Атырауда азық-түлік қоры жеткілікті

image 13 03 20 04 24 Жаңалықтар

Atr.kz/18 наурыз, 2020 жыл. Биыл өңірлік тұрақтандыру қорына 2175 тонна өнім сатып алынды. Әлеуметтік маңызы бар бұл тауарлар бүгінгі күні «Дина», «Көктем», «Насиха», «Сарайшық» базарларында нарықтық бағадан 10-20 пайыз төмен бағымен сатылуда. Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар орталығында «Короновирус инфекциясына қарсы жұмыстар: азық-түлік қоры мен бағалары» тақырыбында өткен брифингте айтылды. 

Алғашқы болып сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, аймағымызда бағаны тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарларға шектік баға қойылған. Яғни, аталмыш өнімдердің бағасы көрсетілген мөлшерден қымбаттамауы тиіс.  Бүгінгі күні осылардың ішінде тек жұмыртқа өнімінің ғана бағасы 4 пайызға өсіпті.

Жалпы, 2019-2020 жылдарға арналған өңірлік тұрақтандыру қорына келісімшарттар арқылы 1115 тонна азық-түлік тасымалданды. Оның 700 тоннасы – картоп, 115 тоннасы  – сәбіз, 150 тоннасы – пияз, 150 тоннасы – қырыққабат. Қазіргі уақытта аталған өнімдер операторлардың қоймаларында сақталуда. Бұған қоса, нан бағасын тұрақтандыру мақсатында Орал қаласындағы «Жилаев» АҚ-нан 1060 тонна мөлшерінде бірінші сұрыпты ұн сатып алынды.

– Қазіргі уақытта облысымыздағы бірінші сортты нанның орташа бағасы 85 теңгені құрайды. Нанның ең төменгі баға көрсеткіші «Дәулет-Нан» дүкендер желісінде 75 теңгеден сатылуда. Қаламыздағы ірі сауда орындарындағы азық-түлік өнімдерінің қор мөлшерін қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімдерінің мамандары күнделікті мониторинг жүргізу арқылы тексеріп  отыр. Бүгінгі күні қаламыздағы ірі сауда орындарының бәрінде де азық-түлік тауарларының қорлары жеткілікті, – деді басқарма басшысы Қайрат Есқабылұлы.  

Осыдан соң, «Атырау» ӘКК АҚ департамент директоры Дмитрий Дю әлеуметтік нан дайындау үшін қаладағы 9 наубайханаға бірінші сұрыпты 440 тонна ұн жеткізілгенін хабарлады.

– Осы мерзімде облысымыздағы тұрақтандыру қорында қалған тауар – 1491 тоннаны құрайды. Оның  549 тоннасы – картоп, 106 тоннасы – пияз, 128 тоннасы – қырыққабат, 87 тоннасы – сәбіз  өнімдері.  Бұл облыс халқын бағасы төмендетілген тауарлармен мамыр айына дейін, ал, ұнмен шілде айына дейін қамтамасыз етуге жетеді. Сондай-ақ, халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында қазір ірі көтерме сауда орындары мен супермаркеттерге төмен пайызбен қарыз беру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні ірі сауда желілері бар «Идеал» ЖШС-мен арады меморандумға қол қойылды, – деді департамент директоры.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

http://atr.kz/bez-rubriki/atyrauly%d2%9b-ardager-virusty-zhe%d2%a3udi%d2%a3-zholyn-ajtty-video/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз