Атырауда ту-тұғыр тұрғызылып жатыр

hqdefault Жаңалықтар

Atr.kz/18 желтоқсан, 2019 жыл.  Атыраудың орталығы, Жангелдин Құлманов көшелерінің қиылысынан ту-тұғыр тұрғызылып жатыр.

Нысанның көлемі 57 шаршы метрді құрайды. Жаңа алаңға орнатылатын 91 метр биіктіктегі көлемі 15х7,5 метрлік Мемлекеттік Ту облыс орталығының кез келген жерінен анық көрінетін болады.

Ту-тұғыр орналасқан жаңа алаңның құрылысы өткен жылы басталды. Мұнда Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері кеңінен айшықталады. Құрылысшылар «бұл қаланың ең әдемі орындарының біріне айналады» деген пікір айтады. Өйткені, құрылыстың екі жағына екі субұрқақ орналастырылады. Тұрғындардың жайлы демалуына жағдай жасалуда.

 – Аталған нысанды мемлекеттік рәміздер алаңы деуге болады. Тұғырдағы Тудан өзге, Елтаңба, еліміздің картасы көрініс табатын арнайы орынға қажетті инфрақұрылымдық жүйе желілері тартылды, – деді жоба инженері Асхат Альянов.

Алаң орналасқан жер телімі ұзақ жыл пайдаланбағандықтан бос тұрды. Заң талабына сай мемлекет қажеттілігіне қайтарылғасын онда құрылыс жұмыстары қарқын алды. Ол мұнайлы астананың келбетіне көрік қосатын ғажап алаңға айналғалы тұр. Айтпақшы, ту-тұғырдың маңында «Достық үйі», кітапхана бой көтереді. Бірыңғай халыққа қызмет көрсету орталығы да салынады.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз