Атырауда «БӘЙТЕРЕК» спорттық клубы ашылды

dsc 0081 scaled Жаңалықтар

Atr.kz/22 қаңтар, 2020 жыл. Өңірімізде қазақ күресі өкілдерінің басын біріктіріп, халықаралық және республикалық деңгейде өткізілетін түрлі жарыстарға біртұтас команда ретінде баруға мүмкіндік беретін «Бәйтерек» көпсалалы спорт клубы құрылды.

Аталмыш клубтың ашылуына орай өткізілген жиынға аймағымыздағы спорттың дамуына ұдайы жанашырлық етіп келе жатқан ел ағалары Атырау облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Нүрпейіс Мақашев, Атырау аймақтық кәсіподақ бірлестігінің төрағасы, облыстық маслихат депутаты  Ізтұрған Баймұқанов және өлкеміздегі күрес салаларының өкілдері қатысты.

dsc 0071

Жиын барысында «Тарлан» қазақ күрес федерациясының атқарушы директоры, самбодан ардагерлер арасындағы Әлем чемпионы Аманбай Қыздарбаев құрылған клубтың мақсаттары мен міндеттерін айта келіп, қоғамдық бірлестіктің басшысын сайлау ұсынысын білдірді. Одан әрі спортшылар мен жанкүйерлерге  бірлестік құрылтайшылары таныстырылып,  клуб директоры болып бірауыздан облыстық маслихат депутаты,  ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі Айбек  Ғабдуллин сайланды.

Клуб құрылтайшысы Аманбай Қыздарбайұлының айтуынша, қазіргі таңда қазақ күресінің секциялары  облыс орталығындағы  үш  ірі спорт кешенінде және кейбір аудандық спорт кешендерінде жұмыс атқаруда.  Бұл жаттығу залдарында  20-дан астам жаттықтырушы боз кілем шеберлерін дайындайды. Спорттық клуб көпсалалы болғандықтан болашақта бірлестікке қазақ күресінен басқа да дзюдо, самбо тәрізді күрес түрлерін мүшеліке енгізу жағы қарастырылуда.

Клуб мүшелігіне 8-10 жастан бастап қабылданып, спортшылар әзірге қазақ күресі бойынша тәжірибелерін шыңдайтын болады.

Осы клубтың бастамасымен алдағы уақытта өңірімізде қазақ күресінен «Каспий Барысы» аймақтық сайысы мен ардагерлер арасында ел біріншілігін өткізуге ниет қойылып отыр.  

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

dsc 0094
dsc 0097
dsc 0044
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз