Атырауда жекпе-жектен республикалық турнир өтті

ЕАС 703 Жаңалықтар

Атырауда, міне, екінші апта қатарынан ұлттық спортымыз ұлықталып, республикалық турнирлер бірінен соң бірі өтуде. Жергілікті жанкүйерлер «Қансонар-2017» бүркітшілер жарысынан алған әсерлерін әлі баса қоймаған тұста еліміздің барлық өңірлерінен екі жүзге жуық жекпе-жек шеберлері Атырауда тағы да басын қосты. Ерлер мен әйелдер арасындағы ұлттық спорт түрі – жекпе-жектен өткен Қазақстан Респу-бликасының чемпионаты екі күнге созылды.

ЕАС 703

Жарыста ерлермен қатар 17 ару бақ сынасты. Ерлер он салмақта сынға түссе, қыздар арасында бес салмақ бойынша чемпиондар іріктелді. Соның ішінде он сегіз спортшы Атыраудың намысын қор-ғады.

Бұл спорт түрінен ел чемпионаты Атырауда алғаш рет өткізіліп отыр. Тартысты бәсекені тамашалаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жекпе-жек шеберлеріне сәттілік тіледі.

ЕАС 285

– Біздің ата-бабаларымыз ежелден осынау ұлан-байтақ жерімізді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалды. Келген команда мүшелеріне, спортшылар-ға сәттілік тілеймін. Мұндай дүбірлі додаларға шығу үшін ең бастысы, білектің күші емес, жүрек, жігер күші қажет-ақ. Сондықтан, сіздер, ең алдымен, өз-өздеріңізді жеңдіңіздер, – деді облыс басшысы чемпионаттың ашылу салтанатында.

Сондай-ақ, Кеңес одағына еңбегі сіңген спорт шебері, КСРО және Қазақстанның еңбек сіңген жаттықтырушысы, ережесіз жекпе-жектен тоғыз дүркін әлем чемпионы, дүниежүзілік жекпе-жек қауымдастығының президенті Сабыржан Махмет жарыстың мақсаты жігерлі де, намысшыл қайсар ұл-қыздарды тәрбиелеп шығару екендігін баса айтты.

ЕАС 205

Атырау облыстық жекпе-жек ұлттық спорт федерациясының президенті Мәдихан Бекбенбетовтің айтуынша, бұл жарыс әлем чемпионатына іріктеу турнирі болды. Яғни, жарыс жеңімпаздары ағымдағы жылдың шілде айында Астана қаласында «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналып ұйымдастырылатын әлемдік додада бақ сынайтын болады.

– Бүгінгі жарыста Атыраудың атынан жарысқа шыққан қыздарымыз жоқ. Өйткені, мұнайлы өлкеде облыстық жекпе-жек ұлттық спорт федерациясының ашылғанына бір жылдай ғана уақыт өтті. Сондықтан, аруларымыз бұл спорт түріне енді ғана қадам басып жатыр. Қазіргі таңда облыс орталығында екі және Құрман-ғазы, Жылыой, Индер аудандарында бөлімшелеріміз жұмыс жасайды. Жыл ішінде Атыраудан аталған спорт түрі бо-йынша екі әлем және бес Қазақстан чемпионы тәрбиеленіп шықты, – дейді облыстық федерация президенті.

ЕАС 201

Сондай-ақ, аймақтық федерация басшысы жекпе-жек ойдан құрастырылған спорт түрі емес екендігін, ол бабалар үрдісінің жалғасы, білектілер мен жүректілер сайысы екендігін айтып өтті.

– Қазақ қарусыз қалған жауға ешқашан найза немесе қылышпен шаппаған. Өмір мен өлім сынға түскенде де қазақ жауынгері қолындағы қаруын лақтырып, осындай жекпе-жек арқылы тағдырын шешкен, – дейді Мәдихан Бекбенбетов.

ЕАС 278

Жалпыкомандалық есепте алматылықтар жүлде саны бойынша І орын алды. Ал, ІІ орын Ақтөбе облысы командасына бұйырып, атыраулықтар ІІІ орынға ілікті. Сексен бес келі салмақ дәрежесінде жеңіске жеткен атыраулық Исатай Теміровті аймақ басшысы марапаттады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз