Атырауда «иесі» жоқ үйлер термомодернизациялау бағдарламасынан сырт қалуда

d444ac2c5099680b Жаңалықтар

Atr.kz/8 қаңтар, 2020 жыл.  Атыраудағы  биік  үйлердің басты проблемасы – жеделсаты.

 Пәтер иелері кооперативтеріне де қатысты арыз -шағым  көп. Бүгінде коммуналдық қызметке байланысты осы және өзге мәселелер шешімін тапты ма? Атырау қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Қайрат Хабиевке осындай сауалымызды қойған едік.

– Былтыр  Атырау  қаласында   тұрғын  үйлерді  термомодернизациялау  бағдарламасымен 20 тұрғын жай жөнделді. Жаңа жылда оның санын екі есеге өсіруді жоспарлаудамыз. Қазір 20 үйдің құжаты жасақталса, қалған 30-ның мәселесі қаражат бөлінуіне байланысты жүзеге асады. Осылайша, барлығы 50 үйді қайта жаңғыртуды межелеп отырмыз, – деді Қайрат Хабиев.

Оның пікірінше, қайта жаңғырту жұмысын жүзеге асырушы мердігер мекеме 2 жыл кепілдендіру мерзімін береді.  

Осы аралықта вандалдық іс-әрекет болмаса, олқылықтардың орнын өз есебінен толтырады. Термомодернизациялау жобасы ескі үйлердің бойына қан жүгірткені анық. Атырау облысында бұл бағдарлама 2011 жылдан бері жүзеге асып келеді. Мамандар сол жылы мұнайлы аймақтағы 1476 тұрғын үйдің 438-і шұғыл түрде жөндеуді қажет ететінін анықтады. Оның ішінде 281 тұрғын жай Атырау қаласында орналасқан.

«2020 жылға дейін Өңірлерді дамыту»  бағдарламасы ауқымында 2011-2018 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 3,2 млрд. теңге бөлініп, бұл қаражатқа облыс орталығындағы 114 тұрғын үй жөнделді. Мұндай ауқымды шаралар тұрғындарды жылдар бойы мазалаған проблемалардан арылтуға себепшіболғаны даусыз. Соның бірі – көпқабатты үйлердегі жеделсаты мәселесі. …Бұдан бұрын Атыраудағы 9 қабатты үйде болған сұмдық оқиға көпшілікті шошытты. Лифт шахтасына жас қыз оқыстан құлап кетті. Мамандар төтенше жағдай кезінде құрылғы көтергішінде еш ақау байқалмағанын, оның ішінде төрт адам болғанын анықтады. – Адам өмірі – қоғамның басты байлығы.

 Оған қауіп келтірмеу, оқыс жайлардың алдын   алу  мақсатында кешенді жұмыстар жасалып жатыр. Атыраудағы оқиға жеделсатыға қатысты еліміз бойынша қордаланған олқылықтарды анықтады. Мәселеге нақты кім жауап беретіні, қайталамау үшін алынатын шаралар туралы қолданыстағы  заңдарға  өзгерістер енгізілді.

 Яғни, бұрын бұл жұмыстарды орталық орындар ұйымдастырса, ендігі жауапкершілік жергілікті органдарға жүктеледі. Онымен нақты айналысатын құрылымдар белгілі болуда. Сонымен қатар, Атырауда барлық жеделсатыға құтқару қызметі, тиісті сала өкілдерінің байланыс телефондары жазылды. Істен шыққан лифттердің шахталарына кіретін жерлер қоршалып, бекітілді.

Жедел сатыға  қызмет көрсетуші 6 мекемеге талап күшейтілді. Олардың жасаған жұмысын мұқият қадағалап, жете тексеріп отырмыз, – деді Қайрат Хабиев.

Тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы бойынша 105 үй қайта жаңғыртылса, соның ауқымында 27 жеделсаты ауыстырылды. Былтыр 6 үйдегі лифт ауыстырылып, биыл бесеуі жаңарады. Атырау қаласындағы 303 жеделсатының 42-і жұмыс істемей тұр. Термомодернизациялау бағдарламасы шеңберінде бұл проблема шешімін тауып келеді. Дегенмен, қала басшыларының басын ауыртқан тағы бір мәселе бар. Бұл – апатты үйлердің жайы. Қалалық тұрғын үй инспекциясының

басшысы 2018 жылы 8, былтыр 21 үй техникалық зерделеуден өткенін баяндады. Бұл 30-40-жылдары салынған жайлардың тұрғындарын жаңа қонысқа көшіруге мүмкіндік беріп отыр.

– Жұртшылық ескі үйлердегі ж а р д ы ң жарылғаны, едені сөгіліп, төбесі түсіп жатқаны туралы хабарласып жатады. Біз осындай шағым түскен жағдайда барып, тексереміз. Тиісті шараларын аламыз, – деді ол. Атырау қаласында 76 пәтер иелері кондониумы жұмыс істейді. Олардың бірқатарына халықтың айтатын арыз-шағымы бар.

Алайда, қазіргі проблема – 200-ге жуық үйдің «иесіз» қалуы. «Осы себептен тұрғын жайлар термомодернизациялау бағдарламасынан шет қалып отыр. Тұрғындар жиынында мәселені жиі айтамыз. Бұл түйін шешілмесе, қордаланған проблемалардан арылу мүмкін емес» деді қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз