Атырау облысының әкімі Иордания, Палестина және Ливан елшілерімен кездесті

WhatsApp Image 2019 07 01 at 16.34.32 Жаңалықтар

Atr.kz/1 шілде, 2019 жыл. Бүгін, 1 шілде күні Атырау облысының әкімі Иорданияның Қазақстандағы елшісі Юсуф Абдулганимен, Ливан елшісі Жискар Әл-Хуримен және Палестина елшісі Монтасер Абу Зейдпен кездесті.

Тараптар Теңіз вахталық қалашығында болған оқиғаны талқылады, – деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атырау облысының әкімі қазір Теңіз қалашығында ахуал тұрақты екенін, 30-дан астам адам жеңіл жарақат алғанын, өмірлеріне қауіп жоқ екенін айтты.

– Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары жетекшілік ететін ведомствоаралық комиссия құрылды, комиссия оқиғаның себеп-салдарын анықтайтын болады. Біздің тарапымыздан осындай оқиғаларды алдағы уақытта болдырмау мақсатында барлық шаралар қолға алынады. Теңіз жобасына тартылған жұмысшылардың өмірлері мен денсаулықтарына қауіп жоқ, бұл мәселе біздің назарымызда, – деді Нұрлан Ноғаев.

Елшілер оқиғаның тұрмыстық сипатта екенін және болашақта мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін барлық күштерін салатындарын атап өтті.

WhatsApp Image 2019 07 01 at 16.34.31
WhatsApp Image 2019 07 01 at 16.34.33 1

– Бұл жағдай сіздер үшін де, біз үшін де өте ыңғайсыз болды. Бұл проблема Палестина мен Қазақстанның тарихи қарым-қатынасына сызат түсірмеуін қалаймыз. Біздің басшылығымыз бен Палестина халқы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын, араб-израиль жанжалына қатысты қауіпсіздік кеңесінің, бас ассамблея, БҰҰ-ның барлық резолюцияларын қолдағанын жоғары бағалайды. Болған жайттар біздің қарым-қатынасымызға кері әсерін тигізбейді. Біз ортақ тіл табыстық, жақында ССС компаниясының иесі Қазақстандағы жұмыс пен ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде сөйлесу үшін облыс әкімімен кездесуге келеді, -деді Палестинаның ҚР-дағы елшісі, доктор Монтасер Абу Зейд.

– Теңіз кен орнында болған оқиға кең пейіл, қонақжай қазақ халқының көңіліне көлеңке түсірмейді деген ойдамыз. Иордания мен Қазақстан арасындағы әріптестік жоғары деңгейде. Біз жұмысшыларымыздың көп кешікпей жұмыс орындарына оралатындарына сенім білдіреміз. Қазақстан Үкіметі бұл мәселеде бізге қолдау көрсетіп отыр, – деді Иорданияның ҚР-дағы елшісі Юсуф Абдулгани.

WhatsApp Image 2019 07 01 at 16.34.32 1
WhatsApp Image 2019 07 01 at 16.34.33

– Біз бұл жерге әлеуметтік желілерде жазылып жатқандай азаматтарымыздың Қазақстаннан кетуін сұрап келген жоқпыз. Ливан мен Қазақстанның достығы берік, біз кез келген мәселені ашық шеше аламыз. Бұған әкіммен кездесуіміз де мысал бола алады. Осы тақырыпты бірге талқылай алғанымыз үшін әкімге және әкімдіктің ресми өкілдеріне ризашылығымызды білдіреміз,-деді Ливанның ҚР-дағы елшісі Жискар Әл-Хури.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз