Атырауда зияткер еріктілер бас қосты (+ФОТО)

Білім Жаңалықтар ФОТОГАЛЕРЕЯ

Atr.kz/10 ақпан, 2020 жыл. Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Еріктілер жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын қолдауға арналған шараға білім ордасының оқушылары, ұстаздары мен өңірде бірнеше жылдан бері ерікті болып жүрген белгілі азаматтар жиналды.

Мектеп директоры Құралай Ахмадиева қатысушыларға еріктіліктің қазіргі қоғамдағы өзектілігіне тоқталды. Ол волонтерлік қызметтің ұлттық дәстүрімізге жат емес екендігін және күні бүгін заманауи қоғамның өзіндік қажеттілігіне орай өзгергенін тілге тиек етті. Еріктілер жылының ашылу рәсімінде Құралай Тілеубердіқызы жуырда мектеп қауымдастығы өткізген қайырымдылық жәрмекенің қаражатын “Атырау. Маленькая страна” қоғамдық ұйымының жетекшісі Ерлан Күмісқалиевке табыстады.

– Біздің елімізде көптеген салалардың дамуымен бірге әлі де терең зерттеуді, дамытуды қажет ететін мәселелер көп. Солардың бірі туа бітті денсаулығында ақауы бар балалар. Бұл сәбилерге ерекше күтім керек. Олардың ата-аналары және сауығып келе жатқан балалар баршамыздың қолдауымызға зәру. Сондықтан сіздердің тарапыңыздан көрсетілген көмекке мен шын алғысымды білдіремін”, – деді қоғамдық қор жетекшісі Ерлан Күмісқалиев.

«Ерікті болу – ерлік» тақырыбында өткен волонтерлар жылының ашылуында “Атырау. Маленькая страна” қоғамдық ұйымының жетекшісі әлеуметтік көмекті ұйымдастыру бойынша өз тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ шараға қатысқан “Атырау эко” экологиялық қозғалысының мүшесі Айгүл Төлешова, қаланың санитарлық тазалығына үлес қосып келе жатқан жастардың қатары жыл санап артып келе жатқанын жасырмады.

Айта кетсек, Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2017 жылдан бері оқушылардың «Ықылас» еріктілер клубы жұмыс жасап келеді. Күні бүгін құрамында 20-дан астам белсенді қатысушылары бар мектепшілік ұйым алуан түрлі іс-шараларды ұйымдастыруда көш бастап келеді. Олар әлеуметтік әлсіз топ қатарындағы жандарға демеу көрсету мақсатында сауда және қоғамдық орындарда жәрмеңкелер өткізіп халықты ізгілікке шақыруда.

Ал 2019 жылдан бастап мемлекет басшысының жолдауына қолдау болуғы ұсынылған «Ұстаз волонтер» клубы ерікті мұғалімдердің бас қосу алаңы. Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі ерікті ұстаздар қалада тазалық жұмыстарын ұйымдастыру, өзге мектептердегі әріптестеріне әдістемелік қолдау көрсету бойынша тегін көмек көрсетуде.

*Суреттер және ақпараттар мектеп баспасөз қызметімен ұсынылды

Тағы оқыңыз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған