АТЫРАУЛЫҚ КӘСІПКЕРДІҢ БАЛАЛАРҒА СЫЙЫ

Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкiбас ауданындағы Келтемашат ауылдық округiндегi Машат өзенiнiң шатқалында «Дина» сауда-өндіріс компаниясы 300 балаға арналған «Машат – Арасан» емдеу-сауықтыру лагерiн ашты. Лагерьдің ашылу салтанатына облыстық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма басшылары, Түлкiбас ауданы әкiмiнiң орынбасары Өтепбай Маткерiмов және «Машат – Арасан» лагерiн жеке қаржысына қайта тұрғызған Қазақстанға белгiлi кәсiпкер, атыраулық азамат Төкен Жұмағұлов қатысты.

 

Кәсіпкер жалпы аумағы бес гектар жердi алып жатқан бұрынғы лагерьдi қайта жөндеуге, футбол, волейбол, ойын алаңдарын, жүзу бассейнiн салып, басқа да қосымша жаңа ғимараттар тұрғызуға 100 миллион теңге қаржы жұмсаған.  Айта кететін жайт, лагерьге алғашқы болып Атырау облысынан  7-14 жас аралығындағы 300 бала қабылданды. Олардың ішінде, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларынан шыққан 100 баланы облыстық әкімдік, 50 баланы «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалы өз қаржысы есебінен жіберіп отыр. Демалушы балаларға лагерьде барлық жағдай жасалған. Күнделiктi бес мезгiл берiлетiн дәруменге бай дәмдi тағамдар, түрлi спорттық ойындар, мәдени-сауықтыру кештерi және тағы да басқа толып жатқан ойын-сауықтар жас өскiндердi жалықтырмасы анық.

Бұл – атыраулық кәсіпкер Төкен Жұмағұловтың туризм саласын дамыту үшін қолға алып жатқан игі бастамасы және әлеуметтік саланың өркендеуіне қосқан тағы бір үлесі. Айта кетсек, бұған дейін де Төкен Танаұлы осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарған болатын. Мәселен, ол ашқан «Тағылым» жеке мектебі, «Дина медикал» медициналық орталығы, «Танарис» киностудиясы бүгінгі күні халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Енді атыраулық балаларға арнап лагерь ашып отыр. Мұндағы мақсаты – кәсіпкер ретінде пайда табу емес, балалардың жүздеріне қуаныш сыйлау, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына жәрдемдесу. Сондықтан, лагерь ашылғанға дейінгі барлық жұмыстың басы-қасында өзі жүрді. 

«TNS-group» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі вице-президенті Рашила Мүрсәлиеваның айтуынша, аталған лагерь жазғы негізде ашылғанымен, болашақта жыл бойына балаларды қабылдау жоспарда бар.

– Бүгiнгi таңда лагерьде 50-ге жуық адам жұмыс iстеуде. Олардың барлығы да – білікті оңтүстіктік педагог-мамандар. Емдеу-сауықтыру лагерінің іші кең, жарық, балалардың жататын орындары таза, әрі ыңғайлы. Және орналасқан жері де ерекше көз тартады. Ауасы керемет, суы таза. Заманауи талапқа сай асхана жұмыс жасайды. Балалар арнайы вагонмен аттанады және оларды автобус күтіп алады, – дейді ол.

Емдеу-сауықтыру лагерінде болып, жағдайымен толық танысқан белгілі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев та:

– Машатта болдым. Қаладан елу шақырымдай тау қуалай көтеріліп кетеді екен. Өте әдемі аңғарда орналасқан, тал-терекке бөленіп тұрған үлкен демалыс орны.  Барғанымызда Төкен Танаұлы өзі командасымен сол жерде жүрді. Балалардың ойнайтын футбол, баскетбол алаңдары, жүзу бассейні — барлығы керемет. Жатын орындары, асхана да заман талабына сай жасақталған. Ең бастысы, ауасының өзі адам ағзасына шипа. Бұрын лагерь «көгілдір отын» желісіне қосылмаған екен. Төкен Танаұлы енді газ жүргізу мәселелерін қолға алуда.  Шынын айту керек, қай-қайсымыз да демалуға шетел асып кетіп жатамыз. Мен қатты қызықтым, Бұл — атыраулық балалардың тынығуына арналған игілікті, салауатты шара, – деп, бізбен демалыс орнынан алған әсерімен бөлісті.    

Лагерь жаңа оқу жылы басталғанша әр 12 күн сайын жазғы маусым бойы 1500 баланы қабылдайтын болады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз