Атыраулық жастардың арқасында жағдайы жоқ жанұялар баспаналы болды

Адамгершілік айнасы Жаңалықтар Әлеумет әлеуеті

Atr.kz/31 наурыз, 2020 жыл. Елімізде «Еріктілер жылы» жарияланбас бұрын да осы іспен шұғылданып, елге қайырымын жасап жүрген ұйымдардың бірі ­– «Атырау көмек» волонтерлік тобы.

Осымен төртінші жыл қатарынан еріктілер қозғалысына өзіндік үлесін қосып келе жатқан топ жетекшісі Айжан Әбдірасылованың айтуынша, бұлардың басты мақсаты ­– жалғызбасты аналарға, көпбалалы және күнелтіс деңгейі төмен отбасыларға көмек көрсету. Осылайша, күні бүгінге қамқорлыққа алынған отбасыларының саны 280-ге жуықтаса, олардың басым бөлігі баспанасыз екен.

            ­-Бірінші кезекте жалғызбасты аналарға жәрдемдесетін себебіміз, көбінесе қиындықта қалып, қолдауды қажетсінетіндер сол санаттағы жандар екеніне көзіміз жетті. Түрлі жағдайда жұбайынан ажырасып кетіп, отбасының бар тауқыметі мойнына түсіп, қиындықта қалған жандарды ата-аналары да қабылдай қоймайды. Оның үстіне, сәби күтімімен отырғандықтан олардың жұмысқа тұруға да шамасы келмейді. Ал, мемлекеттен алатын азды-көпті жәрдемақысы пәтер жалдауға кетеді, ­- дейді «Атырау көмектің» басшысы Айжан Әбдірасылова.

            Өткен жылы еріктілердің көмегімен 12 әйел қысқа мерзімдік кәсіптік курстарда оқып, тігінші және маникюр мамандықтарын меңгерген. Мүмкіндігіне қарай кейбіреулері жұмысқа орналасса, тапсырысты үйден қабылдап, нәпақасын тауып отырғандар да жоқ емес. Жоғарыда айтылғандай, волонтерлер өз кезегінде, көпбалалы отбасыларын да назардан тыс қалдырмай, қолұшын беріп отырады. Қажетті азық-түлік тағамдарын сатып алуға қаражат жинаудан бөлек, мұнда бұрын пайдаланылған киім-кешек, жиһаз, төсеніш, төсек-орын, ыдыс-аяқ тәрізді тұрмыстық бұйымдарды жинақтау орны жұмыс жасайды. Жуып-тазаланып, үтіктелген киімдерді әркім өзі таңдап, үйлескенін алады. Қайырымдылық шаралары арқылы жиналған азық-түлік тауарлары мұқтаж отбасыларына ай сайын, арнайы жасақталған тізімге сәйкес үлестіріледі.

            Айрықшалап айтуға тұрарлық жайт, былтыр демеушілерді тарту жолымен «Атырау көмек» атыраулық бес жанұяның баспаналы болуына жәрдемдесіпті. Бұлардың екеуінде кішкентайынан мүгедек балалар тәрбиеленсе, үшеуі көпбалалы отбасылар. Қаржылай көмектескендердің қатарында жергілікті құрылыс компаниялары мен жеке кәсіпкерлер бар. Қазіргі кезде көліксіз көп шаруаның біте бермесін ескерген еріктілер бұл жағын да оңтайлы шешіп қойыпты. Ол үшін әлеуметтік желілерге хабарлама жолдап, қай кезде, қандай көмек керегін хабарлайды. Міне, сол сәтте көлікті азаматтар да келіп жетеді.

            «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, көмек қолын созуға әзір қайырымды, жомарт жүрект азаматтар  Атырауда да аз емес. Еріктілердің ойына алғанын іске асыруға мүмкіндік жасайтын да сондай жандар екені даусыз. Ойын осылай түйіндеген волонтерлер ұйымының жетекшісі осы орайда, тағы бір жағымды жаңалығымен бөлісті. Жақында ғана оларға екі кішкентай баласы бар жас отбасы хабарласып, екі күн бойы теміржол вокзалына түнегенін жеткізіпті. Осындай қиын ахуалға тап болған жас отбасына қолдау білдіру мақсатында жазылған хабарландыруға үн қосудың арқасында бір күнде 100 мың теңге ақша жиналып, екі айлық баспана жалдау ақысы төленіпті.

Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған