АТЫРАУЛЫҚ ЕМХАНА – ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

Республикалық стандарттау орталығы рейтингілік көрсеткіштер бойынша ең үздік емханаларды атады. Мемлекет бойынша үздік үштік емдеу орындарының қатарына Атырау қалалық №7 емханасы да енді.

Мұнда медициналық қызмет көрсету сапасынан бөлек, мекеменің заманауи технологияларды, салаға еніп жатқан жаңалықтарды қызметте қолдануы есепке алынады. Қазіргі таңда  әлеуметтік ауру түрлері жағдайының барлығы арнайы канцер-регистр деп аталатын электрондық бағдарламаға енгізіліп, сол арқылы орталық емдеу орындарының атқарып жатқан жұмысын тікелей бақылауда ұстап отырады. 

– Біздің басты мақсатымыз – заманауи технологияны қолданысқа енгізу. Сонымен қоса, мемлекет қаржысын үнемдеу үшін аурудың алдын алуды нақты қолға алып келеміз. Бұл үшін мемлекет бізге барлық жағдай жасап отыр, – дейді емхананың бас дәрігері Ғазиз Есқали.

Ең алдымен, емхананың аурухана алмастыру технологиясын қызметке енгізгені  аталған орталық мамандары тарапынан жоғары бағаланған. Ойлап қарасақ, ауруханада жатқан әр нау-қас үшін мемлекет аз қаржы жұмсамайды. Мәселен, ауруханаға түскен әр науқас үшін тамақтануына және тағы басқа жағдайлар жасау үшін  мемлекет тәулігіне 50 мың теңгедей қаржы бөліп отырады. Әрине, мемлекет халықтың саулығы үшін қаржы  аямайды. Алайда, сондай сапалы емді аяқтай жүріп алуға мүмкіндігі бар адамдар да бар. Оларды күндізгі ауруханаларда емдеуге де әбден болады. Осы мақсатта емхана жанынан 70 кереуеттік күндізгі аурухана ашылып, қажетті дәрі-дәрмектермен толық қамтылған және ол науқастарға тегін беріледі. Оның 30 кереуеті балаларға арналған. Екіншіден, аурудың алдын алуға бұл технологияның тигізер үлесі мол. Қазіргі таңда аталған емханада күрделі зерттеулерден өткізу үшін диагностикалық аппаратуралардың бәрі бар.

–  Өткен жылы 70 кереуетті толық   пайдаланып, науқастарды орта есеппен жеті күнде емдеп шығардық. Нәтижесінде, 41 миллион теңге қаражат игердік. Ал, үйде жатқан науқастарды жанұя дәрігерлері арқылы емдеп, тегін дәрі-дәрмекпен қамтыдық. Орталық біздің осы бағыттағы белсенді жұмысымызды байқаса керек. Сонымен қатар, емхана жанынан мүгедектерді оңалту орталығының ашылуы, қала маңындағы мамандары жоқ Дамбы, Еркінқала, Ақжар, Геолог, Теңдік, Ақсай ауылдары тұрғындарына тегін консультативті көмек көрсетілуі де үздіктер қатарынан көрінуімізге септігін тигізді, – дейді бас дәрігер.

Мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында дүниежүзілік сертификатқа ие орталықтандырылған «Олимп» зертханасымен бірлесіп, клиникалық-биохимиялық зертхана ашылды. Бұл да емхананың басты жетістіктерінің бірі деп айтуға болады.

Кезек санын азайту мақсатында да біраз жұмыстар қолға алынуда. Бұрын бір тіркеу бөлімі болса, қазіргі таңда үш орын ашылып, операторлармен, интернет-телефондармен толық қамтылған.

Бүгінгі күні емханада үш құрылымдық бөлімше жұмыс жасайды. Атап айтсақ, олар – бірінші және екінші жанұя орталықтары мен консультативтік-диагностикалық бөлім.

Бас дәрігердің айтуынша, ендігі кезекте тұрғындардан келіп түскен сұранысты дер кезінде қамтамасыз ету мақсатында жедел көмек көрсететін жылжымалы топ ұйымдастырылуда.

– Жетістігіміз көп, алайда, кемшіліктердің де барын жасыра алмаймыз. Бұдан былай  кез келген  дәрігер  науқасты тікелей қабылдамайды, тек бекітілген жанұя дәрігерінің жолдамасымен ғана қарайды. Және бұл жолдама қағазға жазылған түрде емес, тек электронды нұсқада жүзеге асырылады. Бұл жолдама әр дәрігерге еңбекақы ретінде жүреді.  Емхананың талшықты оптикалық желіге әлі күнге дейін қосылмауы тұрғындардың дер кезінде дәрігерге көрінуіне кедергі келтіріп тұрғаны рас. Бұл мәселені «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп шешу үшін жұмыстанудамыз, жуық арада шешіледі деген үміттеміз, – деді сөзін түйіндеген Ғазиз Есқали.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз