Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері карантин режимінің не себепті алынбағанын айтты

COVID-19: Соңғы поштадан... Жаңалықтар

Аtr.kz/4 мамыр, 2020 жыл. Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Темірбек Мусағалиев карантин режимінің әзірге алынбайтынын хабарлады.

“Себебі, өңірде инфекция әлі де болса тіркеліп жатыр. Тағы бір қауіптісі,  Атырауда коронавирус симптомы мүлде байқалмай отырған адамдар бар. Олардың 85 пайызы науқастармен қарым-қатынаста болғандар. Қоғам үшін қауіптісі де осы. Себебі, ауру белгілері байқалмаған адамдардың басқаға вирусты жұқтыру қаупі жоғары” деп атап өтті аймақтың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Темірбек Мусағалиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Сонымен бірге, Темірбек Мусағалиев қоғамдық көліктер қозғалысына не себепті рұқсат берілмей отырғанына түсінік берді.

“Эпидемиологиялық тұрғыдан қарағанда, автобустар ең қауіпті ошақ болып табылады. Егер ауру ошағы автобустан шығатын болса, жолаушылардың  65 пайызы инфекция жұқтыруы мүмкін.

Рас, дүйсенбіден бастап Атырауда шаштараз, стамотологиялық клиникалар, фотосалондар, гүл дүкендері ашылып жатыр. Бірақ, азаматтар да таза жерге келгеніне сенімді болуы қажет. Сол үшін жұмыс істеуіне рұқсат берілген нысандардың  толықтай бақылауда болатынын ескертеміз.

Атырауды толық ашып жіберсек, Теңіз кенішіндегі жағдай қайталануы мүмкін. Сондықтан, оқшаулануды сақтауға шақырамын” деді Темірбек Мусағалиев.

Еске сала кетелік, Атырау қаласында азаматтар 4 мамырдан бастап сағат 6.00 – 21.00 аралығында жұмысқа, үйіне жақын маңдағы шаштаразға, азық-түлік дүкендеріне, дәріханаларға бара алады.

Бұл туралы Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысында жарияланды.

Сонымен бірге, азық-түлік емес дүкендеріне, адвокаттық кеңселерге, медициналық орталықтарға, стамотологиялық клиникаларға, жарнама агенттіктеріне, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары мен төлем терминалдарына қызмет көрсету компанияларына, фотосалондар мен гүл дүкендеріне, шағын қаржылық ұйымдарына, сақтандыру компанияларына, ломбардтарға, валюта айырбастау пункттеріне, жылжымайтын мүлік операциялары компанияларының қызметін сағат 6.00 – 21.00 аралығында пайдалана алады.

Қазіргі уақытта Атырау облысында 49 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері тіркелген.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған