«Атырау» мен «Тобыл» кездесті

futbol 9 Жаңалықтар

Atr.kz/5 тамыз, 2019 жыл. Футболдан Қазақстан Премьер-лига командалары кезекті турдың ойындарын өткізді. Жексенбіде «Мұнайшы» стадионында жергілікті «Атырау» футболшылары Қостанайдың «Тобылын» қабылдады. 

    Ойынды тамашалауға келген 4,5 мыңдай  жанкүйер мен команда фанаттары жерлестерінен жеңіс күткен еді.  Бұған дейінгі төрт ойында жеңіске жетпеген қостанайлық бапкер Владимир Газзаев отставкаға кеткеннен кейін команданың тізгінін ұстап, бас бапкер міндетін уақытша атқаруға кіріскен ұлттық құраманың және «Тобылдың» бұрынғы ойыншы Нұрбол Жұмасқалиев үшін де жауапты кездесу болатын. 

Қос команда ойыншылары да бірде оң, бірде сол қапталдан шабуылдар ұйымдастырып, қақпадан саңылау іздей бастады. Кездесудің 38 минутында осындай ұрымтал сәттердің бірінде қостанайлықтар бұрыштама добын беру мүмкіндігіне ие болды. Әбілғазы Сұлтанның әуелете берген добын қақпа маңында тұрған шабуылшы Сенин Себаи баспен соғып, қонақтарды алға шығарды. 

    Кездесудің екінші таймында атыраулық қорғаушы айып алаңында ойын ережесін бұзып, бас төреші Тимур Құмашев алаң иелері қақпасына 11 метрлік айып добын белгіледі. Бірақ, қақпашы Антун Маркович  «Тобыл» командасының капитаны Бауыржан Турысбектің соққан добын да, қайыра тепкен Себаидың соққысын да қайтарып, шеберлік танытты.

Кездесу 1:0 есебімен қостанайлық футболшылардың пайдасына шешілді. Сөйтіп, 21 кездесуден кейін 42 ұпай жиналған «Тобыл» турнир кестесінің көш басына шықты. Ал, «Атырау» 18 ұпаймен 10-шы орынға сырғыды. Атыраулықтар келесі кездеуін 10 тамыз күні өз алаңында Қызылорданың «Қайсарымен» өткізеді.

Бақытжан ЖҰМАТ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз