Атырауда жетімдердің жебеушісі тұрады

Жетімдердің жебеушісі Жаңалықтар

Кішкентай күнімізде нағашы атам Сағындықтың аузынан «жетім көрсеңдер, жебей жүріңдер» дейтінін жиі еститінмін. Әке-шешеден бала күнінде айырылған өзі де соңынан ерген үш бауырына пана болып, жетімдіктің азабын тартып өскен екен. Соғыс кезінде тылда еңбек етіп, бауырларына бас-көз болған атам жайлы ауылдастары әлі күнге айтып жүреді.

Жетімдердің жебеушісі

Бұл – Қызылқоға топырағында өскен төрт жетімнің тағдыры. Мұны текке қозғағаным жоқ. Сол кездегі адамдардың азаматтығы бүгінгі әке-шешесі өмірден өтсе немесе қыз бала тұрмыс құрмай ұятты болса, баласын бірден жетімдер үйіне қарай жетектей жөнелетін тасбүйректермен салыстыруға келмес еді. Өйткені, ол  бала болса да бауырларын жетімсіретпеді. «Асырайды ғой» деп үкіметке де иек артпады. Талай қиындыққа төзе жүріп, әке ошағының отын сөндірмеді. Әрине, бүгінде мұндай адамдар арамызда жоқ дей алмаймыз. Бар, бірақ, тым аз. Сондай жандардың бірі ретінде Индер ауданындағы Хасановтар жанұясын айтар едім. Бір отбасының төрт баласынан бөлек, тағы екі баланы асырап алып, бірі ана, бірі әке болып отырған Асылбек пен Қалының ісі көпшілікке үлгі. Балаларына қазақы тәрбие беріп, үлкенінен немере-жиен көріп отырған олардың тірлігі сүйсінтеді. Азамат, Айжан, Альфия, Азат, Ерасыл, Фатима есімді балаларға жанашыр ана бола білген Қалы бізбен әңгімесінде ағынан ақтарылды.

– Біз Асылбек екеуіміз «жетімдер жыламаса екен» дейміз. Үлкен төртеуі – бір отбасының балалары. Олар біздің жанұяға 2004 жылы келді. Бұрын Айнамкөз есімді қызымыз бар отағасы екеуіміз, бірден бес баланың ата-анасы атандық. Бір күні «Астана» телеканалындағы «Біз біргеміз!» бағдарламасынан атыраулық қазақтың баласы туралы айтып жатқанын көзім шалып қалды. Қамқоршысы жоқ әлгі балаға назарым ауып, бауырыма басып, аналық мейірімімді төккім келді. Сол уақытта маған жұбайым қолдау білдірді. Кейін С.Қазыбаев атындағы балалар үйіне Ерасылды алатынымызды айттық. Себебі, қазақтың қарадомалақ баласының жетімдіктің ащы дәмін татқанын қаламадым. Ал, Фатимамды «Жан жылуы» бағдарламасынан көріп, бауырымызға бастық. Ол кезде үш жарым жаста ғана болатын. Екеуі де осы балалар үйінің тәрбиеленушілері, – дейді ол.

2004 жылы Хасановтар отбасына келгенде Азамат – сегізінші, Айжан – төртінші, Альфия – екінші, Азат бірінші сыныпта оқитын еді. Қалы сүйкімді бүлдіршіндерге аналық махаббатын төкті. Отағасы Азамат пен Азатты ауладағы мал мен тауыққа және бақшаға қарауға баулыды. Сөйтіп, оларды жанынан тастамады. Ал, қыздар анасына қолғабыс етіп, іс тігуді үйренді. Тату-тәтті отбасындағы ынтымақтастық Айжаны мен Альфиясы тұрмысқа шығып, Азаматы отау құрып, немере-жиен сүйген бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. «Балаларым – менің бақытым. Біз осылармен мақтанамыз. Қандай бала болмасын, ол жаман болмайды. Оң-солын әлі танымаған бала тек үлкендердің тәрбиесімен, қамқорлығымен есейеді. Отбасында дауыс көтеру, орынсыз жек көру, ұрсу деген болған емес. Балаларымның бірі де «сіздікі дұрыс емес» деп қарсы шығып көрмеді» дейді жүзінен мейірім мен жылылық төгілген ана.

Иә, өмірдің өзін аналардың мейірімі мен адамдардың жақсылығы ғана ұстап тұрады емес пе?! Тағдыр тауқыметін тартып, бір кездері қос қамқоршылары әкесі мен анасынан қол үзіп қалған балалар да Асылбек пен Қалыны туған ата-анасындай жақсы көреді. Бұл үйге бірінші келген төрт баланың әкесі – Батыс Қазақстан облысының тумасы. Бүгінде өмірден өткенімен, балалар басқа ағайындарымен араласып тұрады. Себебі, ата-аналары оларға «Тағдыр ғой, адам алдында не тұрғанын білмейді, өз шыққан тектеріңді ұмытпаңдар» деп айтып келеді. Анасының тәрбиесі мен ісін үйренген Айжан тұрмысқа шығып, өмірге үш бала әкеліп, ана атанды. «Анашымнан көрген барлық жақсылықтар үшін алғыс айтамын. Себебі, олар бізді қиын шақтан алып шықты» дейді  ол.

Ал, балаларды еңбекке, адамгершілік пен имандылыққа тәрбиелеп отырған отағасы Асылбек Хасанов «Жетім балалардың жанын азапқа салмай, оларды қазақтың әр отбасы бауырына басып, бағып өсірсе екен» деген тілегін жеткізді. Айтса, айтқандай, ол өткен өміріне еш өкінбейді. Оның немерелеріне мейірлене қараған жүзінен  қуаныштың ұшқынын көресің…

Өмірде қуаныш пен қайғының қатар жүруін жазылмаған заңды құбылыс дерсің. Десек те, адамды адам ететін жалғыз қасиет – мейірім. Мәселен, соңғы апталарда Мьянмадағы адамдар мен балаларға жасалған аяусыздық та жер бетінде ізгіліктің жетіспегенінен орын алуда. Ұлтына, дініне қарамастан әр бала бақытты болуға лайықты. Ендеше, бақыттың нұрын себетін келесі адам өзіңіз болуға, отбасыңызды өнегеге толтыруға асығыңыз! 

Мәлике МӘЛІК.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз