Атырауда 26 адам суға кетіп көз жұмған

31e9fe8dffc61ef7dff98d984cb31c88 Жаңалықтар

Atr.kz/17 қыркүйек, 2019 жыл. Жыл басынан бері Атырауда суға кетудің 25 фактісі тіркеліп, 26 адам көз жұмған.

Оның ішінде, суға шомылу науқаны кезінде 9 адам өмірден өткен. Күз мезгілі басталып, күннің суытуына қарамастан кейбір балалар әлі де жағажайды жағалап, суға түсулерін қояр емес. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Асхат Ержанов атап айтты.

Оның айтуынша, облыс орталығындағы екі жағажайдың жайы да сын көтермейді.

 Әсіресе, қауіпсіздік шараларын айтудың өзі артық. Кәсіпкерлер тұрғындарға қолайлы жағдай жасаудан гөрі пайданы көбірек ойлайды. Ал, қауіпсіздік ережелері сақталмайтын орындарда қайғылы жағдайлар жиі кездесетіні айдан анық. 

 – Соңғы жылдары қаладағы жағажайлар сенімгерлік басқаруға беріліп келеді. Конкурстық процедуралардың ұзақтығынан жағажайлардың ашылуы  кешігеді. Соның өзінде, жағажайлардың жағдайы талапқа сай болмай жатады. Айталық, құтқару постының жанында міндетті түрде медициналық көмек көрсететін орын болуы қажет. Бірақ, бұл талап сақталмайды, – деген Асхат Амангелдіұлы бұл мәселені шешу үшін келесі жылы жағажайларды дайындаудың жаңа моделі жасақталып жатқанын атап айтты.

 Ол мемлекеттік жекешелік әріптестік арқылы жүзеге аспақ. Брифинг барысында белгілі болғандай, қазірдің өзінде күннің салқындығына қарамастан 10-15 жас аралығындағы балалар суға түсуін жалғастыруда.

– Егер жаз айларында ата-аналар жағалауда балаларын қараусыз қалдырып, қайғылы жағдайға тап болып жатса, қазір заңсыз орындарда да суға шомылу деректері азаймай отыр. Біз тәртіп сақшыларымен бірігіп, рұқсат етілмеген жерлерде суға түскен адамдарға ескерту жасап, оған құлақ аспағандарын әкімшілік жауапкершілікке тартып жатырмыз. Осы кезге дейін өткізілген 466 рейд барысында 43 құқықбұзушылық анықталып, 157 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 139-ы ескерту түрінде берілді, – дейді ол.

Сондай-ақ, брифинг қонағы  азаматтық қорғаныс саласындағы кадр жетіспеушілігіне де тоқталды. Әсіресе,  «тілсіз жаумен» күресетін өрт сөндірушілер аса қажет екендігін айтты.

 – Бұрын осындай ауыр жұмыстарда жүретін жандардың айлығы 60-70 мың теңге көлемінде еді.  Енді Мемлекет басшысының тапсырмасымен қарапайым қызметкерлердің, соның ішінде, өрт сөндірушілердің жалақысы 65 пайызға көтерілмек.  Ал, офицерлік құрамның жалақысы 20 пайызға дейін көбейеді, – деді А.Ержанов.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз