Атыраудан түлеп ұшқан

Атыраудан т леп ш ан Жаңалықтар

Халқымызда азаматтықтың ақ жолынан аттамай, әділдікке қорған болып қара қылды қақ жаратын азаматтар баршылық. Ұстаған жерін бүріп түсетін, бүрген жерін жұлып түсетін осындай елдің ұлдарының еңбегінің арқасында уығымыз берік, керегеміз кең. Күнделікті қызметімен мемлекетіміздің маңдайалды әлем елдері қатарына қосылуы үшін қомақты үлесін қосып жүрген мұнай құбыршылардың бірі – «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалының директоры Жеңісбек Қожасұлы Лұқпанов. Бүгінде Жеңісбек Лұқпанов ердің жасы елуге келіп, ел үшін еткен еңбегінен есеп беру сатысына шығып отыр.

Атыраудан т__леп __ш__ан

Жеңісбек Қожасұлы Лұқпанов 1967 жылы 7 мамырда Атырау облысы, Сарықамыс кентінде туған.  Қазақта: «Мәуелі бәйтерек тұқымын құнарлы топыраққа шашады» деген сөз бар. Түбін тартсаң батырлардың тұқымы, тегін түгендесең игі жақсылардың жұрнағы. Әке мен ананың тәлімін алып түлеп, тұғырын шыңға салуға ниеттенген ол білім жолына бел байлайды. 1982 жылы Гурьев политехникалық техникумына түсіп, өнеркәсіптік кәсіпорындарды электрмен жабдықтау мамандығын алып шығады. Ал, 1989 жылы Қазақ ұлттық техникалық университетінде білімін шыңдап,  инженер-электрик мамандығының қыр-сырын меңгереді. Мұнай құбыры жүйесіндегі көп жылдық тәжірибесі мен ғылымға деген құштарлығының жемісі болар, техника ғылымдарының кандидаты атанады. Жалпы, Жеңісбек Қожасұлы – отандық мұнай тасымалдау жүйесіндегі еңбегін қарапайым жұмысшы болып бастаған жан. 1986 жылы мамыр айында «Қаражанбас» желілік-өндірістік диспетчерлік стансасында электр құрал-жабдықтарын жинақтау және қызмет көрсету бойынша электрмонтер болып еңбек еткен.  1996 жылғы тамыздан бастап 1998 жылғы желтоқсан айы аралығында  электрхимиялық қорғаныс қызметінің бастығы болды, одан кейін «ҚазТрансОйл» Ұлттық мұнай тасымалдау компаниясы» ЖАҚ Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының ЭХҚБ қызметі бастығы болып жұмыс істеді. 1998 жылғы желтоқсаннан 1999 жылғы тамыз айы аралығында Батыс филиалы басқару аппаратының бас энергетик бөлімінің электрхимиялық қорғаныс жөніндегі инженері болып еңбектеніп, одан кейін сол филиалдың Орал мұнай құбыры басқармасында бас энергетик қызметінде жалғастырды. 2000 жылғы сәуір айында «ҚазТрансОйл» АҚ орталық аппаратына бас энергетик қызметіне ауыстырылды. Мұнай тасымалы саласы мен үкімет деңгейіндегі қызметте елдің игілігі үшін бел буған талай марғасқа ағалардың тәлім-тәрбиесін алып, тәрбиесіне бөленді, ақылына кенелді. Мұның барлығы өзінің ғұмыр жолына шырақ болғаны айқын.

Жеңісбек Қожасұлының бір қасиеті қолға алған ісін соңына дейін жеткізіп қана қоймайды, сонымен қатар, оның жемісін көріп, әрі қарай дамытуға білек түрінеді. Мәселен, 2002 жылы бас менеджер болып еңбек еткен кезеңде табандылығының арқасында «Қаламқас» МАС-тың магистральды сорғыларына жиілікті-реттелмелі электр механизмін енгізу бойынша жұмыстар жүзеге асырылғанын атап өткен жөн. Әріптестері техникалық шешімдерді дайындауға жетекшілік етіп, күрделі іске уақыт оздырмай кірісіп кеткенін айтады. Алғашында көпшілік жаңа жобаның сәтті боларына сенімсіздік танытқан екен. Дегенмен, жиілікті-реттелмелі электр механизмін  енгізген уақытта қол жеткізілген экономикалық тиімділікке барлығы тәнті болған. Себебі, электр энергиясын үнемдеу 30-50 пайызға жеткен. Қазіргі күні аталмыш механизмді ресейлік мүйізі қарағайдай компаниялар өз тәжірибесіне енгізуде.  Бұл Жеңісбек Қожасұлының тәуекелшілдігі мен табандылығының арқасында орын алған соны жаңалық болғаны ақиқат.

Компанияның Батыс филиалында біраз жыл басшылық қызмет атқарған Ж.Лұқпанов 2007 жылғы маусым айынан бастап «ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалының директоры қызметіне тағайындалды. Әкімшілік орталығы Павлодар қаласында орналасқан филиалда да жаңарту жұмыстары шаш-етектен еді. Келген күннен қатаң тәртіпке көңіл бөлген ол көптеген істің тігісін жатқызды. Өндіріске өң кірді. Жезқазған мұнай құбырлары басқармасына қарасты тәуелсіздік жылдары қадасы қағылып, жаңадан салынған «Құмкөл» бас мұнай айдау стансасының құрылысына оның сіңірген еңбегі зор. Қарға миын қайнатар аптап ыстықта, құм даланың ортасында жасыл желекке бөленген стансаның құрылысын сәтті жүргізгені ерлікке парапар. Бұл станса қазіргі күні мұнай құбыршылардың арасында «Тәуелсіздіктің төл қарлығашы» деген атауға ие. Ал, оны өмірге келтіру жолында қаншама тер мен қажыр-қайрат жұмсалды десеңші!

Жеңісбек Қожасұлы басшылық қызметте болса да әке-ананың тәлімімен қанына сіңген қарапайымдылық қасиетінен тайған емес. Ат жалын тартып мінген шақтан қара жұмысқа араласқаны болар, қатардағы мұнай құбыршылардың күн сайынғы қауырт та қажырлы еңбегін жақсы түсінеді. Мәселен, Шығыс филиалға қарасты Борсеңгір, Құмкөл, Байқадам Жұмағалиев атындағы стансаларда адамдар вахталық әдіспен еңбек етеді. Айналасында тым құрығанда қылтиған ағашы жоқ, күннің көзі тиген жерін қуырып, құйқаны қайыс қылып жіберетін аптапта жұмыс істеу үшін де асқан төзімділік қажет-ақ. Аталмыш стансалардың еңбек ұжымдарымен кездесулерде ұялы байланыс мәселесі күн тәртібіне қойылады. Мұнай құбыршылардың өмір жайлылығы және туған-туыстарымен хабардар болуын, кез келген жағдайда ақпарат алмасу кеңістігін құруды көздеген Жеңісбек Лұқпанов аталмыш құрылымдық бөлімшелерді ұялы байланыс жүйесімен қамтамасыз ету жолдарын қарастырып, көптің тілегінен туындаған істі жүзеге асырды. Бүгінгі күні самал тұрса бетіңе ыстық жел ұратын құм даланың кез келген төңірегінен байланысқа шығу мүмкіндігі бар. Бұл тұрғыда жезқазғандық мұнай құбыршылар игілікті іс үшін Жеңісбек Лұқпановқа деген ақжарма тілекте.

Шығыс филиалын басқарған жылдары ол компанияның мүддесін қорғай отырып, халықтың да жағдайын екінші кезекке ысырған емес. Әсіресе, Шымкент мұнай құбыры басқармасында заңсыз құрылыстар мәселесі бойынша екі жаққа да тиімді шешім шығаруға белсене араласты. Яғни, мемлекеттік стандарт шамалары бойынша магистральды мұнай құбырларының екі жағында белгілі бір аралықта үй-жайлар салынбауы шарт. Бұл тұрғындардың өз қауіпсіздігі үшін қажет. Алайда, түрлі кезеңдік жағдайларды пайдаланып, жоғары қысыммен мұнай айдалатын «Павлодар-Шымкент»  құбырының қасында тұрғын үйлер бой көтергені республикалық деңгейдегі өзекті мәселеге айналғаны қашан?! Әрине, бала-шағасымен паналап отырған үйлерді соттың шешіміне сүйеніп бұзып, шиеттей балаларды шырылдату адамдыққа жатпайды. Екінші жағынан, бұл қауіпсіздік үшін қажет. Өгіз жүрсе,  арба сынатын жағдайдан шығудың жолын пысықтаған компания басшылығы магистральды құбырды мөлтекаудандарды айналдыра салу туралы шешімге келді. Талай рет түрлі деңгейдегі әкімдіктердің табалдырығын тоздырып, келелі істің халықтың көз жасына қалмай жүргізілуіне, жобалау жұмыстарына бас-көз болды. Күрделі мәселенің күрмеуін шешуге белсене араласып қана қоймай, құжаттамалық шаруаларды сауатты жүргізуінің нәтижесінде жүзден астам шаңырақтың тағдыры оң шешімін тапты. Бұл-дағы бойындағы қайраткерлік деген бағаға тән. Мұнай тасымалы саласында отыз жылдан астам еңбек етіп келе жатқан оның қатысуымен және тікелей басшылық жасауымен көптеген өндірістік жаңа нысандар салынды, магистральды мұнай құбырлары төселіп, жаңа мұнай тасымалдау бағыттары ашылды, соны технологиялық жаңашылдықтар енгізілді, еңбек өнімділігі артты. Алайда, ол өмірін тек қана отандық құбыр көлігі саласымен емес, сол секілді қоғамдық жұмыстармен де сабақтастыруда.

Шығыс филиалына басшылық жасаған сегіз жылдың ішінде құрылымдық бөлімшелер орналасқан барлық аймақтарда әлеуметтік нысандардың құрылысына белсене араласып, халықтың алғысына бөленді. Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, Шығыс филиалының Павлодар, Қарағанды, Жезқазған, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында мұнай құбырлары басқармалары мен стансалары орын тепкен. Мәселен, Қарағанды облысы, Жаңаарқа кенті, Оңтүстік Қазақстан облысы Шолаққорған ауылында балабақша құрылысында қолтаңбасы қалды. Тікелей қатысуымен Алматы облысы, Үшарал қаласында мұнай құбыршыларына арналған тұрғын үй мен көп бейінді спорт алаңы салынды, Павлодарда «Баянтау» спорт кешенінің құрылысына көмек қолын созды. Перзентханаға тапсырыс бойынша арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған жедел жәрдем көлігін сыйлады, Чайковский атындағы музыкалық колледжге «ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалының бұрынғы әкімшілік ғимараты қайтарымсыз  сыйға тартылды,  бес көп бейінді спорт алаңы салынды, сал ауруына шалдыққан «Самал» бейімдеу орталығын қамқорлыққа алды, «Замандас» ардагерлер клубының мүшелеріне қолғабыс көрсетті. Халықтың қалауымен 2012 жылы Павлодар облыстық мәслихатына депутат болып сайланды, «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесі мүшесі, Павлодар облыстық филиалының саяси кеңес мүшесі болды. Бұл жоғары міндеттердің барлығын бірдей алып жүру күрделі іс екені даусыз. Депутат ретінде ол өзі сайланған мөлтекаудандағы саябақта  балаларға арналған спорттық-ойын алаңын салып, қаланың балансына берді. Қазіргі күні аталмыш ойын алаңы орналасқан саябақта басқа да ойын құралдары орнатылуымен демалыс орны пайда болды, бүлдіршіндердің күлкісі көбейді. Бұл – Жеңісбек Қожасұлының Павлодар өңірі үшін қалдырған игі ісі деп бағалайды жұрт.

Ел азаматымен ардақты. Мәдениетін де, ділін де көркейту соның қолында. Оның тіл жанашыры екенін біреу білсе, біреу білмес. Бұрнағы жылға дейін «ҚазТрансОйл» компаниясында ұйымдастырылатын «Қазақ тілі – менің тілім» байқауында Шығыс филиалының командасы бірнеше жыл қатарынан бірінші орыннан көрінді. Бұл жетістікке жету жолында ол филиал директоры ретінде команданың дайындығы мен өнер көрсетуіне барлық жағдайды жасады. Ал, спортсүйерлігі – жеке әңгіме. Шығыс филиалына басшылық жасаған жылдары тек қана компания ішіндегі емес, кез келген турнирде бірінші орын үшін лайықты ойын көрсететін шағын футбол және волейбол командасын жасақтады, құрылымдық бөлімшелер арасында түрлі турнирлер өткізіп, салауатты өмір салтын насихаттады. Сол секілді Павлодар облыстық жекпе-жек спорт түрлерінің федерациясына төрағалық етіп, аз уақыттың ішінде балғындардың жаттығу жасайтын ғимаратын жөндеуден өткізуге мұрындық болды. Күрес түрлерінің дамуына көмек қолын созды.

2015 жылы Жеңісбек Қожасұлы әкімшілік басқару орталығы Атырау қаласында орналасқан «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалына директор болып тағайындалды. Аталмыш филиал еліміздегі мұнай тасымалының келелі стратегиялық міндеттерін жүзеге асыратын кәсіпорын екенін атап өткен жөн болар. Ішкі және сыртқы нарықты мұнай шикізатымен қамтамасыз ететін филиалға білікті басшының баруы келелі мақсаттарды орындауға жол ашқаны даусыз. Соның бірі – былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен тікелей желіде «663» МАС-тың қайта жабдықталып, кеңейтіліп ашылу салтанаты. Ал, Жеңісбек Қожасұлының Президент алдында баяндама жасауы оған деген зор сенімнің белгісі деп білеміз. Компанияның Батыс филиалында оның басшылығы және бастамасымен әлі де талай игі істер жүзеге асырылатыны сөзсіз.

Қорыта айтқанда, Жеңісбек Қожасұлы Лұқпанов – үзеңгі тартып атқа қонғалы өзіне білдірілген сенімді жоғары дәрежеде ақтап жүрген азаматтар санатында. Таңнан тұрып елдің ісіне араласып, межелі шаруаларды шашау шығармай тындыруы – оның кәсіби шеберлігі мен білікті басшы екендігінің айғағы. Халқымыз жұртының жыртығына жамалып, елдің бүтіндігі үшін ерге тән ерлігін аямайтын, жел жағына пана болып айтқан сөзінен кері қайтпайтын азаматтарды даралап, жігіттің жампозы дейді. Жеңісбек Қожасұлы осы бағалауға әбден лайық тұлға деп білеміз. Алар асулары аласармасын деген тілектеміз.

Бейбіт БӨЖЕН,

Павлодар қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз