Атырауда 8 жасар қыз баладан коронавирус инфекциясы табылды

COVID-19: Соңғы поштадан... Жаңалықтар

Аtr.kz/6 мамыр, 2020 жыл. Атырау облысында Covid-19 жұқтырғандардан  70-тен аса байланысушы анықталды.


Олар  8 жасар қыздың, жүкті әйел және  студенттің жақындары мен ықтимал байланысушылары, деп хабарлайды Атырау облысындағы төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі Жедел штаб.Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, Махамбет ауданының 8 жастағы тұрғыны 16 адаммен байланыста болған. Ал, 24 жастағы жүкті әйелмен байланысушылар саны – 20 адам. 


Сондай-ақ, Астраханнан келген 26 жастағы студенттің 37 жақын және ықтимал байланысушысы  бар.

– Студент  жігіт Атырауға 4 мамыр күні  37 жолаушысы бар автобуспен келді, жолаушылар қатарында ресейлік студенттер бар. Кейін барлық 38 жолаушы мен 2 жүргізуші карантиндік стационарға жатқызылып, олардан  ПТР сынамалары алынды.  

Нәтижесінде 1994 жылғы студентте коронавирус инфекциясының бар екені расталды. Науқаспен байланысушылардың барлығы  14 күн бойы карантиндік стационарда, дәрігерлердің бақылауында болады, –  деп түсіндірді штабтағылар.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Атырау қаласында жаңа инфекция ошақтары жоқ. Covid-19 індетінің Махамбет ауданында – 1,  Индер ауданында –  1 оқиғасы тіркелді. Сонымен қатар,  Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында қауіпті дертке шалдыққан 160 адам бар. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған