Атырау облысының әкімі әлеуметтік желіде жауап бермейтін басшыларға шүйлікті

Жаңалықтар

Atr.kz/5 наурыз, 2020 жыл. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов мемлекеттік орган өкілдеріне әлеуметтік желімен жұмысты жандандыруды тапсырды.

Бұл туралы өңір басшысы өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды. Әкімнің айтуынша, Telegram-дағы «Атырау облысының әкімдігі» чат-каналында 16 мыңдай адам бар. Барлық жеті ауданнан ашылған чат жұмыс істеп тұр. Солардың әрқайсысында шамамен 2-3 мыңдай адам белсенділік танытып отырады. Күнделікті келіп түсетін сұрақтардың толығына жуығы азаматтардың тұрмыстық түйткілдеріне қатысты екен. Атап айтқанда, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау, жер мен үй кезегі және білім беру, құқықтыұ тәртіп және басқа да мәселелер бар.

«Қазіргі таңда менің Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде жеке парақшам бар. Telegram-ды да бір уақыт өзім жеке қарап, бақылап отырамын. Әлеуметтік желі өте маңызды. Сондықтан басқарма басшылары тұрғындардың әрбір сұрағына жедел жауап берулері керек. Әлеуметтік желіге әр басқармадан бір-бір жауапты адам қойған дұрыс. Facebook-те жеке парақшасы жоқ басқарма басшылары мен аудан әкімдері жедел ашқаны абзал. Халықпен тікелей байланыс орнату өте маңызды. Жалпы, әлеуметтік желідегі жұмыстарды жандандыру қажет. Бұл орайда, облыс әкімінің баспасөз хатшысымен және өңірлік коммуникациялар қызметімен (ӨКҚ) тығыз байланыста жұмыс істеуді тапсырамын» деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, аймақ басшысы әлеуметтік желілерде тұрғындардың сауалдарына дер кезінде жауап беретін бірқатар басқарма басшылары барын да атап өтті. Олардың қатарында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау және білім беру басқармалары бар. Ал, керісінше, полиция департаменті кейбір сұрақтарға апталап жауап бермейтінін айтты.

«Мәселен, тұрғындар құқықбұзушылыққа, жол ережесін бұзуға және рұқсат етілмеген жерге көлік қоюға қатысты видео және суреттер жіберіп отыр. Алайда оларды тиісті департамент дер кезінде анықтай алмай жатады» дейді аймақ басшысы.

Желідегі сауалдарға айлап жауап бермейтіндер қатарында «РЦКУ-Атырау» ЖШС (газға қатысты), «КТЖ» АҚ Атырау филиалы, «Қазпошта» АҚ бар екен.

Амандық АБДОЛ

http://atr.kz/bez-rubriki/%d2%9bymbatshyly%d2%9btan-%d2%9b%d2%b1tylar-k%d2%afn-bar-ma/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз