Атырау қаласында 2020 жылы 141 көшеге жол салынады

Ел жаңалықтары Жаңалықтар

Atr.kz/10 ақпан, 2020 жыл. Атырау қаласы мен қала аумағына қарасты елді мекендердің ұзындығы 71,2 шақырымды құрайтын 141 көшеге жол құрылысын жүргізу жоспарланып отыр,деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Бұл туралы  қала әкімі Қайрат Оразбаев тұрғындар алдындағы есебінде мәлімдеді. Сонымен қатар, әкімнің айтуынша жалпы ұзындығы 169 шақырымды құрайтын 171 көшеге жаяу жүргінші жолын салу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. 

Айта кетейік, 7 ақпан күні Атырау қаласы әкімі Қайрат Оразбаев қала тұрғындары алдында есеп берді. Қала әкімі тұрғындарға 2019 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесімен таныстырды. Сондай-ақ, 2020 жылы атқарылатын жұмыстардың жоспарымен таныстырып өтті. 
 
– “2019 жылы өңірімізде әр сала бойынша өсім байқалады.  Ендігі кезекте 2020 жылы  қаладағы өзекті мәселелерді бірінші кезекте шешуге бағытталған бірқатар жобаларды іске асыру жоспарлануда. Мәселен, 2019 жылы апатты екі мектеп болса, қазіргі уақытта Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектеп сүріліп тасталынды, орнына 300 орындық мектеп ғимаратының құрылысын аяқтау, сондай-ақ, №1 М. Жұмабаев атындағы орта мектепке жаңа 160 орындық мектеп құрылысының жобасын аяқтап, құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Үш ауысымдық мектеп мәселесін шешу бағытында қаладағы 4 мектептке 120 орындық қосымша құрылыс салу жоспарлануда. Сонымен қатар, «Береке» ықшам ауданында және «Самал» ықшам ауданындағы  мектеп құрылыстарын аяқтау көзделуде, дейді қала әкімі Қайрат Оразбаев.

Сонымен қатар, ауылдық округтерде 4 мектеп құрылыстарын салу және  Ақсай-2, Бірлік-2, Тасқала-2, Еркінқала-2 ауылдарында және «Көктем», «Жұлдыз-2» ықшам аудандарында  600 орындық 6 мектептің жобалау құжаттарын аяқтау жоспарлануда. 

Спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында Кеңөзек, Дамбы, Атырау, Ақсай, Тасқала ауылдарында және Балықшы ықшам ауданында 6 бірлік кросс-фит залдарын (50 келушіге арналған) және Томарлы селосында спорт кешенін, Геолог ықшам ауданында және Атырау қаласында спорт залдардың құрылысын салу көзделуде. 

– Атырау қаласын үздіксіз таза сумен қамтамасыз ету мақсатында №1 су көтергіш сорғы станциясын және №2 сүзгі станциясын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет. Биылғы жылы екі станцияларды да қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтау жопарланса,қаладағы №5 су сүзгілеу станциясын қайта жаңғырту үшін қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттарын бітіріп, объектіні іске қосу жоспарлануда.

 2020 жылы «Квадрат» және «Тухлая балка» булану алаңдарын тазалау жұмыстарын жүргізу қолға алынбақ. Өткен жылы Сарыөзек, Бесікті елді мекендеріне дейінгі магистральды және Сарыөзек (Черная речка) елді мекенінің ішіндегі ауыз су құбырларының құрылыс жұмыстары басталған болатын. Биыл аяқтау жүзеге аспақ, – дейді қала әкімі.

Ал, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жылы қала бойынша жалпы 24 тұрғын үйдің (1920 пәтер) құрылысы жүргізіліп жатыр.

Биыл аталған үйлерге инфрақұрылым жүйелерін тарту бойынша жұмыстар жүргізу және «Атырау-Индер» тас жолының 10 шақырымын кеңейтіп, қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Кең жолақты асфальт жолды қайта жаңғырту жаспардағы басты бағыттардың бірі.  

Қалаа әкімінің айтуынша, 2020 жылы жалпы ұзындығы 21,5 шақырымды құрайтын Маденов, С.Датов, Бейбарыс, Р.Ғабдиев, Азаттық, Амандосов, Әуезов, және Гагарин көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары басталатын болады. Сонымен қатар, көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл жалпы ұзындығы 54,44 шақырымды құрайтын 49 көшеге тас жол төсеу жұмыстары жалғасады.

– Атырау қаласы мен қала аумағына қарасты елді мекендердің ұзындығы 71,2 шақырымды құрайтын 141 көшеге жол құрылысын жүргізу және жалпы ұзындығы 169 шақырымды құрайтын 171 көшеге жаяу жүргінші жолын салу жұмыстарының жобасын аяқтау көзделуде.

Сондай-ақ, көшелерді жарықтандыру бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 140 көшені жарықтандыру желілерінің құрылыс жұмыстары және «Атырау-Индер» (20 шақырым), «Атырау-Доссор» (7 шақырым) тасжолдарын жарықтандырудың құрылыс жұмыстарын 2020 жылы аяқтау жоспарланып отыр, – дейді Қайрат Оразбаев.

Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Ақылды қала» бағытында қала аумағында барлығы 774 «Сергек» бейнебақылау камералары орнатылды.  2020 жылы іске қосылмақ.
Сонымен қатар, тұрғындардың шағымын туғызатын мәселелердің бірі – қала ішілік қоғамдық көліктер. 2020  жылы 170 жаңа автобус алу жоспарлануда.  Жаңа автобустар экологияға зиян келтірмеу үшін  газ отынымен жүретін болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған