Атырауда азық-түлік бағасы қатаң бақыланады

whatsapp image 2020 04 19 at 07.50.21 Жаңалықтар

Аtr.kz/19 сәуір, 2020 жыл. Бұдан былай тұрғындар бірінші тұтынатын азық-түлік бағасының өсіміне куә болған жағдайда жауапты мамандарға жазбаша шағым қалдыра алады, – деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Өңірдегі азық-түліктің негізсіз өсімін қадағалауға қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі жауапты. Бұл туралы ӨКҚ-де өткен брифингте Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде халық жиі тұтынатын 9 түрлі азық-түлік өніміне шекті баға қойылған. Тоғыз тауар түріне 1 сортты бидай ұны, бөлке нан, өлшеніп салынған макарон, қарақұмық жармасы, күріш, сиырдың төс еті, тауық жұмыртқасы, күнбағыс майы мен ас тұзы кіреді. 

– Қазіргідей жағдайда кәсіпкерлердің жоғарыда атап өткен азық-түліктің 9 түрінің бағасын көтеруге құқығы жоқ. Шекті бағадан асырар болса, жауапты мамандар тексеріс жүргізіп, тиісті шара қабылдайтын болады, – деді Қайрат Оразбаев. 

Еске сала кетейік, азық-түлік бағасының өсіміне байланысты тұрғындар 8 701 730 0222 және 8 701 774 4484 Whats’App нөміріне жазбаша шағым қалдыра алады. Сонымен қатар, DOSMART.KZ  осы сайты арқылы да азық-түліктің бағасының өсімін хабарлай алады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз