Атырауда аптап ыстық пен жаңбыр салдарынан маса көбейіп кетті

DSC 0017 1 Жаңалықтар

Atr.kz/20 тамыз, 2019 жыл. Қалада масалар кенеттен көбейіп кетті. Бұрын шіркейлерді тек су айдындарының жанынан ғана кездестірсек, қазір қаланың кез келген бөлігінде көруге болады.

Масаларды аулау жұмыстары қазір орталық көшелерде, қаладағы аулалар мен қала сыртында да қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта қазір 10 дезинфекциялық бригада құрылды. Олардың әрқайсысының құрамында энтомологтар мен дезинфекторлар бар.

Мамандардың айтуынша,масалардың күрт көбеюіне ауа райының тұрақсыздығы, жауын-шашын себеп болып отыр.

– Жаз маусымында қала сыртында орналасқан «Ақжайық» резерватына найзағай түсіп, оның әсерінен ну қамыс өртке оранғанын білесіздер. Сондай-ақ, өткен жылмен салыстырғанда биыл шілде айы жаңбырлы болды. Мұның салдары масаның күрт көбеюіне әкеп соқты. 1 күнде 30 тұқым тастайтын маса жаңбырлы күндері тіптен еселеніп кетеді. Алайда маса улау жұмыстары кестеге сай жүргізіліп келеді.

Ескерте кететін жайт, маса улауға қолданылатын дәрі тек масаның ғана емес барлық жәндіктерді де жойып жіберуі мүмкін. Сол себепті, маса қаншалықты көбейгенімен оның дозасын арттыру қауіпті. Осы жағдайлардың барлығын ескере отырып, белгіленген нормативтен аспай, бар мүмкіншілікті пайдаланып тазалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – деді энтомолог маман Айнагүл Дәулетярова.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз