделді.

хабарламашы жер учаскелерін аукционға шығарып, сату жұмыстарының белгілі бір заңдылықтар шеңберінде, бекітілген тәртіп пен талапқа сәйкес жүргізілетіндігін қаперледі. Халық қалаулыларының тарапынан туындаған сауалдарға жауап қайтарып, түсінік берді.

Сессия жұмысына Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев қатысты.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз