Атырау әуежайында штурман-ұшқыш Хиуаз Доспанованың ескерткіші ашылды

eac8780 1 e1568637332950 Жаңалықтар

 Атырау халықаралық әуежайына Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың ескерткіші орнатылды. Дүйсенбі күні салтанатты жағдайда ашылған атаулы рәсімге Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бастап, ұлтымыздың зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты.

Хиуаз Доспанова Құрманғазы ауданының тумасы. Жұмысшы отбасынан шыққан қыз бала күнінен ұшқыш болуды армандайды.  Соғыс басталған жылдары Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына қабылданбай қалса да, медицина институтынан алған білімімен тылда еңбек етіп, кейін ұшқыштар дайындайтын училищеге түседі. Өрімдей жас қыздың қайсарлығына тәнті болған атақты ұшқыш әйел Марина Раскова сол кезде-ақ оған зор үміт артқан. Есімдері кең тараған ұшқыш әйелдер Гризобудова, Осипенко, Расковаларға еліктеген Хиуаз Доспанова үмітті ақтайды.

Жаумен аспандағы шайқаста 300 рет әуеге көтерілген Хиуаз ұшақтан 14 рет құлапты. Төрт мәрте ауыр жарақат алып, есін жиысымен ұрыс даласына қайта оралып отырған. Жаумен шайқаста қазақтың қаршадай қызы Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық түнгі бомбалаушы – ұшқыштар полкінде штурман қызметін абыроймен атқарды.

            Том-том кітаптар мен сериялық фильмдерге арқау болатын аңыз қыз – Хиуаз Доспанованың ескерткішін ашу салтанатына арнайы қатысқан Атырау облысының басшысы Нұрлан Ноғаев айрықша датаның тарихта мәңгі қалатынын атап өтті.

            «Ел басына күн туған сәтте сонау Тұмар ханшадан бастап, Әлия, Мәншүк, Хиуаз апаларымыз ерлермен бірге атқа қонды. Және олар қан майданда жүріп Отанды сүюдің ерекше үлгісін көрсетті. Еліне ескерткіш болып «оралған» Хиуаз Доспанованың есімі мәңгі жасай береді» деді облыс басшысы Нұрлан Ноғаев. 

Осылайша, қазақтан шыққан тұңғыш штурман-ұшқыш Хиуаз Доспанованың ескерткішін салтанатты жағдайда ашу құрметі жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов, батыр қыздың інісі Ертарғын Доспанов және бастамашыл топ жетекшісі Тұрсын Қалимоваға бұйырды.

Салтанатты шара барысында бір топ азаматқа Хиуаз Доспанова атындағы медаль тапсырылды. Олардың арасында ескерткіш композициясының авторы Бақытбек Мұхамеджанов, «Парасат» орденінің иегері Ханбибі Есенқарақызы, жазушы Сара Латиева, «Қазақстан» ұлттық арнасының продюсері Жаңылхан Асылбекова, бастамашыл топтың белсенді мүшесі Әлия Бекқожиева бар.

Ескерткіштің биіктігі тұғырымен есептегенде 5,5 метр болады.  Айрықша туындының авторы Бақытбек Мұхамеджанов ескерткішті жасап шығаруға бір жылдан астам уақыт кеткенін айтады. Қола мен граниттен құйылған өнер туындысы осылайша Атыраудың халықаралық әуежайына айрықша сән беріп тұр.

Бақытбек МҰХАМЕДЖАНОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, мүсінші:
Композицияны жасамас бұрын Хиуаз Доспанованың өмір жолымен таныстым. Ескерткіште батырдың жас кезіндегі сәтін бейнеледік. Яғни, мақсат – жастарға рух беретіндей дүние жасау болды. Ескерткіш композициясында Халық қаһарманы, ұшқыш қыз Хиуаз Доспанованың ұшақтан түсіп келе жатқан сәті бейнеленген.

eac8883 e1568636804105

Қатимолла РИЗУАНОВ, Атырау облыстық ардагерлер  кеңесінің төрағасы:
Сұрапыл соғыс жылдарынан кейін қарапайым ғана тіршілік кешкен Хиуаз Доспанова өзінің бекзат болмысымен ұрпаққа үлгі бола білген тұлға. Сонау қырық бірдің қырғынында Хиуаз апамыз қатарлас жауынгерлердің алды болған. Мәселен, сол кездегі генерал Гречконы Сталинге тікұшақпен апарып-алып келу міндеті  Хиуаз Доспановаға жүктелген екен. Осы жайттың өзі оның даралығын айқындап тұр.

eac9071

Ертарғын ДОСПАНОВ, Хиуаз Доспанованың інісі:
Қайсар мінезді қазақ қызы Хиуаз апа сонау сұрапыл соғыс жылдарында жау үстінен 300 мәрте ұшып шыққан екен. Сырт көзге қаталдау көрінгенімен, оның жүзінен шын мәнінде мейірім төгіліп тұратын.
Бұл күн – тарихта алтын әріптермен сақталатын ерекше дата. Себебі, менің әпкем Хиуаз Доспанованың құрметіне бой көтерген бұл ескерткішті ел шетіне жау тигенде қасқайып қарсы тұрған батыр қыздарымыздың барлығына жасалған тағзым деп қабылдаймын.

Тұрсын ҚАЛИМОВА, журналист, Атырау халықаралық әуежайына Хиуаз Доспанова есімін беру туралы бастама иегері және бастамашыл топтың жетекшісі:
2012 жылы Атырау халықаралық  әуежайына Хиуаз Доспанова есімін беру туралы ұсыныстың алғышарты ретіңде ұшқыш, «Құрмет» орденінің иегері  Тоты Әміровамен сұхбат ұйымдастырдым.  Алайда, бұл кезде қолданыстағы заңға өзгерістер енгізілуіне байланысты, нысандарға адам атын беруге мораторий жарияланды.
            Әлемнің өзге мемлекеттерінде, мәселен Парижде Шарль де Голль, Белградта Никола Тесла, Тегеранда Имам Хомейни, Мәскеуде Домодедова  атындағы халықаралық әуежайлар  бар. Жуырда Ресей мемлекетінің Президенті В. Путин  елдегі 40  әуежайдың атын өзгертіп, елдің атын шығарған қоғам қайраткерлері мен шығармашылық тұлғалардың атын беру туралы Жарлық  шығарды.  Осы тұрғыдан алғанда,  біз Атырау халықаралық әуежайына Ұлы Отан соғысы кезінде қатты жараланғанына қарамастан, жауынгар сапына қайта тұрып, өшпес ерлік көрсеткен, соғыстан кейінгі бейбіт өмірде халық шаруашылығын қалпына келтіру ісіне белсене араласқан Хиуаз Доспанованың есімін беру лайықты деген ортақ пікірге келіп отырмыз.
            Рас, 2012 жылы бір топ атыраулық журналистің ұсынысымен «ЭйрАстана» әуекомпаниясы тұңғыш жекеменшік ұшағының алғашқысына, яғни «Эмбраэр» ұшағына Хиуаз Доспанова есімін берді. Ендігі жерде Атырау халықаралық әуежайына ұшқыш қыздың атын беру және Хиуаз Доспанова туралы деректерді мектеп бағдарламасына енгізу мәселесімен айналысудамыз.

       

eac9181
eac8765
eac8849
eac9058
eac8833
eac9282 1

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз