Атырауда ұшақтың не себепті «қона алмай» жүргені белгілі болды (+ ВИДЕО)

img 20200912 wa0110 БЕЙНЕЖАЗБА

atr.kz/13 қыркүйек, 2020 жыл. 12 қыркүйек күні кешқұрым облыс орталығында шағын ұшақ әуеде төрт сағат бойы шыр айнала ұшып жүрді.

«Балауса», «Өркен» ықшамаудандары тұрғындарының айтуынша, ұшақ жерге қона алмай жүрген сыңайлы. Бұған алаңдап, әбден мазасы кеткен атыраулықтар редакцияға хабарласты. Біз мәселенің мән-жайын анықтап көрдік.


Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ішкі және сыртқы коммуникациялар тобы мамандарының айтуынша, ұшақ Атырау халықаралық әуежайына тиесілі техника. Аспан денелері, яғни жұлдыз сызықтарын тексеру арқылы навигациялық жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында арнайы ұшырылған.


– Ұшақ тиісті талаптарға сәйкес, 00 сағатқа дейін әуеде жұлдыз сызықтарына барлау жұмыстарын жүргізеді. Бірнеше сағат бойы қала үстін шарлаған бұл техника қызмет бабында ұшып жүр.

«Техникалық ақаулармен жерге қона алмай жүр, қандай да бір төтенше мақсат болуы мүмкін» деп күмәндануға не түрлі қауесет таратуға еш негіз жоқ. Әрине, біз мән-жайды анықтауға тиістіміз. Дұрысында, бұл жағдай біздің департаментке қатысты мәселе емес, – деді департаменттің баспасөзбен жұмыс жөніндегі өкілі Айсұлу Келдіғалиева.


Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз