Атырауда ұлттық қолөнер туындылары сатылатын орталық ашылды (+ФОТОРЕПОРТАЖ)

Басты жаңалық Жаңалықтар Мәдениет Рухани жаңғыру

Atr.kz/17 наурыз, 2019 жыл. «Мұрагер» сауда үйінде орналасқан орталықты танымал этнодизайнер Ырза Тұрсынзаданың Атыраудағы шәкірттері ашып отыр.

Сауда нүктесінің ашылу рәсіміне аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев қатысты.

Облыс әкімінің қолдауымен атақты қолөнерші 3 жыл ішінде 2 мыңға жуық нәзік жанға ұлттық стильдегі ісмерліктің қыр-сырын үйреткен. Арнайы білім алған қыз-келіншектер бүгінде өз істерін бастап, кәсіптерін жандандыруда.

Жаңа бутик «Мұрагер» сауда үйінде орналасқан


Сауда нүктесінің ашылу рәсіміне қатысқан аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев ұлттық өнерге қашан да қолдау көрсетуге әзір екенін, сондай-ақ, игілікті бастамаға табыс тілейтіндігін атап өтті.

Ұлттық құндылықтарымызды жиі-жиі насихаттауымыз керек. Бабадан жалғасқан бекзат өнер халқымызбен бірге жасасып, келешек ұрпаққа сол қалпында аманат болып қалуы шарт. Қолынан іс келетін адам ешқашан жерде қалмайды. Сіздер сияқты іскер әйелдердің қатары көбейе берсін. Өйткені сіздер жауапты әрі игілікті жұмысты атқарып отырсыздар, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Ырза Тұрсынзаданың шеберлік сағаты Атырау облысында алты рет өткізілген. Оның шәкірттері тігіншіліктің түрлі техникасын терең меңгеріп, озық әдіспен жұмыс істейді. Олардың қолынан шыққан туындалар сапа жағынан көш бастап тұр. Сол себепті сұраныс та жоғары. Этнодизайнердің оқушылары енді көне өнерімізді жаңаша әрлеп, оны ұлттық брендке айналдырмақ.

  • Бұл сауда нүктесінде атырауға белгілі қолөнер шеберлерінің эксклюзивті бұйымдары қойылған. Өз нәпақамызды табу үшін әрі халыққа ұлттық құндылықтарымызды көрсету үшін ашып отырмыз. Мұнда келген адам өзіне қажетті бұйымның сапалысын ғана таба алады. Бастамамызға қолдау білдірген облыс әкімі, өнер жанашыры Нұрлан Асқарұлына зор ризашылығымызды білдіреміз, – дейді қолөнер шебері Бақыт Бітімалиева.

Әнел ҚАЙЫРЛЫ.

Суреттерді түсірген автор.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған