Атырауды көркейту жоспарында не бар?

opropop Жаңалықтар

Atr.kz/4 қазан, 2019 жыл. Бүгінгі таңда Атырау қаласының жер қоры 17 мың гектарды құраса, 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш 41,5 мың гектарға жетеді. Соның ішінде, 14,3 мың гектарды Махамбет ауданының аумағы есебінен қосу қарастырылып отыр. Жаңа қаланы салу үшін ескі ғимараттар біртіндеп құлатылады. Бұл туралы қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Ерлан Қабдинов хабарлады.

ЕСКІ ҮЙЛЕРДЕН АРЫЛСАҚ…

Бас жоспарға сәйкес, шаһардың Жайық өзенінен Құрманғазы көшесіне және Құлманов көшесінен Бейбарыс даңғылына дейінгі аралықтағы, жалпы ауданы 195,7 гектарды құрайтын аумақтағы ескі, апатты жағдайдағы үйлер мен ғимараттарды құлату жоспарланып отыр. Жүзеге асырылу мерзімі 2029 жылға дейін есептелген осы жұмыстарды атқару 12 кезеңге бөлінген. Мәселен, 2017 жылдан басталған бірінші кезеңде Ә.Молдағұлова, Ә.Жангелдин, А.Байтұрсынов, Б.Жарбосынов, А.Пушкин, Т.Бисекенов, Ж.Нәжімеденов, Ю.Гагарин, И.Тайманов көшелеріндегі 271 үйді құлату көзделіпті. Оның жалпы ауданы 18,51 гектарды құрайды.

Қазіргі уақытта тұрғын үйлері бұзылған 171 меншік иесіне 4 млрд. 845 млн. 408 мың теңге қаржы өтемақы түрінде төленген. Бұл аумақта болашақта көп қабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар салынады. Ал, екінші кезеңде қамтылатын аумақтағы тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарды аула бойынша аралау аяқталды. Келесі кезекте жылжымайтын мүлікті бағалау жұмыстары басталады.

Содан соң өтемақы ретінде төленетін қаражат көздері іздестіріледі. Меншік иесіне ақшалары қайтарылғасын, қирату жұмыстарымен айналысатын мердігер мекемені анықтау жөнінде тендер жарияланады. Бұл 2020 жылдың бірінші жартысында өткізіледі деп күтілуде. Жақында қалаға қосылған Геолог ауылдық округі мен Алмалы, Береке ауылдарының аумағын есепке алғанда, қазіргі уақытта Атырау қаласының жалпы ауданы 44 мың гектарға жуықтайды.

ТАЛҒАЙРАҢ – ШАҒЫН ШАҺАР

Сонымен қатар, көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізу мақсатында қала аумағындағы Талғайраң елді мекенін егжейтегжейлі жоспарлаудың жобасы дайындалған. Осында 100 гектарға шақталған жер телімі әзірленіпті. Мұнда демалыс орны, бес қабатты 82 және тоғыз қабатты 58, коммерциялық негіздегі 41 үй, төрт балабақша мен сонша спорт алаңы, екі мектеп, сондай-ақ, денешынықтыру-сауықтыру орталығы мен емхана құрылысын салу қарастырылған.

Талғайраң ауылының маңынан бөлінген 1 300 гектар жерде егжей-тегжейлі жоспарлау жұмыстары қолға алынбақшы. Нақтырақ айтқанда, 70 гектарына 977 азқабатты, жалпы ауданы 125 100 шаршы метр үй салу жобасы ұсынылатын болады. Сондай-ақ, «танхаус» үлгісіндегі екі қабатты 264 үй салынады деп жобалануда. Аумағы 17,2 гектарды қамтитын бұл үйлердің жалпы ауданы 66 000 шаршы метрді құрамақ. Бес және жеті қабаттан тұратын 302 үйдің аумағы 217,1 гектарды және ауданы 1 654 660 шаршы метрді қамтиды деп есептелуде. Ал, 34,1 гектар жерге салынғалы отырған тоғыз және он екі қабатты үйдің ауданы 387 440 шаршы метрге жеткізіледі.

ЕРКІНҚАЛА ҚАЛАЙ ЕРЕКШЕЛЕНБЕК?

Үкіметтің биылғы маусым айындағы «Атырау қаласының әкімшілік шекарасындағы өзгерістер туралы» қаулысымен Махамбет ауданының Алмалы және Береке ауылдары Атырау қаласының құрамына енгізіліп отыр. Ал, одан бұрын 2018 жылдың наурыз айында Атырау облысы әкімдігі мен облыстық мәслихаттың біріккен қаулысымен Жұмыскер, Балықшы және Геолог ауылдық округтері таратылып, Атырау қаласының аумағына біріктірілген болатын. Қазіргі уақытта Еркінқала ауылдық округінің аумағын егжей-тегжейлі жоспарлаудың жобасы бекітілуде.

Жобадағы жер телімінің жалпы ауданы 421 гектар болса, оның ішінде 2 887 учаскені жеке тұрғын үй құрылысына бөлу, әрқайсысы 900 орындық екі мектеп, 240 орындық екі және 120 орындық бір балабақша, отбасылық амбулатория, әлеуметтікшаруашылық, полиция бекеті, денешынықтыру-сауықтыру орталығы, демалыс орны, өрт сөндіру депосы сияқты нысандар салу қарастырылып отыр. Оған қоса, елді мекенді абаттандыру жағына да ерекше көңіл бөлінген.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз