Атырауда жыл соңына дейін 2007 пәтер пайдалануға беріледі

Құрылыста қарқын бар Жаңалықтар

Облыс әкімі Н.Ноғаевтың баяндамасында айтылғанындай, биылғы жеті айдың қорытындысымен облыста құрылыс жұмыстарының көлемі 295,3 млрд. теңгеге  жетті.

Құрылыста қарқын бар

Бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында мемлекет қаражаты және демеушілер қаржысы есебінен 37 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мұндағы пәтерлердің жалпы ауданы 135,7 мың шаршы метрді құрайды. Биыл құрылыс саласына бөлінген қаражат 448 млрд. теңге десек, жыл соңына дейін 2007 пәтердің пайдалануға берілуі күтілуде.

Ілгергі жылдармен салыстырғанда жергілікті құрылыс материалдарын көбірек қолдануға бетбұрыс жасалды. Қазір өзімізде битум зауыты бар, осы бағытта өзге де өндіріс ошақтары қатарға қосылуда. Бұл, сайып келгенде, құрылыстың өзіндік құнын кемітеді. Өйткені, алыстан қымбат материал тасығанша, іргедегі арзан нәрсені пайдалану көп жеңілдік туғызады. Оны өндіруге жергілікті мамандарды тарту аймақта жұмыссыздық мәселесін оңтайландыруға да септігін тигізеді.

«Нұрлы жер» бағдарламасының басты талаптарының бірі – құрылыс жүргізілетін алаңдардың барлық инфрақұрылыммен сенімді қамтамасыз етілуі. Яғни, электр энергиясы мен табиғи газ, байланыс желілері тартылуы тиіс, жол салынуы керек. Облыстық әкімдік осы орайда да біраз шараны жоспарлап отыр. Ендігі тілек – солардың жүйелі жүзеге асуы. Демек, тендерде жеңімпаз атанып, іске кірісу құқына ие болған мердігер мекемелерге үлкен жауапкершілік жүктелмек.

Мерген СӘРСЕНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз