Атырауда карантинге орай тұрмыстық қатты қалдықтар көбейген

poligon scaled Жаңалықтар

Аtr.kz/19 сәуір, 2020 жыл. Карантин кезінде қала тазалығына жауапты бірден бір құрылым – «Арнаулы көлік базасы» акционерлік қоғамы да жұмыстарын төтенше жағдай талаптарына сәйкестендіруде. Пандемияға қарамастан, қалыпты жағдайда қызмет атқаруда.

 Бүгінде мұнда үш жүз адам, екі бригада және бірнеше бірлік арнаулы автокөлік күнделікті тазалық жұмыстарымен айналысуда. Жоспарлы жұмыстардан бөлек, олар аты жаман аурудың алдын алу бағытындағы дезинфекциялық іс-шараларды да атқаруда. Қазірде қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдайтын көліктер тәулігіне 2-3 мәрте рейске шығады.

Өкінішке қарай, карантин тәртібінің күшейтілуі себепті, тұрғындардың үнемі дерлік үйлерінде болуынан далаға шығарылатын қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі шамадан тыс көбейіп кеткен. Оның үстіне жекелеген үйлерде (пәтерлерде) жөндеу жұмыстары жүргізілгендіктен одан шыққан қалдықтар қосылады. Соның салдарынан жұмыс жүктемесі де артқан.

Кәсіпорынның баспасөз хатшысы Ирина Козонованың айтуынша, қазірде полигонға тасымалданған қоқыс-қалдықтарды сұрыптау заутының жұмысы уақытша тоқтатылған. Тазалықпен қоса, жұмысшы-қызметкерлер шаөардағы 150-ге жуық автобус аялдамасына (оның ішінде, жабық павильондар да бар), 700-ден астам контейнер алаңшасына және контейнер жәшіктерінің өзіне дезинфекциялық   жұмыстар жүргізеді.

Мұның сыртында, осыннан төрт және «West dala» компаниясынан бөлінген бір машина қала көшелерінде осындай  шаруамен шұғылданады. Сондай-ақ, қаладағы көпірлер, орындықтар, суағарлар мен жолдардың жиектастарын жуып-тазалап тұру да осы мекеменің міндетіне кіреді. Осы міндеттерді орындай жүріп, өз кезегінде, қызметшілердің тарапынан төтенше жағдай талаптары мен карантин қағидаларының сақталуы қатаң қадағаланады.

Атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға қарамастан, кейбір қала тұрғындарының оны бағаламай, тазалық мәселесінде салақтық пен салғырттың танытуы еңбекті еш кетіріп, келеңсіз көріністердің туындауына себепші болып жататыны да жасырын емес. Ойындағысын осылай жеткізген кәсіпорын өкілі бұған нақты мысалдарын да келтірді.

Мәселен, қала іргесіндегі Көкарна ауылында азық-түліктен босаған үлкенді-кішілі қораптардан,  жол-жөнекей лақтырып тасталынған көліктің дөңгелектері мен құрылыс материалдарының қалдықтарынан аяқ алып жүргісіз. Сол сияқты, СМП-136 мөлтекауданындағы бір үйдің маңында тұрған  бірнеше контейнер қоқысқа толы күйінде өртелген. Соның салдарынан, олар енді  пайдалануға жарамсыз болып қалған.   

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз