«Атыраудың» пікір алаңы: КАРАНТИНнен НЕ түйдік?

ennknk Жаңалықтар

Аtr.kz/3 маусым, 2020 жыл. Сонымен, карантин талаптары қоғамды неге үйретті? Біз бұл туралы тұрғындардың өздерінен білмек болдық…

 Аружан ӘБУОВА,

студент, Атырау қаласы:

«Еуропада жүріп, елді аңсадым»

– Мен алғашқы оқу жылымды ойдағыдай аяқтап, күні кеше Атырауға оралдым. Францияның Клермон-Ферран қаласындағы Блэз Паскаль университетінің коммуникация және шет тілдер факультетінің бірінші курс студентімін. Әлем тілдеріне, өнер-киноға әуестігім осы оқу орнын таңдауыма себепші болды. Ата-анамның қолдауымен аталған оқу орнының студенті атанып, алаңсыз, қызықты студенттік кездерім басталды. Алайда, бүкіл әлемді алаңдатқан пандемияға байланысты Франция басшысы Э.Макрон 17 наурыздан бастап, елде төтенше жағдай режимін енгізді. Тиянақты, сатылай жүргізілген түсінік, дайындық жұмыстарының нәтижесінде жалпыхалықтық дүрбелең орын алған жоқ. Мектеп, университеттердің жұмысы тоқтап, қашықтан оқу жүйесіне көштік. Жатақханада жатып, сабақ оқып, емтихан тапсырдық. Университет студенттер туралы толық мағлұматтар жинап, интернетке қолжетімділік, гаджеттермен қамтылуға жәрдемдесті.

Формуляр, яғни, қайда, қанша уақытқа шығып бара жатқаның туралы толық мәлімет жазылған арнайы құжат арқылы күніне 1 рет нақты себеппен үйден шығуға рұқсат берілді. Себепсіз сыртқа шыққандар үшін алғашқыда 135 еуро, екі апта ішінде тағы қайталанса, 200- 1500 еуро, бір айда 4 рет талап бұзса, 3750 еуро сомасында айыппұл немесе 6 ай түрмеге қамау жазасы қолданылды. Студенттерге де онлайн құжаттар тапсыру арқылы арнайы жәрдемақы алу мүмкіндігі қарастырылды.

Қалалар қаңырап, адам, көлік легі әп-сәтте тиылды. Қорғану шаралары барлық жерде қатаң сақталды. Франциядағы Қазақстан елшілігі төтенше жағдай енгізілген сәтте-ақ елге оралуға ниет білдіргендердің тізімін жасақтады. Алайда, мен ата-анаммен ақылдаса келе, оқу жылымды толық аяқтаған соң елге оралу туралы шешім қабылдадым.

Біздің университетте Қазақстаннан екі студент болдық. Қалғандары әлемнің әр түкпірінен. Көбі француздар. Испания, Англия, Шотландия, Ресей, Грузия, Армения, Шешенстаннан достарым болды, бірге оқыдық. Жағдай қорқынышты, әрі қиын болса да, бір-бірімізге моральдық көмек бердік. Ата-аналарымызбен де тұрақты байланысып тұрдық, олардың қолдауы арқылы үрейге бой алдырмадық.

Барлық сынақтарды тапсырып, сабақ аяқталған соң елшіліктің ұйымдастыруымен Париж– Амстердам–Атырау бағытымен жолға шықтық. Елшілік қызметкерлері бізді үйге жеткенге дейін қашықтан, онлайн бақылап, қолдау білдіріп отырды.

Ұшақта арнайы медсараптама жасалды. Оқшаулау орнына жайғастырып, қажетті керек- жарақ, тамақпен қамтамасыз етті. Менің талдау қорытындыларым теріс нәтиже берген соң, үйге кетуге рұқсат берді.

Еуропа елдеріндегі ахуалды көзбен көрген соң, елге оралғанда қорғану шараларының өз деңгейінде сақталмай жатқанын көріп, қынжылдым. Бірақ, ең бастысы, қазір ата- анамның қасында, өз Отаныма оралдым. Бұл оқиғалар легі маған ата-анам мен туған жердің қадірін терең түсіндірді. Осы кезең мен үшін үлкен өмірлік сабақ болды.

Ізғали ҚАБИ,

Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылының тұрғыны:

Немере тәрбиесімен айналыстым

– Мен – тарих пәнінің мұғалімімін. Мектебіміз өзге оқу орындары секілді онлайн режимде оқушыларға дәріс берді. Сонымен қатар, карантин уақытынан бұрын ата-әжесіне қыдырып келген қос немеремнің сабағын оқытып, ата- аналарының алаңсыз жұмыс жасауына жәрдемдестік. Шыны керек, бұған дейін немерелерім жазғы каникул кезінде азғантай уақытқа ғана қыдырып келетін. Ал, бұл жолы 2 ай уақыт біздің қасымызда болды. Осылайша, «ата-әжесінен алыстап, ауылға жиі келмейді» деген олқылықтың орны толды.

Оқу жылы аяқталды. Оқушыларыммен бірге немерелерім де жақсы бағамен бәрімізді қуантуда. Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған республикалық «Дара бала» байқауында «Ерлікке тағзым» суретімен немерем Әлихан жүлделі орын алса, Асылым қызымыз қалалық «Жас ертегішілер» байқауына қатынасып, екінші орын алды. Жал­пы, бұл уақыт бізге отбасылық құндылықтардың бәрінен де артық екенін айқын аңғартты.

Зухра АЙДЫНОВА,

Исатай ауданы, Жанбай ауылының тұрғыны:

«Әйелдің бір ісі артық…»

– Балабақшадағы қызметіміз тоқтап, карантиндік режим енгізілген алғашқы сәтте абдырап қалғанымыз рас. Алайда, бір аптадан соң-ақ, бұрынғы тірлігімізді жалғастыра отырып, қосымша жұмыс жасау қажеттігін сезіндік. Сол оймен әлеуметтік желі арқылы онлайн тігін курсынан өтуді жөн көрдім. Әйел адамға кез келген істің бөтендігі жоқ, соның ішінде ине ұстап, іс тігу – өте қажет-ақ.

«Ауылда отырмын, карантин болғандықтан еш мүмкіншілік жоқ» деген сөздер – сылтау ғана. Өйткені, бәрі өз қолыңда. Кім білген, күндердің күнінде карантин кезінде алған қосымша білімім мені арманыма жеткізіп, өз брендімді де қалыптастыратын күн туар! Армандай білейік, арманға жетуге талпынайық.

Жалпы, бұл кезең бізге көп нәрсенің құнын арттырып, өмір мәнін ұғындыра түсті. Қарапайым әңгімелесіп, бетпе- бет жүздесудің де баға жетпес бақыт екенін сезіндік.

Жанна МҰҚАШЕВА,

Атырау қалалық №7 емхананың патронажды аға мейірбикесі:

«Балаларға бауыр бастық»

– Патронаж тәрбиесінде «баланы өзіне тарту, бауыр басу» деген ұғым бар. Жаңа туған сәбиді анасы мейірімге бөлеп, өзіне тартуы тиіс. Бұл – табиғи құбылыс. Медицина саласының маманы ретінде біздің де көздеген негізгі мақсатымыз осы.

Карантин кезінде жұмысымызды тоқтатқан жоқпыз. Жаңа туған нәрестелердің үйіне барып, алғашқы дәрігерлік тексерістер жүргізіп, анасына жәрдемдестік. Жалпы, бұл ұғымды қызметімізде жиі пайдалансақ та, өз өмірімізде пайдалануға шорқақ екенбіз. «Жұмыс, уақыт тапшы» деп жүріп, бала тәрбиесіне лайықты уақыт бөле алмайтынымыз шын. Сол үшін бұл балаларымызбен бірге болуға таптырмас кезеңге айналды. Бір өзім дәрігер, мұғалім, балабақша тәрбиешісі болдым. Спортқа көңіл бөліп, салауатты өмір салтын ұстандым. Мынау індеттен тезірек айығып, қалыпты өмірге оралсақ деп тілеймін.

Пікірлерді жазып алған Гүлжан ӘМІРОВА

*ҚЫЗЫҚТЫ ҚАРАҢЫЗ

Дүниежүзін дүрліктіріп, әлемді әуреге салған қауіпті дерт адамзаттың басым бөлігін төрт қабырғаға қамап, оқшаулануға, оңашалануға мәжбүр етті. Қызығы сол, тарихи деректерді қарасақ, бұған дейін де әлемде болған осындай кездер танымал тұлғалардың жарқын идеялар мен тың бастамаға кенеліп, шығармашылық шабыттары ашылған тұстарына сәйкес келген екен.

Мәселен, атақты Уильям Шекспир 1606 жылы Англияны жаппай қырғынға ұшыратқан оба кезінде карантинде жатып, әйгілі «Король Лир», «Макбет» «Антоний мен Клеопатра» шығармаларын жазған.

Бұл індет әйгілі ғалым Исаак Ньютонға да әсер етті. Өйткені, мұғалімдік қызметінен уақытша ажырап, әріптестерінен алыстап кеткен ол амалсыздан ғылымға бет бұруының нәтижесінде «Ньютон заңдары» пайда болған.

Пушкиннің де шығармашылық шабыты ашылған шағы карантин кезіне тап болған. 1830 жылы туған өңіріне, Балдино селосына барған сәтте тырысқақ ауруы шығып, ақын 3 ай ауылда жатуға мәжбүр болады. Бұл оның шығармашылығындағы ең жемісті кезең саналады. Өйткені, осы уақытта ертегілері, «Евгений Онегин» шығармасының басым бөлігі жазылған.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз