Атырауда жазғы демалыс лагері ашылды

«Жазғы мектепте» бәрі бар Білім

Оқу жылы аяқталысымен ата-аналарды балалардың бос уақытын тиімді өткізу мәселесі толғандырады. Қазір жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша қызмет көрсетудің алуан түрі бар. Десек те, оқу мен тәрбиені, шығармашылық ізденіс пен сауықтыруды өзара ұштастыру арқылы оқушының білім алуға деген қызығушылығын арттыратын заманауи орталықтар саусақпен санарлықтай. Осы орайда биыл «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының қолдауымен  Назарбаев Зияткерлік мектебінде ашылған жазғы демалыс лагерін ерекше атап айтуға болады.

«Жазғы мектепте» бәрі бар

– «Жазғы мектеп» жобасы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары үшін тегін қатысуға мүмкіндік беретін лагерь «EXPO» тақырыбына арналды», – дейді «Нұр Отан» партиясының саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Данагүл Жайлаубаева.

Аталған жоба оқушылардың пәндер бойынша қабілеттерін шыңдауға, ғылыми-зерттеу, тәжірибелік жұмыстармен белсенді түрде айналысуына  мүмкіндік береді. Мұнда әртүрлі экспедициялар мен экскурсиялық саяхаттар, мәдени-тарихи орындармен танысу, өндірістік мекемелердің жұмысы және түрлі сала қызметкерлерімен кездесулер өткізу көзделген.

Партияның облыстық филиалының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарованың хабарлағанындай, қатысушылардың жеке қабілеті мен таңдау талғамына сай оқыту курстары шағын топтарда жүреді. Әр топқа жауапты куратор болады. Сынып жетекшісі ретіндегі топтың кураторы баланың өмірі мен денсаулығына, оның басқа да қажеттіліктері мен сұранысын орындау мақсатында жұмыс жасайды.

Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Раушан Ідірісованың сөзіне сүйенсек, жобаға қатысушылар үшін барлық жағдай жасалған. Алдымен, екі апталық оқыту курстарында балалардың білімге деген ынтасы,  қызығушылығы анықталады.

– Біздегі мақсат – оқыту мен ойынды өзара біріктіру. Кіріктірілген білім беру бағдарламасының да негізгі мазмұны осында. Бала үнемі қимыл-қозғалыс арқылы жаңаны танып, өз ортасында ашылады. Бір қызығы, мамандар үш тілді, математика мен физика, химия мен биология, информатика мен робототехника, биотехнология мен нанотехнологияны өзара байланыстыру арқылы бір мезгілде оқытады. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде ынтымақтастық қағидаларына басымдық беріледі. Бізде қазақстандық және халықаралық мұғалімдермен бірге оқыту үдерісі жүйелі жолға қойылған, –  дейді ол.

Сондай-ақ, жазғы мектепте балалар тілдік дағдыларын, ақпараттық-коммуникативтік құзыреттілігін дамыта алады.

Мәлике МӘЛІК.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз