Атырауда 2 ай ішінде инфекциялық аурухана салынады

COVID-19: Соңғы поштадан... Жаңалықтар

Аtr.kz/22 маусым, 2020 жыл. Атырау облысында осы жылдың тамыз айының соңына дейін инфекциялық аурухана салынып, пайдалануға берілуі мүмкін.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңірде 595 орындық инфекциялық стационар, оның ішінде Атырау қаласында №2 облыстық ауруханада – 180 орын, Теңіз кенішінде – 315 және Махамбет ауданындағы диспансерде 100 орын ұйымдастырылды. Облыстағы 280 орындық инфекциялық стационарда 198 науқас ем алып, көрсеткіш 70,7 пайызды құрап отыр. Ал Теңізде ұйымдастырылған 315 орындық стационарда бүгінгі күні 164 науқас ем қабылдауда.

Бүгін облыс бойынша ауру белгілерімен тіркелген 17 жағдайдың 15-і және ауру белгілері жоқ 82 жағдайдың 63-і қала мен аудандарға тиесілі. Өңірімізде көптеген кәсіпорын бар екендігін білесіздер. 35 мың адам вахталық ауысыммен жұмыс істейді. Аталған мәселелерді ескере отырып, облыс аумағында көпбейінді инфекциялық аурухананың қажеттілігі туындап отыр», – деді облыс әкімі.

Оның атап өтуінше, бұған дейін Энергетика министрлігімен бірге Солтүстік Каспий жобасының мердігер компанияларымен аталған аурухана құрылысына байланысты келіссөздер жүргізілген.

«Толыққанда нәтижеге жеткен жағдайда аурухана құрылысын тамыз айының соңында аяқтау мүмкіндігін көріп отырмыз», – деді Махамбет Досмұхамбетов.

Атырау облысы әкімінің дерегінше, өңірде ауру белгілері жоқ науқастардың көбеюі салдарынан үйдегі амбулаториялық бақылауға алынған адамдар саны 624-ке жетті. Үй жағдайында өзін-өзі оқшаулауға мүмкіндігі жоқ науқастардың карантиндік стационарлардағы саны соңғы екі апта ішінде 31-ден 200-ге дейін көбейді. Облыстық ауруханада өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған жағдайы ауыр 6 науқас ем алуда.

«Облысымызда қонақүйлер мен жатақханаларда карантиндік стационарлар ұйымдастырылды. Сондай-ақ 150-ден астам медицина қызметкерлеріне жұмыс ауысымынан тыс уақытта демалуға арнайы қонақүйлер бөлінді», – деді ол.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған