Атырауда зағип жандардың көмекшісіне берілетін жалақы әлі шешімін таппаған

IMG 9590 Жаңалықтар

Атырау қаласында әлеуметтік қамтуға байланысты екі проблема туындады. Алғашқысы, зағип жандар көмекшісіне берілетін жалақы әлі шешілмеуде. Түсініспестік жергілікті жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшыларының басын ауыртқанға ұқсайды. Олар Ережеге өзгерістер енгізу қажеттігі туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне бірнеше рет арнайы хат жолдаған. Министр Тамара Дүйсенованың Атырауға сапары кезінде де назарына ұсынған. Алайда, түйін тарқатылмай келеді екен.

IMG_9590

Екінші ыңғайсыз жағдай, атаулы күнге орай ауған жауынгерлеріне төленетін біржолғы төлемге қатысты. Мемлекет интернационалдық борышын өтегендерге қолдау көрсетуде. Оларға мүмкіндігінше қамқорлық жасалып жатыр. Дегенмен, ауған соғысының 9 жауынгері биылғы жыл басында берілген атаулы көмекті әлі күнге алмапты. Ардагерлер тиісті мекемеге келмейтін, хабарласпайтын болып шықты. Мекенжайлары да өзгеріп кеткен. «Енді жыл соңына дейін жәрдемақыларын алмаса, қаржысы берілмейді» дейді мамандар.

IMG_9617

Аймақтық коммуникациялар қызметіндегі брифингте қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Рая Оралова осындай түйіткілді тұстарды баяндады.

IMG_9615

Қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі халыққа 28 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Бөлім басшысының орынбасары Рая Оралованың айтуынша, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 253 отбасының 1137 алушысына, 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы 970 отбасының 3006 баласына тағайындалып, төленген. Мүгедектердің ем қабылдауына жағдай жасалып, оңалту орындарына, санаторийлерге жолдамалар берілуде.

Оңалту бағдарламасы негізінде мүгедек жандар техникалық-көмекші компенсаторлық, арнаулы жүріп-тұру, тифло-сурдотехникалық құралдардың 58 түрімен қамтамасыз етілді, – деді бөлім басшысының орынбасары Рая Қабиқызы.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз