Атырауда 15 қазаннан бастап көп қабатты тұрғын үйлерге жылу беріле бастайды

Жаңалықтар

atr.kz/29 қыркүйек, 2020 жыл. Аймақта 1 қазаннан бастап әлеуметтік нысандарға, 15 қазаннан бастап көп қабатты тұрғын үйлерге жылу беріле бастайды. Қазір науқандық жұмыстар қызу жүруде.

 Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен әкімдіктің отырысында кеңінен айтылды.

Жиында 2020-2021 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысы туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бауыржан Тұхфатов баяндады.

 – Жалпы жылу беру маусымына 6,3 млрд. теңге қаражат бөлінді. Соның ішінде жергілікті бюджет есебінен – 3,6 млрд. теңге, кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен 2,7 млрд. теңге қаралған. Қазір көп пәтерлі тұрғын үйдің 98 пайызы, білім беру және денсаулық сақтау нысандары түгелдей гидравликалық сынақтан өтті. Сондайақ, 19,6 шақырым жылу желісі, 782,8 шақырым электр және 3,08 шақырым су және кәріз желілерінің жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды, – деді Б.Тұхфатов.

Басқарма басшысының айтуынша, Атырау қаласындағы «Нұрсая» шағын ауданындағы жалпы ұзындығы 3 045 метрді құрайтын магистральды жылу құбырына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Индер ауданындағы 7 жылыту қазандығы толығымен жаңа қазандықтарға ауыстырылды.

Бұдан басқа, аудандар бойынша жылу беру маусымына бөлінген қаражатқа жылу қазандықтары, дизель генераторлары, циркуляциялық сорғылар, газ есептегіш құралдары, термометрлер, манометр, су жылытқыш қондырғылары орнатылып, ғимараттардың жылу және кәріз-су жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аймақта жылыту маусымында жасалған жұмыстардан бөлек, шешімін күткен мәселелер аз емес.

Мәселен, Атырау қаласында 31 шақырым иесіз жылу желісі бар. «Бүгінде аталған желілерді теңгерім ұстаушы мекемеге беру мәселесі шешімін таппай отыр.

Сонымен қатар, 2018 жылы салынған «Балықшы», «Береке», «Нұрсая» шағын аудандары бойынша орналасқан жылу бекеттері әлі күнге дейін теңгерім ұстаушы мекемеге берілмеген» деген Бауыржан Зайденұлы бұл жылу беру маусымының тұрақты өтуіне кедергі болатынын айтты. Жиында білім, денсаулық сақтау ұйымдарының жылыту маусымына дайындық жұмыстары да пысықталды. Білім беру мекемелеріндегі жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде.

 Денсаулық сақтау нысандарында да жылыту маусымына қатысты күрмеуі қиын мәселе жоқ.

«Медицина саласындағы 147 ұйымның 37-сі орталық жылу жүйесіне қосылған. Ал, 98-і дербес газ отынымен жанатын жылу қазандарымен қамтамасыз етілген. Бес ұйымда дербес дизель отынымен жанатын жылу қазандары орнатылса, шалғайдағы 7 медициналық бекетте көмірді пайдалануға пештер қойылған. Олар үшін дизель отынын сатып алу конкурстары өткізіледі» деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.

 Өңірдегі жылу беру маусымына дайындық жұмыстарымен жан-жақты  танысқан облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов аудандар бойынша аталған жұмысқа бөлінген қаражаттардың игеру деңгейі өте төмен екенін сынға алды. Осы бағытта құзырлы орындарға нақты тапсырмалар жүктеді.

– Облыста көп қабатты тұрғын үйлерге жылыту қазандықтарын орнатуда талаптарға сәйкес келмейтін жағдайлар кездеседі. Бұл бойынша нақты талдау жүргізілуі қажет. Сонымен қатар, аймақта табиғи газ тұтыну бойынша 15 млн. теңге көлемінде дебиторлық берешек бар. Оны өтеу үшін нақты жоспар жасалуы тиіс.

Ал, Атырау қаласы мен аудан әкімдеріне жылу беру маусымына бөлінген қаражаттың заң шеңберінде игерілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Облыс орталығындағы 31,5 шақырым иесіз жылу желісі мен «Балықшы», «Береке», «Нұрсая» шағын аудандарын теңгерімге беру жұмыстары да ұйымдастырылуы керек, – деді Махамбет Жолдасқалиұлы.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған